Түрлі қиындықты басынан өткізген халқымыз бүгінгі күні өз тәуелсіздігін алып, дамыған елдердің қатарында болашаққа қадам басып келеді. Тәуелсіздікке жету – оңай жолмен келген жоқ, ол бәрімізге мәлім. Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы көздеген арман-мұраттарының орындалуы. Біз осынау бақытты заманға кімнің арқасында жеткенімізді ұмытпауымыз керек және өз еліміздің тарихын терең біліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білуге тиіспіз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда. Ел Бірлігі — біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың Қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі.

Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды.

Қазақстан республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп отырған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ел арасында кеңінен насихатталып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында үздіксіз іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі ауданымыздың төрінде орналасқан №38 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен 9-сыныптар арасында «Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны» атты фотоальбом конкурсы өткізілді.

Бұл байқаудың ең басты шарттарының бірі – мақаланың жетінші бөліміндегі «Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны» тақырыбына сай әрбір сынып фотоальбом жасап, қызғалдақ пен алманың біздер үшін алар орны мен пайдасы туралы тың ақпараттар берді. Фотоальбом байқауында оқушылар қызғалдақтың әр түріне жеке тоқталып, олардың бір-бірінен өзгешелігін және қалай ажырату керектігін басты назарда ұстаған.

Жарыста 9 «В» сыныбы І-орынды иеленіп, жеңімпаздар сыйлықтар мен дипломдарға ие болды.

Мектептің бұндай байқауларды өткізуі келешек ұрпақтың туған еліне, жеріне деген құрметін арттыратыны сөзсіз. Мектебімізде ұлттық құндылықтарымызды үйретіп, соны өмірде пайдалана алатын тұлғалардың қалыптасуы арқылы өзіміздің ұлттық кодымыздың қалыптасуына игі ықпал еттік.

Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өйткені мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

 

Г. АСКАРБАЕВА, №38 мектеп-гимназия директоры