САҒАДАТТЫҚ САЙЫПҚЫРАНДАРДАН ҮЛКЕН ҮМІТ КҮТЕМІЗ!

0
176

Джиу-джитсу – күш, айла-тәсіл, ақыл. Осы адамның бойындағы үш қасиеті аталмыш жаңа күрестің басты қаруы болып табылады. Бразилияда бұл күрес түрі баяғыдан бар. Ал бізге джиу-джитсумен айналысатындардың басым бөлігі шет елдерде оқитын студенттер еді. Бастапқы кезде турнирлерге үлкен мегаполистерден ғана 40-60 спортшы қатысатын. Енді бұл спорт түрі елімізде балалардың да, ересектер арасында да жақсы дамуда.

Қазіргі біздің жарыстарға қатысып жүрген еліміздің 500-600-ге жуық спортшы өзара мықтыны анықтайды. Осыдан 2-3 жыл бұрын ғана турнир өткізуде жас жеткіншектердің шеберлігін арттыру үшін жаттықтырушылар тер төгетін. Ал қазір мүлдем басқаша. Джитсер балақайлар айла-тәсілді еркін меңгерген.

Бүгінгі таңда Қазақстанның бразилиялық джиу-джитсу және грепплинг федерациясы демеушілердің қолдауымен осындай семинарларды өткізіп жүр.

Бір айта кетерлігі, біздің джитсерлер халықаралық деңгейдегі төрешілердің сарабынан өтіп, арнайы сертификаттарын иемденуде. Отандық федерация шама-шарқынша жас спортшылардың халықаралық аренадағы бәсекелестерімен иық теңес-тіруіне күш салып келеді. Дегенмен, мықтылармен теңесу үшін әлі уақыт керек. Өйткені, бізде қара және қоңыр белбеу иегерлері аз. Осы спорт түрінен қара белбеу иегері атану үшін, кем дегенде 10 жыл айналысу қажет көрінеді.

Біздің киелі Іле ауданымызда да бірді-екілі джиу-джитсу спорт мектептері ашылды. Соның бірі Ащыбұлақ ауылдық округіндегі М. Түймебаев ауылындағы Нұрсұлтан Орынбасаров жетекшілік ететін «Sagadat Batyr – QTT» клубы. Қазір әлемдік аренада шәкірттері атсалысып жүр.

Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың есімімен аталатын «Sagadat batyr» клубында 180-ге жуық жас жеткіншек джитсерлер тер төгіп, заманауи спорт күресін елімізде дамуына үлес қосып қана қоймай, алыс-жақын шет елдерде көк туымызды желбіретіп жеңімпаз атанып та жатыр. Мысалы биылғы жазда Біріккен Араб Әмірлігі, Абу-Даби қаласында бразилиялық джиу-джитсудан балалар мен жасөспірімдер арасында өткен «Abu Dhabi World Jiu-Jitsu Championship 2019» әлем біріншілігі өз мәресіне жетті. Алматыдан аттанған спортшылар 10 алтын, 5 күміс, 7 қола медальмен оралды. Чемпиондардың барлығы спортшы әрі бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров жетекшілік ететін «Sagadat Batyr – QTT» клубының шәкірттері. Жеңімпаздар қатарында аталмыш спорт түрінен әлемнің екі дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова сондай-ақ, былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Алина Махамбет бар. Биылғы бәсекеде Алина Махамбет алтыннан алқа тақты.

Абу-Дабидегі әлем чемпионатынан кейін бізді джитсерлер Мәскеу қаласындағы өткен ашық Әлем чемпионатында да біздің спортшылар  алдынғы орындардан көрінді. Олар 21 келі салмақта Б. Мадамин алтын алса, 32 келіде Т. Салимов қоланы қанжығасына байлады.

Сондай-ақ «Сағадат батыр» сайыпқыран джитсерлері жыл сайын Қырғыз елінде барып бақтарын сынайды. Осы жолы да «Issyk – Kul Open 2019» джиу-джитсу күресінен өткен халықаралық турнирінде де үлкен жетістікке жетті. Онда Ги бойынша: Б. Лесбек, Т. Салимов, Ж. Құлымбетова, Р. Елубаев, Д.Қанайбеков, 3 орында  М. Салимова, Ж. Дөнесбай, Р. Елубаев, А.Айтмұрат. Но Ги бойынша: І-орын Т.Салимов, Д. Қанайбеков алды. Жалпы медаль саны 7 алтын, 4 қоланы місе тұтты.

Бұдан бөлек «Sagadat Batyr – QTT» клубының шәкірттерінің көбісі қатыса алмады. Өйткені осы күзде 4-7 қыркүйекте Ташкент қаласында Грепплингтен өтетін ашық Азия чемпионатына дайындық жасап жатыр.

Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің демекші биыл «Sagadat Batyr – QTT» клубы үшін үлкен мерекелі жыл болмақ.

Ол туралы ауданымыздың мәслихат депутаты, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы, С. Қ. Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr – QTT» спорт клубының құрметті президенті Е. Тұрымбетов: Жастардың осы спорт түріне аса  қызығушылық танытқандары үшін өте қуаныштымын. Әр қайсысы өте байыпты дайындалады. Қазір джиу-джитсуға үлкен сұраныс бар және бұл біз үшін де маңызды. Болашақта осы спорт түрінен үлкен жарыстар жиірек өтеді деп сенемін. Өйткені биыл Халық қаһарманы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағадат Нұрмағамбетов батырымыздың 95 жылдығы. Осыған орай ауқымды ашық турнирлер өткіземіз деген ойдамыз. Алда әлі жеткіншек джитсерлеріміздің жеңісіне ортақтасатынымыз анық – деп ағынан жарылды.

Қазіргі күні «Sagadat Batyr – QTT» клубы Алматы қаласы, Бостандық ауданындағы «Қазақфильм» ықшам ауданында да филиалдарын ашып, джиу-джитсу күресін ашып мегаполисте де өз қанатын жайды.

Клубтың жаттықтырушысы Н.Орынбасаров: Алматы қаласы мен Ащыбұлақ ауылын қосқанда 180-ге жуық жас джитсерлеріміз клубымызда жаттығады. Алдымызда әлем чемпионаттары мен Азияда өтетін ашық турнирлер бар. Біздің шәкірттер әлі талай турнирлердің тұғырынан көрінеді деп сенеміз. Осы қиыны мен қызығы бірге жүретін спорт саласында «Sagadat Batyr – QTT» клубы қазір Жетісу жеріндегі азулы джиу-джитсу және грепплинг күресі бойынша үздік клубтардың бірі. Біз кез-келген мықты джитсерлермен иық тіресе аламыз. Осы жолға қол жеткізудің өзі оңай болған жоқ. Көмектесіп қол ұшын берген азаматтарға рахмет айтамын. Алдыңғы буын ағамыз аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Тұрымбетов Ерболат Сапарұлына алғысымыз шексіз. Ол кісінің көрсеткен қамқорлығының нәтижесінде аудан кө-лемінде үлкен, ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болып жүрміз. Осы бір ағалық ықыласына үлкен рахмет айтамын! – деді.

Болашақта жас джитсерлеріміздің үлкен әлемдік деңгейде жететін жетістіктеріне куә болуды нәсіп етсін дегіміз келеді.

 

Б. ЧОЙБАСОВ