Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамТұлға

АУЫЛЫМЫЗДЫҢ АРДА АЗАМАТЫ ЕДІ

Біз бір ауылдың тумасы едік. Тұрғанбек ағаның менен сегіз жас үлкендігі бар. Арамыз сонша улкен уақыт болмағанымен Тұрекең білімді, көңілді, талантты, жолы болғыш, тіпті данагөй де еді. Жастайынан тағдырдың тезінен тік тұрып, қиындыққа мойымаған жан. Маңдайынан ақылдың желі есіп тұратын еді. Екеуіміз шүйіркелесіп қатты дос болмасақ та кездесіп, басымыз қосылғанда жәй ғана сөз саптауымен санаңа сынадай қанып отыратын. Ел тұтқасын ұстаған барлық ел ағалары осы Тұрекеңдей болса ғой деп кейде ойға кетем. Тұрғанбек аға менің ғұмырымда танитын мемлекеттік басқарудың барлық буынындағы жүздеген адамдарды, жақсы ұрпақ, жақсы халықты тәрбиелей алды. Ағаның жарқын тұлғасы онымен жүздескен, адамгершілік өнерін үйрену бақыты бұйырғандардың санасы мен көңілінде келеді. Олар да жақсылар қатарына қосылды. Оның жарығы маған да тиді. Ол кісінің жасаған жақсылықтарын ешқашан көкейімнен шығармаймын, шығарғанда емеспін. Ол кісі менің алдымдағы құдды бір жанып тұрған шамшырақтай еді.

Ағарту жүйесінде еңбек еткен барша қауым үшін Тұрғанбек Қатаевтың есімі кеңінен танымал. Өйткені, ол кісі ауылымыздың арда азаматы ғана емес, халқымыздың адал перзенті, Алаштың абзал азаматы, қазақтың мақтанышы, көрнекті кайраткер, ірі тұлға. Биыл Тұрекеңнің туғанына жүз жыл толып отыр. Арамызда өзі жоқ болғанмен өмірде қалдырған терең іздері, игілікті істері, ұмытпай ардақтап айтып жүретін аты қалды. Бүкіл саналы өмірі ерен еңбекпен, халқына қалтқысыз қызмет етумен өткені бәрімізге аян. Қандай қызметте болмасын, халқының келешегін, елінің болашағын ойлап өткен адам. Тұрекең талай-талай жоғары лауазымды жұмыстарда болып, ірі-ірі, қомақты істер атқарып, еліміздің білім саласының дамуына өлшеусіз үлкен үлес қосты.

Қазақстан жоғары мектебінің даму, өрлеу, өркендеу тарихы Т.Қатаевтың атымен тікелей байланысты. Министрлік дәрежесіне дейін ағамыздың көп жылдық еңбек жолы партиялық қызметте өтті. Ғылымның соңғы жетістіктерін терең игеріп, кажетті тұстарда оларды өз қызметінде еркін де орынды, әрі шебер колдана білетін ойлы азамат, іскер жетекші ретінде танылды.

Мол тәжірибе, сарқылмас күш-жігер, жетекшілік етіп отырған министрлік алдында жауапкершілікті жете сезіну алғашқы жылдарда-ақ өз нәтижесін берді. Тұрғанбек ағамыздың министрлікті басқарған кезеңі жоғары және арнаулы орта білім жүйесінің үдере дамып, Қазақстан жоғары оқу орындарын жетілдіру кезеңі болды. Еліміздің барлық аумағында оннан астам жаңа жоғары оқу орындары мен олардың филиалдары, көптеген арнаулы орта оқу орындары ашылды. Жоғарыда айтқан қасиеттері мен жетістіктеріне Тұрекеңнің өзінің қайсарлығы мен табандылығы арқасында қол жеткізді.

Ағамыз, Ұлы Дала білімнің бұлақ көзін ашқан ардақтыларымыздың бірі.

 

Нұрмұханбет ҚАСЫМОВ,

Іле ауданының Құрметті азаматы

Басқа жаңалықтар

Back to top button