Көпбалалы аналар қуанышқа кенелді

0
177

Рамазан айында еліміздің түкпір-түкпірінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созғандардың саны күнненкүнге өсіп келеді. Сондай игі іс Алматы облысының  Райымбек ауданында да жүзеге асты.

Райымбек ауданында 423 аз қамтылған және  829 көпбалалы отбасы бар. Солардың бірі Сарыжаз ауылындағы көпбалалы Исаевтар әулеті. Ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтер жалдап келген жанұяға алты бөлмелі баспананың кілтін сол ауылдың О.Атеев, Т.Төлемісов, Н.Чубанов, Б.Кейкеев, Е.Жүнісбеков, О.Әбдіразақов, ағайынды Ғалым, Нарын сынды кәсіпкер азаматтары демеушілік жасап, сыйға тартты. Исаевтар әулеті 7 баланы тәрбиелеп отыр. Үлкені 2002 жылғы,   Талғар қаласындағы  педагогикалық коллеждің білімгері болса, үйдің кенжесі 2016 жылы дүниеге келген.

Ақ кимешек киген әжелер үйлері құт-берекеге толы болсын деп шашу шашса, жасы үлкен ақсақалдар  бата беріп, аудан әкімі Жолан Омаров  жылы лебізін білдірді.

«Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде «көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға деген қолдауды күшейту керектігін» айтқан болатын. Осы тапсырма аясында, облыс әкімінің өзі жыл басында қайырымдылық марафонын бастап кетті. Енді сол қуаныш тойы біздің ауылғада келіп жетті. Осы үйді сатып беріп жатқан аудан кәсіпкерлеріне зор алғысымды білдіремін. Жаңа қоныс көпбалалы отбасыларға  құт болып, осы шаңырақтан еліміздің игілігіне қызмет ететін перзенттер өсіп-өнсін»- деді, аудан басшысы.

Сондай-ақ, демеушілер көпбалалы жанұяға үй жиhаздары мен балаларға ойыншықтарын сыйға тартты. Балалардың жүзіне қуаныш орнап мәз-мейрам болса, аналар көз жасына ерік берді.

«Көптен бергі тілегіміз орындалып, қайырымды жандардың арқасында ойымыздағыдай баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа кенеліп жатырмыз. Ел басқарған басшыларға, қайырымды азаматтарға айтар алғысым шексіз. Аналық ақ ниетіммен еліміздің бірлігі ыдырамай, кемел болашаққа жетуді тілеймін»,-деді Шолпан Құрманжанқызы.

Бұдан бөлек аудан орталығы Нарынқол ауылында 4 бірдей отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Көпбалалы отбасыларға демеушілік еткен кәсіпкерлерді атап өтсек, «ДСУ-13» АҚ директоры Владимир Михайлович жалғызбасты 6 баланың анасы  Күлембекова Айгүлге демеушілік білдірсе, ГУММ строй сервис ЖШС директоры Ертіс Несіпханұлы Жетібаевтар әулетіне, «FoodMS» ЖШС директоры Сейтжан Құсайынов жеті баланың анасы, жалғызбасты ана Бақытгүл Бағашарқызына, кәсіпкер Жанболат Қаратайұлы аз қамтылған отбасы, 6 баланың ата-анасы Махат Тыштыбаев пен Динара Мырзаханқызын қолдау білдіріп, шаттыққа кенелтті.

Сонымен қатар, Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров, мәслихат хатшысы Ерлан Құдабаев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев бастаған  кәсіпкерлер Шалкөде, Қақпақ, Жамбыл, Тегістік, Сүмбе ауылдық округтерін де  аралап, көмекке мұқтаж отбасыларға баспана кілтін табыс етті.

 Кең бөлмелі, бақшасында жеміс-жидегі егілген баспанаға қолы жеткен бүлдіршіндердің қуанышында шек болмады.

Аудан басшысы бұл игі іс ана мен балаға жасалған қамқорлықтың бір парасы ғана екенін, мұндай қолдаулар мен көмекке мұқтаж отбасыларға қамқорлық әлі де жалғаса беретінін айтты.

Еске салайық, жыл басынан Алматы облысының кәсіпкерлері көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 90-ға жуық баспана сыйлаған.

Автор: Балжан Қайратқызы, Алматы облысы