ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЛУЫ ТИІС

0
61

Жаңа Президент Қ.Тоқаевтың бағдарламасына назар аударайық. 10 тармақтан тұратын мемлекет басшысының жұмыс бағыттары елдің тұрмысын жақсарту үшін халықтың табысын арттыруға, сыбайлас жемқорлықты жоюға, сот және құқық қорғау жүйесін реформалауға, тағы да басқа ел қажетіне бағытталған. Бірінші бағыт. Халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұту үшін Экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз,-деді. Екінші бағыт. Сыбайлас жемқорлықты жою. Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз. Үшінші бағыт. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы — бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот — әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті халықтың сеніміне ие болу. Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл — стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет. Бесінші бағыт. Тұрғын үй мәселесін шешу. Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды. Алтыншы бағыт. Әділетті әлеуметтік саясат. Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау. Барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәрте­бесін көтеретін жаңа заңдарды қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз. Жетінші бағыт. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары. Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім: Қуатты аймақтар –Қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады. Сегізінші бағыт. «Рухани жаңғыру» құндылықтары. Бұл біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқы­мыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығай­тады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын жастар. Сондықтан бұл бағдар­ламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет. Тоғызыншы. Сыртқы саясат. Қазақстан сыртқы саясатта үлкен беделге ие. Мемлекетіміз халықаралық аренада қазір бейбіт және сенімді елге айналды. Біз көпвекторлы сыртқы саясат құрдық. Әлемдік аренада ұлттық мүддемізді ілгерілетеміз. Ұлттық бизнес пен әр азаматтың игілігіне жұмыс істейміз. Оныншы. Жастар туралы. Жастар Қазақстанның дамуында шешуші роль атқарады Олар прогресстің қозғаушы күші болуға тиіс. Елбасы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар — ел тірегі» арнайы жобасы жұмыс істеуде. Жас кәсіпкер, Жастар бизнес бастамаларын қолдаймыз, жастар стартаптарына қолдау көрсетеміз, жастарды жұмысқа орналастыру бағдарла­ма­ларын ендіреміз. Менің міндетім жастардың өз армандарын жүзеге асыру, өз табыс тарихтарын жасауына мүмкіндіктер жасау. Талантты жастарды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлерінде көтерілу үшін Президенттік кадр резерві жасалады. Бағдарламада айтылған міндеттерді орындау ел болашағын жарқын етеріне сенімім мол. Сол үшін барлығымыз жұмылып атсалысуымыз керек.

 

Р. ҚЫСТАУБАЕВА, аудандық Әділет басқармасының басшысы,

Заңгерлер Одағының мүшесі