Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратМерекелер

БІЛІМГЕ ТОЛЫ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ

Жаңа оқу жылына санаулы күндер қалғанда Өтеген батыр кентіндегі №24 лицейде ауданымыздың аяулы ұстаздары бас қосып, «Жаһандық құндылықтар және қазақстандық білім мен ғылымның сапасы» атты Қазақстан Республикасы білім беру қызметкерлерінің педагогикалық дәстүрлі тамыз кеңесін өткізді.

Жиын барысында аудан әкімі Бағдат Қарасаев ұстаздардың апталық сағат жүктемесін реттеуді, инклюзивті оқыту, мектептерге білімді мамандарды топтастыру мәселелерін қатаң бақылауға алуды аудандық білім бөліміне тапсырды. Білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды.

Алғаш мінберге көтерілген аудандық білім бөлімінің басшысы Л.Каткеева «Келешекке — кемел біліммен» тақырыбында баяндама оқыды. Ол өз сөзінде: «Ауданымызда 2019-2020 жаңа оқу жылында 1-10 сыныптар оқулықтармен толықтай қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 сәуірдегі №183 бұйрығына сәйкес білім берудің барлық деңгейлерінде латын әліпбиіне көшу жоспарланған. Жаңартылған білім берудің мазмұны бойынша аудан мектептеріндегі әр пән мұғалімдерінің 80 пайызы курстан өткен. «2015-2020 жылдарға арналған үштілділікті дамыту жол картасы» бағдарламасы бойынша физика, химия, биология және информатика пәні мұғалімдері үштілділік курстарын өтіп жатыр.

2019 жылдан бастап, 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталады. Осыған байланысты ауданның 22 мектебінің 35 мұғалімі пилоттық жобада жұмыс істеп, қосымша үстеме алуда. Сонымен қатар 29 мұғалімді пилоттық жобаға кіргізу жоспарланып отыр. Ауданның барлық мектептері интернет және кең жолақты интернет желілік жүйелеріне қосылған. 29 мектепте 46 лингафон-мультимедиялық кабинет бар, аудан мектептері 27 физика кабинетімен, 22 химия кабинетімен, 24 биология кабинетімен және 224 интербелсенді тақтамен қамтамасыз етілген. 46 мектептің онлайн режимдегі интерактивті сабақтарға шығуға мүмкіндігі бар болса, 39 мектептің мұғалімдері мен оқушылары «BilimLand» цифрлық білім беру ресурстарының материалдарын тегін пайдалана алады. Ауданда бұл бағытта да тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылып отыр» – деді.

Жиында жарыссөзге қатысқандар қатарында Байсерке ауылдық округі әкімі Т.Отыншиева, №24 лицей директоры Г.Ерубаева, «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Б. Базарбаева, №20 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Е. Ескермес білім сапасын арттырудағы өз ойларын ортаға салды.

Исабек Қызайбекұлы, ардагер ұстаз:

«Мынау қазіргі жастарымыз  білімді болса, еліміз мәңгілік болады. Елбасымыз айтқандай біз әр уақытта алдыңғы қатарлы елдердің қатарынан қалмау үшін біліміміздің біліктілігін, сапасын арттыруымыз қажет. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселелер, әсіресе мынау алдағы істелінетін жоспар 2019 – 2020 жылдардағы білім саласының жаңалықтары көп».

Сондай-ақ бұл күні «Мектепке жол» акциясы болып өтті. Қайырымды азаматтар бүлдіршіндердің мектеп киімдерін түгендесе, енді бірі сабаққа қажетті оқу құралдарын сыйлады. Осылайша ауданның жомарт жандары 250 көмекке мұқтаж оқушыларға 3 млн 400 мың теңгеге қайырымдылық жасады. Аудан әкімі қайырымдылық шаралардан шет қалмайтын қолы ашық жандарға алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Аудан әкімі Б. Қарасаев өз баяндамасында:

«Ертеңін ойлайтын, болашағына үмітпен қарайтын ел қашан да болашақ ұрпағының қамын жасаған. Осы орайда өткізіліп жатқан акцияға қатысып, қолдау көрсетіп, азаматтық танытып отырған барша демеушілерге өзімнің атымнан, аудан халқының атынан алғысымды білдіремін» — деді.

Айта кетейік, аудан бойынша 2018-2019 оқу жылының жылдық білім сапасы 67, 4 пайызды құрап, облыс көлемінде жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Жоғары білім сапасын көрсетіп отырған мектептер қатарына: №24 лицей, №26 орта мектеп және №39 гимназияны жатқызуға болады. 2018-2019 оқу жылының есебі бойынша аудан мектептерінің оқушы саны — 53422 оқушы, оның ішінде 1-4 сыныптар аралығында-26562 оқушы, 5-9 сыныптар аралығында- 23568 оқушы, 10-11 сыныптар аралығында — 3292 оқушы. 2018-2019 оқу жылының білім сапасының қорытындысы бойынша ауданда- 13 982 үздік оқушы, ол 26,2% құрайды, 21832 екпінді оқушы — 40,8% және 17 896 орташа оқитын оқушылар- 34,4% есепке алынған. Аудан бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуде жалпы мектеп түлектерінің 76,8% (былтыр 73)пайызын құрады. 2017 – 2018 оқу жылында 662 оқушы жоғары оқу орындарының грант жүлдегері атанып, 467 оқушы ақылы бөлімдерге оқуға түсті. Ал 297 оқушы колледжге түсіп, оның 76-ы грантты ұтып алды. Биылғы 2018- 2019 оқу жылында жоғары оқу орындарына 637 оқушы грантқа, 451 оқушы ақылы жоғары оқу орындарына оқуға қабылданды.2017-2018 оқу жылында 143 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, биылғы оқу жылында134 оқушы «Алтын белгі», 65 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды.

Дәстүрлі басқосуда, аудан әкімі Б. Қарасаев қол жеткізілген бірқатар жетістіктермен қатар өз ісін абыроймен атқарып жүрген ұстаздарды марапаттады. Олардың қатарында Ә.Байдәулетов, И. Қызайбеков, Б.Найманбаева және Р.Болысбаева сынды білім саласында көп жылдар бойы өнегелі еңбек етіп, абырой-беделге ие болған тәжірибелі, үздік маман ретінде құрметтеліп, ауданымыздың білім саласының дамуы және өркендеуіне елеулі үлес қосып, іскер басшы аяулы ұстаз ретінде көрсете білген қасиеттері үшін үлкен алғыс білдірді.

Бір сөзбен қайырғанда ауданымыздың оқушылары мектеп табалдырығын барлық оқу құралдары сай, киімі бүтін күйінде аттайтын болады.

 

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button