Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғам

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР ЖАҢА МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ АЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжамы бойынша 4 немесе одан да көп баласы бар 3161 отбасы көпбалалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Айта кетерлігі аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да артуы мүмкін. Осы мәселелер төңірегінде Іле аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің басшысы Айтенова Жұмакүл Смайлқызымен әңгімелескен едік.

– Жұмакүл Смайлқызы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, көпбалалы отбасылардың құрамындағы балаларға табысқа қарамастан мемлекеттік жәрдемақы берілетіндігі жөнінде айтып өтсеңіз?

– Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып табылады. Таяуда ҚР Еңбек министрлігі тиісті заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізуді жоспарлап отыр. Аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.

– Президенттің жарлығы бойынша бұл заңда көпбалалы ата-аналар бұл көмекті алуы үшін қандай да бір құжаттар тапсыра ма?

– Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

– АӘК көпбалалы отбасыларға төлене бере ме?

– АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

– «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағы бар аналар жайында не айтасыз?

– «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оны 1788-ге жуық адам алады. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек. Ең басты принцип ­– мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді.

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Н.МОМБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button