Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамСпорт

Алматы облысы спортшылары Токиодағы жазғы олимпиадаға жолдама ұтып алды

«Jetisy media» мекемесінің ұйымдастыруымен «2020 жылы Токио қаласында өтетін ХХХII жазғы Олимпиада ойындары» тақырыбына брифинг өтіп, оған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен жас спортшылар қатысты.

«Қазіргі таңда Алматы облысының споршылары келер жылы Токио қаласында өтетін ХХХII жазғы Олимпиада ойындарына садақ атудан және грек-рим күресінен 5 жолдама ұтып алды. 2019 жылдың маусым айында Голландия мемлекетінің Хертогенбос қаласында садақ атудан өткен әлем чемпионатында облыс спортшылары Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин сынды спортшыларымыз 3 жолдаманы жекелей ұтып алса, 1 жолдаманы командалық есепте иеленді»,- деді облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нұркен Нұратов.

Ал тағы бір спикер грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Асхат Ділмұхамедов жеңіске жету жолы турасында баяндады.

Баршаға белгілі, үстіміздегі жылдың 14-22 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында грек-рим күресінен әлем чемпионатында Асхат Ділмұхамедов 5-орын алып, Токио қаласында өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алды.

«Болашақ чемпиондармен кездесіп отырғандығыма қуаныштымын. Нұр-Сұлтан қаласына кіл мықтылар жиналды. Бұл әлем чемпионатының балуандар үшін маңызы жоғары болды. Жүлде ғана емес, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама берілді. Бұл жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында өтеді. Төртжылдықтың басты додасында 33 спорт түрінен 339 медальдар жиынтығы сарапқа салынады деп күтілуде. Бұл жолдамаларға олимпиадалық салмақ дәрежелерінде 1-ден 6-ға дейінгі орындардан көрінген балуандар ие болды. Елорда төрінде өткен әлем чемпионатында 77 келі салмақта жартылай финалда мажарстандық ,Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Т. Лоринцпен белдестім. Бұл жерге мықтылардың мықтысы келді. Осындай бәсекелестік бар жерде, жігеріңді жани түсесің. Жарысты 5-ші орынмен аяқтап, Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алдым. Дүбірлі жарысқа 10 айдан да аз уақыт қалды. Дайындық –жаттығу шаралары басталды. Ендігі арманым- қазақ елінің көк байрағын жоғарыда желбірету»-,дейді Асхат Ділмұхамедов кездесуде.

Спортшы жас жеткіншектерге жеңіс пен мақсатқа жету жолында талмай еңбектену керектігін айтты. Маңдай тер зая кетпейтіндігіне сену керек. Спикерлер қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Данагүл Мәкен

Басқа жаңалықтар

Back to top button