Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

Талдықорғанда қала күніне орай 100 баспана пайдалануға берілді

Талдықорған қаласының туған күні қарсаңында көп балалы аналар, ауған соғысының ардагерлері, кезекте тұрған азаматтар қоныстой қуанышына ие болды. Оларға пәтер кілттерін облыс әкімі Амандық Баталов, ұшқыш-косманавт, генерал-майор Айдын Айымбетов және басқа да белгілі азаматтар салтанатты түрде тапсырды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталов қуаныш иелеріне ізгі тілегін білдірді.

— Шаңырағың биік, босағаң берік болсын дейтін жақсы тілек бар қазақта. Бүгін сіздердің қуаныштарыңызға осындай тілектерді арнап айтқым келеді. Жаңа баспанада бала-шағаларыңыз өсіп-өнсін, іші шаттық пен бақытқа толсын! Бұл коттеджді қалашық біраз жыл бұрын қолға алынғанымен, құрылысы біраз саябырлап қалған еді. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын жандандырып, соның 100 үйін аяқтап, көп балалы аналарымызға, баспанаға мұқтаж азаматтарға беріп отырмыз. Елбасы жүргізген, жаңа Президентіміз жалғастырған мемлекеттік саясаттың арқасында осындай зор нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Ынтымағымызды сақтап, бірлесе еңбек етсек, бұдан да биік белестерге жетеміз. Қашанда ел іргесі тыныш, еңбегіміз жемісті, ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болсын! – деді А. Баталов.

Қолданысқа берілген 100 баспана «Береке» шағын ауданынан берілді. Тұрғындарды баспанамен қамтуға кәсіпкерлер де өз үлестерін қосқанын атап өту керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ынта танытқандар қатарында «Сарқан Май», «Адал», «Казфудпродакс», «Жаркент Арасан», «Табыс даму», «Нұр-Шапағат», «Ақсу қант», «Вершки» ЖШС-ларының, «Ернар» шаруа қожалығының, Жаркент Крахмал зауытының басшы азаматтары да бар.

Қала күніндегі бұл қуаныш 11 сәбидің дүниеге келуімен де есте қалмақ. Оның 4-і қыз болса, 7-і ұл бала. Қазан айының 3-нен 4-не қараған күні түнде алғаш болып, ер бала жарық дүниенің есігін ашқан. Салмағы 4 келі 100 грам болып туған нәрестеге ата-анасы Айтөре деген есім беріпті.

Аналарды құттықтау үшін қала әкімі Ғалымжан Райылұлымен бірге Талдықорғаннан шыққан ғарышкер Айдын Айымбетов және «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев арнайы келіп, сыйлықтарын табыстады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button