Алматы облысының жаңалықтарыДенсаулықҚоғам

Баршамыз АИТВ жұқпасы жайлы білуге тиіспіз

Атам қазақта «Білмеген – у ішеді» деген нақыл сөз бар. Мен бұл нақылға «АИТВ-ны білмеген у ішеді» деген анықтауыш қосар едім…

АИТВ (ВИЧ) – адамның иммундық тапшылық вирусы, ол XX ғасырдың 80-жылдарының басынан бастап танымал. АИТВ жұқпасы адам ағзасына енген соң, иммундық жүйені зақымдап, түрлі инфекциялық ауруларға жол ашады. ЖИТС (СПИД) – жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы. Иммундық тапшылық әсері салдарынан бір немесе бірнеше қауіпті аурулар дамуы мүмкін(пневмония, туберкулез, ісік ауруы және т.б.). АИТВ – ЖИТС-тың бастапқы сатысы болып табылатын індет. Кез келген адам АИТВ-ны жұқтырып алуы мүмкін, ол адамның жасына, жынысына, тұрмыстық жағдайына байланысты емес.

АИТВ-мен тіркеліп жататындар жыл өткен сайын көбеюде. Статистикаға көз жүгіртіп, өңіріміздегі жағдайға тоқталсақ, Алматы облысында ең бірінші жағдай тіркелгеннен бері, яғни 1993 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін АИТВ жұқпасымен 3298 адам есепте тұр. Бұл оқиғалардың 1902-сі (57%) жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар, ал 1273-і (38,6%) инъекциялық есірткі тұтынушылар, 54 оқиға (1,6%) жүкті анадан балаға, яғни жүктілік, босану, емшекпен тамақтандыру кезінде жұқтырып алғандар болса, 8 оқиға (0,2%) парентеральды артифициалды (медициналық емес манипуляциялар кезінде), 1 оқиға парентеральды жанасудан кейінгі (кәсіби міндеттерін орындау барысындағы апаттық ахуалдар) кезінде берілген, ал 59 оқиғаның жұқтыру жолы анықталмаған.

Жас айырмашылығы жайында айтар болсақ, тепсе темір үзер шақтағы жігіттеріміз бен қыздарымыздың АИТВ жұқтырып жатқанын өкінішпен айтар едім. АИТВ жұқпасы жастар арасында кең таралып кетті. Алматы облысында АИТВ жұқтырғандардың 26 пайызы 20-29 жастағылар болса, 40 пайызы — 30-39 жастағылар, ал 20 пайызы — 40-49 жастағылар, 50-59 жастағы жандар 7,5 пайызды құраса, 60 жастан асқан үлкендеріміз 2 пайыз. Сондай-ақ 1,6 пайызы 15 жасқа дейінгі балаларға тиесілі болса, 1,9 пайызы 15-19 жас аралығындағы балаларды құрайды. Бұл көрсеткіштер тек медицина қызметкерлерін ғана емес, әр адамды алаңдатуы тиіс.

АИТВ жүұпасы мынадай жағдайларда жұғады:

1.Жыныстық жолмен.

2. Қан арқылы.

3. АИТВ жұқпасы бар анадан балаға.

Қауіп-қатер тобына негізінен халықтың осал тобы: инекциялық есірткі қабылдайтындар, секс қызметкерлері, реципиенттер, жүкті әйелдер, әскери қызметкерлер, қан құюды немесе органдарды трансплантациялауды қажет ететін адамдар, венерологиялық ауруларға шалдыққандар жатады.

АИТВ жұқпасының алдын алу шаралары:

— Жыныстық қатынасқа жауапкершілікпен қарау, жұбайға немесе сүйген адамына адалдықты ұстану.

— Жаңа танысқан кездейсоқ жандармен жыныстық қатынастан бас тарту.

— Жыныстық қатынас кезінде қорғаныс құралдарын міндетті түрде қолдану.

— Есірткі, алкогольді қабылдамау.

— Салауатты да әдепті өмір салтын ұстану.

Қазіргі таңда АИТВ-ны жыныстық жолмен жұқтыру оқиғалары көбеюде, бұл дегеніміз – жастардың АИТВ індеті жайлы білмейтіндігі және білсе де немқұрайлы қарайтындығының белгісі.

Өмірімізге балта шаппайық, денсаулығымызды сақтайық, достар!

Дархан СЕРІКБОЛАТОВ,

Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының

дәрігер-эпидемиологы

Талдықорған қаласы

Басқа жаңалықтар

Back to top button