Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамРухани Жаңғыру

МӘДЕНИ МҰРА – «ТАҢБАЛЫ ТАС»

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасы аясында Іле ауданының мемлекеттік қызметкерле-ріне «Таңбалы тас» Мемлекеттік тарихи мәдени және табиғи қорық мұражайына экскурсия ұйымдастырылды.

«Таңбалы» қорығы Балқаш көлі және Шу өзенінің су сағасы бөлетін Шу-Іле тауларының оңтүстік – батыс бөлігінде, яғни Жамбыл ауданы, Қарабастау елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 4 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі таңда Таңбалы қорық – мұражайының жалпы алып жатқан аумағы 3800 га құрайды. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, миллиондаған жылдар бұрын мұнда биік тау шыңдары көкпен таласып тұрғандығы айтылады. Жел мен жауын-шашын салдарынан уақыт тоздырған тау жоталары екі жүзден астам шақырымға созылып жатыр.

Таңбалы тас суреттері — ерте заман адамдарының яғни Қола дәуірінің тасқа салынған суреттері ерекше, көрген адамды таң қалдырады. Ертедегі адамдар күнге күйген жылтыр тау жартастарына жануарларды, адамдарды, арбаларды, соғыс көріністерін қашап салған. Бұл адамзаттың рухани мәдениетін, дүниетанымын білдіретін аса маңызды деректер жиынтығы саналады. Еліміз жартастағы суреттер, петроглифтердің саны және әр алуандығы жөнінен әлемдегі ең бай жерлердің бірі саналады. Қорық-мұражай 2004 жылы 7 шілдеде ЮНЕСКО Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы «Бүкіл әлемдік мәдени және табиғи мұраны қоғау жөніндегі конвенциясымен» «Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтері» бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енді. Бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі номинация бүкіл адамзаттың игілігі үшін қорғауды қажет ететін мәдени және табиғи ескерткіштің аса зор құндылығын дәлелдейді.

«Таңбалы» қорық-музейі экспозициясының басым көпшілігі Таңбалы шатқалындағы табиғи ландшафта орналасқан «жылжымайтын» жалпақ тас беттеріндегі петроглифтерден, сонымен қатар бірыңғай археологиялық кешенді құрайтын басқа да ескерткіштерден тұрады. Кешенде жалпы алғанда жүзге тарта әр түрлі уақытқа жататын ескерткіштерден – б.з.д. ХIII-ХIV ғасырдың ортасынан бастап ХІХ-ХХ ғасырларға дейінгі кең аралықтағы кезеңдермен мерзімделетін қоныстар, қорымдар, ежелгі тас қашау орындары, петроглифтер мен ғұрыптық құрылыстардан (құрбан шалатын жерлер) құрылған.

Аспан асты «Таңбалы тас» Мемлекеттік тарихи мәдени және табиғи қорық мұражайы аумағы өз кезегінде негізгі V топқа бөлінген петроглифтерден тұрады.

Петроглифтердің 1-ші тобы 111 петроглифтерден құралады. қола дәуірінің эскиздері және аяқталмаған суреттері болып табылатын, жануарлардың жеке кескіндері өте үлкен мөлшерде, 60-70 см дейін тұратын үлкен бөліктен тұрады.

Петроглифтердің 2-ші тобы – ең анық сымбатты, көрікті. Мұнда Таңбалының ежелгі 432 петроглифтері орналасқан. Қола дәуірінің суреттері өте ірі, терең және мұқият қашап істелінген. Тек осы жерден ғана «шәйтән кимін киген» адам бейнесін көруге болады. Осы топта Таңбалы жартастарындағы суреттердің өте ежелгі және ең мәнерлі сериясын сипаттайтын орта қола дәуірінің петроглифтері басым.

Петроглифтердің 3-ші тобы қола дәуірінің 444 петроглифтерінен құралған, алайда олардың елеулі бөлігі келесі ғасырларда жаңаланған. Ертедегі композициялардың көпшілігі сақ уақытының және орта ғасырдың петроглифтарымен толықтырылған. Осы топтың петроглифтерін кеңістіктік шешу галереяға ыңғайланып орналаса отырып, қарама-қарсы жағынан оларды бақы-лауға жағдай жасайды.

Петроглифтердің 4-ші тобы қасиетті орынның мәндік және композициялық орталығын түзейді. Мұнда 700 астам петроглифтер бар, олардың көпшілігі онша мәнерлі емес. Олар ертедегі темір дәуіріне, орта ғасырларға және жаңа уақыт кезеңіне (17-19 ғасырлар) жатады. Қола дәуіріндегі бірегей пантеон айырықша құндылыққа ие, онда белгілі тәртіппен және әрқайсысы өзінше ертедегі пұтқа табынушылықтың 7-діни кейіпкерлерімен бейнеленген, ал төменірек 10-жауынгер, жас босанған әйел және дұғаға қолдарын жайып отырған адамдар бейнеленген.

Петроглифтердің 5-ші тобында 1000 астам жартастағы суреттер бар. Қола дәуіріне жататын жануарлар (денесінде жолақтары бар бұқалар, қабан-шошқалар, аттар және басқалар) бейнеленген бірнеше ірі панно, түйеге шегілген сәнді арба, жүк таситын арба, сондай-ақ шоқпарлылар және «күнбастылар» бейнелері жатады. Жалпы алғанда жартастарда 11-құдайлардың бейнесі сақталған, алайда оның бәрі 4-ші топта бейнеленген «пантеонның» бас кейіпкерінің бейнесін қайталайды.

«Таңбалы» қорық-музейінің мамандандырылған жолбасшысы (гид) Нұрмақсутов Қуаныш мемлекеттік қызметкерлерді музей экспозициясының құнды жәдігерлермен таныстырды.

Таңбалы петроглиптер галереясы – біздің ата-бабаларымыздың қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санағандығын және басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениетінің бар екендігін танытады.

Осындай бай мәдени мұрамызбен біз ұлы даланың ұрпағы екенімізді ұмытпайық.

 

М. КАРИБАЕВ,

Іле ауданының Әдеп жөніндегі уәкілі

Басқа жаңалықтар

Back to top button