Алматы облысының Құрметті азаматы еңбек демалысына шықты

0
190

Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасардың «Жетісу – жүрегімде» атты шығармашылық кеші өтті.

Шығармашылық шара жарты ғасырдан астам уақыт «Хабар» телеарнасында елеулі еңбек етіп, көгілдір экран арқылы жаңалықтарға жаршы болып, Жетісу жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ардагер журналист Тілеуқабыл Үсенұлының құрметті демалысқа шығуына орай ұйымдастырылған.

Тілеуқабыл Үсенұлының мерейтойына орай ұйымдастырылған шығармашылық кештің шымылдығын Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы құттықтау сөзімен ашып, ізгі тілегін жеткізді. Бұқара мен билік арасындағы алтын көпірлік міндетін адал атқарған журналистке шапан жауып, халық алдындағы мәртебесін тағы бір асқақтатты. Сондай-ақ, ардагер журналистің жақында ғана жарық көрген «Хабар-аға» және оның қалжыңдары» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Басылымға автордың ел аузында жұрген әзіл әңгімелері мен үзеңгілес достарының, шәкірттерінің Тілеуқабыл жайлы ой толғамдары енгізілген.

Тележурналистиканың тарланы Тілеуқабыл Мыңжасардың телевизия саласында еңбек етіп, тер төкеніне биыл 44 жыл. Соның 21 жылында Алматы облысында меншікті тілші болып, 10 мыңнан астам сюжет жасаған.

Жетісу жеріне «Хабар-аға» болып танылған белгілі тілші Қазақстан Республикасы Президенті Грантының иегері, Қазақстан Журналистер одағы мен «Нұрсұңқар» сыйлықтарының лауреаты, Алматы облысының Құрметті азаматы атағына да ие болған.

Кеш барысында «Хабар» Агенттігі Алматы филиалының шеф-редакторы Қымбат Хангельдина ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абайдың арнайы «Алғыс хатын» тапсырды.

Өз кезегінде сөз алған Тілеуқабыл Үсенұлы:

«Мінеки, 25 жылдай «Хабар» Агенттігіне аянбай қызмет жасадым. «Хабарды» танытуға атсалыстым. Ал, «Хабар» маған үлкен абырой әперді. Енді міне өзімнің қызметтік міндетімді аяқтап жатқан тұста осы елге бір рақметімді айтып, халықпен қауышып, пікір алмасып, әңгімелесейік деген ниетпен осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан мен бұл кештің атын «Жетісу – жүрегімде» деп атауды жөн көрдім»,-деп алғысын білдірді.

Айта кету керек, шығармашылық кеш Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған.

Балжан Жұманбекова