Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «1424» Call-орталығы

0
37

Қазіргі жағдайда кез келген мемлекеттік орган қоғам тарапынан нақты және пәрменді қолдау арқылы ғана табысқа жете алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылды, атап айтқанда, халықтың белсенді қатысуымен ғана жүзеге асыруға болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «1424» Call-орталығыазаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді.

Операторлар агенттіктің қызметі туралы сұрақтарға жауап береді, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен оның қызметкерлерінің жұмысына шағымдар, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды, жұмысқа түсу тәртібін түсіндіреді.

Орталық сыбайлас жемқорлық фактілері, оның ішінде жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар жөнінде, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы телефон хабарламаларына тәулік бойы ден қояды.

Егер бұрын қылмыстық істер бақылау-қадағалау органдары тарапынан жедел әзірлемелер мен құжаттық тексеру материалдары негізінде қозғалса, бүгінгі таңда Агенттіктің, сондай-ақ бей-жай емес азаматтардың хабарламаларына да сүйеніп отыр.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдік туралы қоңырау түскен кезде оператор абонентті Агенттіктің кезекші офицерімен дереу қосады, ол хабарламаны тіркейді және жедел ден қою шараларын қабылдайды.

Осылайша, әрбір хабарлама уақтылы тексеріледі. Жеткілікті негіздер болған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталады.

***

Агенттіктің «1424» Call-орталығына түскен хабарламалар бойынша пара алу кезінде 15 адам ұсталды

Биылғы жылы Агенттіктің «1424» Call-орталығына заңсыз іс-әрекеттер және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасады деген күдік бойынша 378 қоңыраутіркелген.

Бұл туралы брифинг барысында Агенттіктің 1-нші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров айтты:

«Call-орталығына келіп түскен хабарламалардың басым бөлігі Ішкі істер органдары қызметкерлерінің (181), жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің (88), білім беру (45), денсаулық сақтау (28), жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау (20) саласындағы заңсыз әрекеттеріне келеді.

Call-орталық арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижелері бойынша тіркелген қылмыстық істердің саны ұлғаюда».

Ресми мәліметке сүйенсек, хабарламалар негізінде өткен жылдың ішінде 32 іс тіркелсе,ағымдағы жылдың 7 айында 31 іс тіркелді.

Сall-орталыққа азаматтардың келіп түскен хабарламалары бойынша пара алу кезінде 15 адам ұсталды. Олардың арасында құқық қорғау органдарының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың және білім беру саласының қызметкерлері бар. 5 адам сотталды.

Мысалы, Қарағанды облысындаағымдағы жылдың 16 мамырында Қарағанды қаласы полиция басқармасының қызметкері Н.Б. Халенгеалынған пара сомасының (70 мың теңге) 30 еселенген мөлшеріндегі (2 млн. 100 мың теңге) айыппұл түрінде үкім шықты.

Алматы облысында ағымдағы жылдың 17 сәуірінде Талдықорған қаласы полиция басқармасының анықтаушысы Б.Б.Ержановқа 10 мың теңге көлемінде пара алғаны үшінсотпен 25 еселік айыппұл салынды, яғни 250 мың теңге.

Батыс Қазақстан облысында АШМ Орман шаруашылығы комитетінің «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Батыс аймақтық филиалы басшысының м.а. Қ.Ә. Әлімқұлов өзінің қарамағындағы қызметкерден жұмыстан босатпағаны және одан әрі қызмет бабында қамқорлық жасағаны үшін 50 мың теңге сомасында пара алған, ағымдағы жылдың 15 шілдесінде сот 10 есе мөлшерде, яғни 500 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

Кеше ғана Павлодар облысында Call-орталыққа түскен хабарлама бойынша түзеу мекемелерінің бірінің екі қызметкері қолға түсті. Олар сотталушыдан есірткі затын анықтау фактісін жасырғаны үшін 50 мың теңге көлемінде пара алды.

***

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісін хабарлауға көтермелеу қарастырылған

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген болса, біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.

Көтермелеу мынадай мөлшерде белгіленеді:

§ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК;

§ сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК;

§ сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК;

§ ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК;

§ аса ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.

§

Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің call-орталығына полиция қызметкерінің пара алу фактісі туралы хабарлаған Т. азаматы 70 АЕК (176750 теңге) көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды.

Биылғы жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған 116 азамат марапатталды, оның ішінде call-орталық арқылы 17,7 млн.теңге (17 711 080 теңге).

Сонымен қатар, Агенттік ағымдағы жылдың 20 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте берген Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша заңнамалық бастамалар шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарламалары үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесін енгізу мәселесін пысықтауда.

Пара немесе залал сомасы 2,5 млн.теңгеден асатын қылмыстар бойынша сот үкімімен белгіленген пара немесе келтірілген залал сомасының 10%-ін, бірақ шекті деңгейден аспайтын көлемде (мысалы, 10 млн. теңге) белгілеу ұсынылады.