ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛ

0
124

Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт», «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімдерден тұрады. Алғашқысында атқа міну мәдениті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны сынды» тақырыптар қамтылған. Ал екінші бөлімде Елбасы «Архив – 2025» атты жеті жылдық бағдарлама жасау керектігін мәлімдеген.

Тың жоба арқылы ежелгі дəуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық жəне шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі һәм іргелі зерттеулер жүргізіледі.

«Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мəдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық жəне шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі əрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мəн беру керек. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет. Мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды». Бір бұл емес. Тарихи сананы жаңғырту үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы құрылады.

Тарихи кезеңдерді кеңінен қамтитын «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми сериялар жарық көреді. «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жаңа жоба қолға алынады. «Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүние жүзілік конгресін жəне əртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жəдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мəдени күндерін ұйымдастыру керек. Сондай-ақ, Википедияның үлгісінде Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды. Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет». Мақалада ұлттығымызға һәм елдігімізге тікелей қатысты мәселе көп. Айталық, таяуда «Ұлы дала» атты ежелгі өнер жəне технологиялар музейі ашылады. «Дала фольклорының антологиясы» жасалады. Қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай жəне басқа да дəстүрлі музыкалық аспаптарынан сыр шертетін «Ұлы даланың көне сарындары» атты жинақ жарық көреді. Осылайша төл музыкамыз,төл аспаптарымыз дәріптеледі.

Отандық киномыз да жаңа дәуірге қадам басады.  «Тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толық метражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек». Төл тарихын білетін, бағалайтын жəне мақтан ететін халықтың болашағы зор болмақ. Елбасымыз айтқандай, «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу жəне болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі».

Н. ИМАНАЛИЕВА, зейнеткер