Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамӨндіріс және кәсіпкерлік

Алматы облысы Іле ауданында майлау материалдарын өңдейтін зауыт ашылды

Алматы облысы, Іле ауданында майлау материалдарын өңдейтін зауыт іске қосылды. Өндірістік кешеннің ашылуына Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты. Зауыт ұжымы мен арнайы келген қонақтарды Қазақстан Үкіметі атынан құттықтады. « «Лукойл» компаниясы біздің стратегиялық әріптесіміз және инвесторымыз болып табылады. 1995 жылдан бастап, компания елімізде 9,5 млрд теңгеге инвестиция салған. «Лукойл» компаниясы бірқатар бірлескен жобаларға қатысуда. Бұл өзара тиімді ынтымақтастық болып табылады»- деп атап өтті Премьер-Министр өз сөзінде.

Еліміздегі ірі кешенді салу жұмыстары 2016 жылы басталған. Зауыттың құрылысына жалпы көлемі 9,4 миллион доллар қаражат кеткен. Кәсіпорын жылына 100 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Замануи қондырғылар автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылғандықтан әр құрылғы өз жұмысын санаулы минутта атқарып тастайды. Соның арқасында кез-келген тапсырысты бір тәуліктің ішінде дайындап, тапсырыс берушіге жеткізіп беруге мүмкіндігі бар. Ал, зертханалардың соңғы үлгімен техникалық жабдықталуы шығарылатын майдың жоғары сапалы болуына кепілдік береді.

Зауытта майдың 800-ден аса түрі шығарылмақ. Мәселен, Еуропа мен Ресей нарығында үлкен сұранысқа ие «ЛУКОЙЛ GENESIS» мотор майы да дәл осы кәсіпорында дайындалатын болады. Зауыттың орналасуы «Лукойлдың» логистикасына ыңғайлы. Батыс Еуропа мен Батыс Қытай дәлізі дәл іргемізде тұр. Сондықтан, ірі кешен еліміздің ішкі сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелге де өнім экпорттамақ. Орталық Азия елдері, Қытай, Ауғанстан және Монғолияның сұранысын қанағаттандырмақ. Басты мақсат тұтынушылар сұранысын сапалы тауармен қамтамасыз ету.

Кәсіпорын 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. Зауытқа жергілікті тұрғындар мен еліміздегі жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған мамандар алынбақ.

Компания басшылары бұл жоба Қазақстанға жылына шамамен 10 миллион доллар табыс әкеледі деп жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық және әлеуметтік саласының дамуына оң әсерін тигізбек.

Айта кету керек, Қазақсанда 16 трансұлттық компания жұмыс істеп тұр. Соның 9-ы Алматы облысында. Былтыр ғана құны 18 миллиард теңге ірі екі кәсіпорын ашылған болатын. Мемлекеттің және Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өңірде барлығы 354 жоба ашылып, 40 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Айман Асыл

Басқа жаңалықтар

Back to top button