Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғам

САРБАЗДАР ӘСКЕРИ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

ҚР ҚК ӘҚК 78639 әскери бөлімінде еліміздің әр түкпірінен келген жас сарбаздар Отан алдында әскери ант қабылдады. Олар бір ай бойы жас сарбаздар курсынан өтіп, әскери қызметке бейімделу кезеңінен өтті. Осы аз уақытқа қарамастан сарбаздар қарумен саптық қозғалыстар және қоян-қолтық ұрыстың элементтерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Олар ары қарай 6 ай бойы кіші авиация және әуе шабуылына қарсы әскерлерінің мамандары болып дәріс алады да, қалған әскери қызметтерін Әуе Қорғанысы Күштерінің әскери бөлімдерінде жалғастырады.

Сарбаздарды осы ерекше салтанатты ант қабылдау күндерімен 78639 әскери бөлімінің командирі полковник С.Ескалиев құттықтап, Отан алдындағы борыштарын жоғарғы деңгейде атқарып, еліне, отбасына мақтанышпен оралуларына тілек білдірді. Сонымен қатар жас сарбаздардың ант қабылдау рәсіміне ҚР ҚК ӘҚК Бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық және дене дайындығы жөніндегі орынбасары – басқарма бастығы авиация генерал-майоры Т. Қойшығұлов әскери антқа қатысып, сарбаздарға деген өз лебізін білдірді.

Осы 2019 көктемгі шақырылымның бір ерекшелігі сарбаздардың көп ұлттылығында, осы кезеңге қазақ, орыс, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, ұйғыр, дұнған, тәжік, корей, башқұр, украин, поляк, марий ұлттарынан басқа нигерия ұлтынан да сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге келген. Олардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары, олардың Отаны – Қазақстан, ендеше олардың мақсаттары, міндеттері, борыштары біреу – Отанымызды қорғау. Қазіргі уақытта олар бір отбасында өмір сүріп жатыр. Осындай құрамдағы сарбаздарға қарап біздің жеріміздің, еліміздің, ұлтымыздың кеңдігін, дархандығын байқауға болады.

Қатардағы жауынгер М. Мкпо ұлты нигер бола тұрса да өзінің құттықтау сөзін қазақ тілінде жеткізіп, еліміздегі мемлекеттік тілдің маңыздылығын көрсетті. Сонымен қатар, әскери ант қабылдау рәсіміне келген ҚР ҚК ардагерлері, ата-аналар да құттықтау сөз алды.

Салтанатты ант қабылдау рәсімінен кейін сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары кең құшақпен қарсы алып, қауышты, олар әскери бөлімнің орналасуларымен, казармалармен, асханамен және демалатын орындарымен танысып, серуенге шықты.

 

М. КАНАПЬЯНОВА,

78639 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар және арнайы насихат жөніндегі аға офицері, майор

Басқа жаңалықтар

Back to top button