Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

Алматы облысында өрт сөндіру кезінде мерт болған азаматтардың «Ерлігі үшін» медалі отбасыларына тапсырылды

Жаркент өңірінде болған өртті өшіру кезінде қаза болған азаматтарға «Ерлігі үшін» медалін беру туралы Президенттің Жарлығына сай мемлекеттік наградаларды бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов марқұмдардың отбасыларына табыстады, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Панфилов ауданына жасаған сапарында облыс басшысы алдымен өртте жанқиырлықпен қаза тапқан Еркінбек Оспановтың шаңырағында болып, отбасына көңіл айтып, барынша қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді.
— Еркінбек бауырымыз қызметтік міндетін атқаруда ерен ерлік көрсетті. Сондықтан есімін ел білсін, кейінгілерге үлгі болсын деп Мемлекет басшысы “Ерлігі үшін” медалін беру туралы Жарлыққа қол қойды, осы марапаттарды табыстауды маған тапсырды. Сіздерге барша Жетісу жұртшылығының атынан қайғырып көңіл айтамын. Артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін, — деген облыс əкімі А. Баталов медальді марқұмның əкесі Əбілхан Оспановқа ұсынды. Еркінбектің анасы Ералхан:
— Ұлымыздың ерлігін ескеріп, марапат беріп жатқандарыңызға рахмет. Əкімдік алғашқы қиын сəттен бастап барынша көмек көрсетіп жатыр. Ендігі көңілімізге медеу болатыны — соңында қалған балалары. Мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін, — деді.
Бұдан кейін облыс басшысы орталық аудандық ауруханаға барып, өрттен зардап шеккен Ғабит Мақұстовтың денсаулық жағдайын сұрап білді. Тез қатарға қосылып, аяғынан тік тұруына тілектестігін білдіріп, оған қажетті барлық медициналық мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті.
Мұнан соң аудан әкімдігінде жиын өткізіп, өрт сөндіру кезінде ерлік көрсеткен азаматтарды марапаттады.
Талды ауылдық округінің аумағындағы өршіген тілсіз жауды өшіру кезіндегі жұмылдыру шараларына тоқтала келе, облыс әкімі А. Баталов қызыл жалынмен күресте ерен ерлік көрсеткен азаматтардың есімдері мәңгі есте қалатынын атап өтті.
— Қатты ыстықтан болған алапат өртті тоғыз күн дегенде өшірдік. Апат арамыздан 3 бауырымызды алып кетті. Біраз адам зардап шекті. Сол өрт кезінде ерен ерлік көрсеткен азаматтарды есте қалдыру, ұрпаққа үлгі ету – біздің парызымыз. Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына, туған-туыстарына жақсылық, ел-жұртқа амандық тілеймін. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз, жəрдемімізді аямаймыз. Осындай батыр ұлдар тəрбиелеген, елін, жерін сүйетін ұл өсірген ата-аналарына алғыс айтып, азаматтардың рухының алдында басымызды иеміз — деді А. Баталов өз сөзінде.
Көрсетілетін көмек туралы айтып өтсек, мерт болған азаматтар – Үсенбеков Қанаттың отбасына — соңында қалған 5 баласына Жерұйық ауылынан тұрғын үй алып берілсе, Немелбаев Айтқазының жанұясына баспана салуға көмек көрсетіледі. Сол сияқты 5 балалы Оспанов Еркінбектің отбасына да үй салуға орман шаруашылығы мен кәсіпкерлер бірлесіп жәрдемдеспек.
Осы жиында өртті ауыздықтау кезінде мерт болған ауыл тұрғындары Айтқазы Немелтаев пен Қанат Үсембековке Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалі марқұмдардың жақындарына табысталды. Сол сияқты апатпен күресуге белсене қатысқан азаматтарға Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі берілді. Олардың қатарында Жаркент орман шаруашылығы басшысының орынбасары Бауыржан Түйебаев, орманшылар Бақтыбай Рахимжанов, Ғабит Мақсұтов, Бауыржан Торғаев, орман шаруашылығының жұмысшылары Ленура Иманбаев, Руслан Мейірманов, аудан тұрғыны Сәкен Қайратов бар.
Осы жиында Еркінбек Оспановтың ағасы Ерлен Оспанов, Панфилов ауданының Құрметті азаматы, ардагер Шәріпхан Тұрғанов жəне басқа азаматтар сөз алып, елі мен жерін, орман-тоғайын қорғауды азаматтық парызым деп білген ерлердің есімдері мен ерліктерін есте сақтайтындығын айтты.
Еске салсақ, 5 тамыз күні Талды ауылдық округінде болған алапат өртті өшіру кезінде Панфилов ауданының 3 азаматы мерт болып, 7 адам зардап шеккен болатын. Ауруханаға жеткізілген 7-еудің бесеуі амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне босатылған, 1-еуі Алматы қаласында, тағы біреуі Жаркент қаласында ауруханада ем қабылдауда.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button