«DariКz» мобильді қосымшасының тиімділігі

0
145

Шілде айынан бастап дәрі-дәрмектер дәрігердің рецебінсіз сатылмайды. Яғни, құрамында психотроптық және есірткі қоспасы анықталған дәрілік заттар мүлдем берілмейді. Егер бұл талап орындалмаған жағдайда дәріхана қызметкерлері жауапкершілікке тартылады. Бұл жөнінде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері баспасөз мәслихатында айтты.

Жалпы, Қазақстанда 8 мыңға жуық дәрілік зат тіркелген. Заңнамаға сәйкес 6 мыңнан аса дәрі қатаң дәрігер рецепті бойынша ғана беріледі. Ал, дәрумендерге, ерітінділер мен шөп қоспасынан дайындалған өнімдерге шектеу жоқ.

Жиында «DariКz» мобильді қосымшасының тиімділігі де түсіндірілді. Онда учаскелік дәрігердің нұсқаулығы, рецептік дәрілер мен басқа да мәліметтер енгізілген. Сол арқылы дәріханадан дәрі-дәрмек те алуға болады. Осы жүйе бойынша, мамандар препараттардың заңсыз сатылуының алдын алмақ.

Қазіргі уақытта дәрілік заттарды сату мәселесі 2009 жылғы ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексімен реттеледі. Бүгінгі күнде Қазақстанда 7792 дәрілік заттар тіркелген. Оның ішінде дәрігердің рецептісі бойынша 6033-і, немесе 77%-ы, рецептсіз-1759-ы босатылады.