Алматы облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынды

0
33

Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асыловтың қатысуымен өткен актив жиынында Алматы облысы әкімі Амандық Баталов айтты.

Талдықорғанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын талқылау бойынша облыстық актив өтті.

Жиынға аймақтағы әр мекеменің басшылары, аудан, қала әкімдері, кәсіпкерлер, жастар, БАҚ және партия өкілдері мен басқа да саланың жетекші-мамандары қатысты.

Мемлекет басшысының Жолдауында берілеген тапсырмалар мен міндеттерді талқылап, жүзеге асыру жолдарын белгілеу мақсатында өткен жиында облыс басшысы Амандық Баталов баяндама жасады.

Сондай-ақ, облыс әкімі аймақта атқарылып жатқан және де алдағы уақытта Жолдау аясында атқарылатын жұмыстарды нақтылады. Аймақта өнеркәсіпті өркендетіп, ауылшаруашылығын, орта және шағын бизнесті дамыту арқылы экономиканы жедел жаңғыртуға болатынын тілге тиек еткен Амандық Ғаббасұлы:

-Халық тұтынатын тауарларды өндіруге бағытталған «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту қажет. Облыс бойынша 6,4 млрд. теңгеге 7 жоба банктердің мақұлдауына ие болды. Бұл көп емес. Үкімет болса 600 млрд. теңге бөлді. Сондықтан, бұл бағдарлама қала мен аудан әкімдері жұмысының басым бағыты болуы тиіс. Президент айтқандай, шағын және орта бизнес ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтып, жергілікті бюджетті нығайтуға мүмкіндік береді. Сол себепті мемлекет тарапынан алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсетіледі. «Бизнестің жол картасы» шеңберінде алдағы үш жылда қосымша 250 млрд. теңге бөлу жоспарда, – дей келе, орынбасары Бағдат Манзоровқа, кәсіпкерлік басқармасына, қала және аудан әкімдеріне әлеуметтік аспектілерге назар аудара отырып, бизнесті қолдаудың жаңа нысандарын – бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін отбасылық бизнес құруды тапсырды.

Ауылшаруашылығы саласы өнімділігін арттыру ауылды жерлерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасау қажеттігін де ескертті. Ол үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынды. Жоспард іске асыру үшін биыл 30 млрд. теңге бөлінген. Алдағы үш жылда қосымша 90 млрд. теңге қаржы бөлу қарастырылған. Айта кетерлігі, облыста 7 млрд. теңгеге 43 жоба жүзеге асырылуда. Ал ауылдарда 443 тірек және спутниктікпен қамтылмақ.

Мемлекет басшысы 3 жыл ішінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтуды тапсырған еді. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 240 млрд теңге бөлінбек. Осы ретте, облысымызда «Бақытты

отбасы» бағдарламасына 657 жанұя өтініш берген. Оның 286-ы осы жобамен үйлі болды. Өңір басшысының айтуынша, бұл жұмыстар әлі де жалғаспақ.

Биыл 1447 отбасын баспанамен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар, ескірген көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу мәселесіне көңіл бөлінбек. Өңірімізде 3566 көпқабатты тұрғын үй болса, оның 2000-ға жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін жергілікті бюджеттен 30 млрд теңге бөлінеді. Жалпы, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамту жоспар дайындығын орынбасары Л.Тұрлашовқа тапсырды.

Облыс әкімі Амандық Ғабассұлы Президент Жолдауындағы әр бөлімді жеке-жеке талқылады. Өңірде атқарылатын жұмыстарды жауапты сала мамандарына тапсырды. Сонымен қатар, еліміздің өркендеуіне бағытталған жобаны бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Ал, жиынға келгендер мемлекет басшысы жариялаған Жолдауға қолдау білдірді.

Балжан Жұманбекова