Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

БӨБЕКЖАЙҒА БӨЛЕНГЕН КҮН

Өткен аптада Конституция күніне орай ауданымызда үш балабақша пайдалануға берілді. Оның бірі Шилікемер ауылында 220 балаға арналған «Ұлжан» бөбекжай-балабақшасы ашылды. Іші-сырты көркем безендірілген, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген бұл бақшада бүлдіршіндерге жан-жақты тәрбие мен білім беруге барлық мүмкіндік қарастырылған.

Мұнда 10 тәрбиеші,10 тәрбиешінің көмекшісі қызмет атқаратын болады.Жалпы алғанда бала бақшада жұмыспен 30 адам қамтылған.

Екінші Өтеген батыр кенті, «Гүлдер» ықшамауданындағы 100 балаға арналған «Әлім-2» балабақшасы ашылды.Онда 10 педагог, «Қыран» – І кіші топ, «Көгершін» – ІІ кіші топ, «Қарлығаш» – орта топ, «Аққу» – ересектер топтарына білім нәрін беретін болады.

Үшінші КазЦИК ауылында 175 балаға арналған «Ақ-ниет» білім орталығы-балабақшасы жұмыс істей бастады. Мұнда 7 топ бар, 7 педагог сабақ беретін болады. «Ақ-ниет» білім орталығы-балабақшасында жалпы кабинеттер саны 30, онда психология, логопедия, медбике, спорт, ойын, мәжіліс, музыка залдары бар. Компьютерлер интернет жүйесіне  қосылған.

«Ұлжан» бөбекжай -балабақшасында бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтаған аудан басшысы Б. Қарасаев жаңа нысанды аралап көріп, ондағы балаларға жасалған жағдаймен танысты. Салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы, әр топқа арналған ойын алаңшалары мен қысқы және жазғы ойын алаңдары бар. Мұнда балалардың денсаулығын қадағалайтын медбике бөлмесі, психологиялық ерекшеліктерін қадағалайтын психолог бөлмелері де қарастырылған. Үш тілде білім беретін бақшада өрендердің алаңсыз тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Бөлмелер қазіргі заман талабына сай толығымен жабдықталған, асхана, музыка залы, балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт залы мен әр топқа арналған ойын алаңшалары бар.

Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген аудан басшысы барлық тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ол: Жаңа оқу жылында тағы 7 балабақша ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілмек. Президентіміз 2020 жылға дейін мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Осы орайда аудан көлемінде «Балапан» бағдарламасы аясында балаларды бақшамен қамту деңгейі 96,6 пайызды құрап отыр. Жалпы 2020 жылға дейін әлі де ондаған балабақша салынады, 100 пайызға жеткіземіз ‒ дейді аудан басшысы.

Күзге дейін ашылады деп күтіліп отырған балабақшалар мемлекеттік конкурстан өткеннен кейін ауданымызда пайдалануға берілетін болады.

Айта кетейік, жоба «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында кәсіпкердің көмегімен жүзеге асты. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің табалдырығын осы ауданда тұратын 11270 бала аттады. Мектепке дейінгі мекемелер саны 125, оның 9-ы мемлекеттік, 111 жекеменшік балабақша бар. Енді бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуы тиіс.

 

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button