Қоғам

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАЙЫҚ!

Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырмасына сәйкес, «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы Жетіген ауылдық округінде де бастау алды.

«Тіл – тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Міне, сондықтан да бүгінгі бастау алып отырған «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы тілге деген құрмет деп білеміз. Өйткені бүгінгі дамыған заманда тіліміздің шұбарлануы, алалануы, ақсауы ол қоғаммен бірге жүретін мәселе, ал сол мәселені шешпесек, онда келер ұрпаққа берер өсиетіміз бен мұрамыз да бірге жоғалары хақ. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі маңдайшалар, бланкілер, хабарландырулар тіпті баға көрсеткіштері де көп жерлерде өзіміздің мемлекеттік тілімізде емес, өкінішке орай тек орыс тілінде ғана көрсетіліп тіпті кей жерлерде ағылшын тілінде жазылып өзіміздің төл тіліміз көлеңкеде қалып қойып жатыр. Бұл мәселе тіл жанашырларын бей-жәй қалдырмасы анық. Осындай шешімі қиын, күрмеуі келте мәселелер біздің округте де кездесіп тұрады. Осы акция барысында көптеген олқылықтар анықталып, оларды жою қолға алынды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының дұрыс орындалуы талап етіліп, түсіндіріледі. Бұл шара үстіміздегі жылдың маусым, тамыз ай аралықтарында үзбей қадағалануда болады. Демек округімізде де көптеген олқылықтар жойылады деп сенемін.

Іс-шара барысында сауатсыз жазылған жарнамалар суретке түсіріліп алынады. Сондай-ақ акция ағымында округ тұрғындарымен «Грамматикалық қателерге толы жарнама парақтарын біздің округте жиі кездес-тіресіз бе?», «Жарнама түріндегі сауатсыздықты жоюдың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?» деген сынды сұрақтар мен сауалнама екі тілде алынатын болады.

Аталмыш іс-шара сауатсыздықты жоюға, ауыл тұрғындарын ана тілін құрметтеуге, тіл тазалығын сақтауға үндеу болады деп сенемін және жоғары деңгейде өтеді деп күтілуде. Ауыл тұрғындарының тілге деген құрметтері артып, болашақта осындай қателіктерге жол бермейді деген ойдамын. Тілі таза елдің болашағы да жарқын болады. Ана тілімізде таза сөйлеп, туған тілімізді ардақтай білейік. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзе­генінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадірінше жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын… Сондықтан сөзден жасап, сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді» деп, тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырушы Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың сөзімен аяқтамақпын.

 

Ізгі ниетпен Жетіген ауылдық округінің қоғамдық кеңес мүшесі

Ш. САПАРГАЛИЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button