Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамРухани Жаңғыру

ӘЛЕМДІ ӘН-КҮЙМЕН ҚАЛЫҚТАТҚАН…

Ауданымыздан шыққан ұлттық өнердің айтулы өкілдері өз алдына бір төбе. Тоқсанға толған киелі мекеннен өнердің бұлбұлдары мен жезтаңдай, дүлдүлдері шығып, осы қасиет ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келеді. Киелі Іле топырағынан шыққан бұлбұл дауысты әншілер мен сазгерлер, Нұрғиса Тілендиев, Әнуар Молдабеков, Торғын Тасыбекова, Асқар Тоқпанов сынды өнер иелерінен құр алақан емес.

Міне, осындай дара да талантты өнер иелері шыққан өлкенің кейінгі буындары да осал емес. Өнер әрдайым ізсіз қалмайды, ол ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, кейінгі буындарға дарып, жалғасып кете барады. Сол секілді жоғарыдағы әнші, күйші домбырашы аға-апалар дәстүрі әр жылдарда жалғасын тауып, ізін қуған өнерлі ізбасарларын қастерлеп, оларды сақтап өнер туын жоғары ұстап келеді. Осы өнер ұжымында соғыстан бұрын және одан кейінгі кезеңдерде қаншама әкелеріміз бен аналарымыз қызмет етті. Іленің киелі топырағынан туындаған осындай аға буын өнерпаздардың талантымен 1999 жылдың көктемінде күміс көмей, жез таңдай әнші, халық ақыны Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызы мен атақты сазгер Әлібек Нұрқожаның бастауымен, өнерге құштар жандарды ұйымдастырып, Өтеген батыр кентінде «Ардагерлер» ансамблі құрылып халыққа қызмет ете бастаған еді. Бұл Тәуелсіздік алған жаңа Астанамыздың ірге тасы қаланып жатқан кезі болатын. Осылайша өнер жалғастығы онан әрі жалғасын тапты. Ансамбльдің құрамына ұстаз, дәрігер, кітапханашы, есепші тағы да басқа қызметте болған зейнеткерлер кірген. Кейінірек ансамбль құрамына өнер сүйер жастар дәрігер-ақын Сату Оралбай, аудандық әкімдіктің бас маманы — әнші Сая Тлеумбетова, саз пәнінің ұстазы Еділ Құмарбаев, сырнайшы Төрехан Хасанов, мәдениет үйінің қызметкері Самат Бегімбетовтермен толыққан еді. Алғашқыда сахналық киімдері болмай, әрқайсысы өз ұлттық киімдерімен басқа да киімдермен сахнаға шығып жүрсе, 1999 жылы 9 мамырда «Энергетик» әкімшілігінің алдында «Жас қазақ», «Менің Қазақстаным», «Еркем-ай» әндерін шырқап алғашқы концертін бастады. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі болған сазгер Әлібек Нұрқожа өмірінің соңына дейін «Ардагерлер» ансамбліне жетекшілік жасады. Содан бері бұл ұжым ауданымыздың әр түкпірін әнге бөлеп, күймен көмкеріп келеді. Бүгінгі күні алды сексен жасқа жетсе де, өнерден қол үзбей жүрген сондай ардагер өнерпаздардың өнері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуда. Бірақ сол жылдары өнердің ортасында жүрген өнерпаз жандардың бүгінде біразы ортамызда жоқ. Күлайхан Әжімұратова, Күлшары Айпова, Лиза Мырзабаева, Жаңылсын Матчанова, Валентин Федорович, Жұмабала Сағындықова, Өзіхан Молдабекова, Кеңес Утеулов сынды азаматтардың рухтарын сағынышпен еске аламыз. Ең алғаш 2000 жылдың 22 наурызында екі халық әні «Еркем-ай», «Жайдарман» және Ш. Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты бар-жоғы осы үш әнмен халық алдына шыққан «Ардагерлерді» жұрт жылы қабылдай бастады. Міне осындай алғашқы қадамдарынан бастап өз қабілеттеріне деген сенімдері сергіп сала берген ардагерлер аптасына бір рет дайындықтан дайындық қалдырмай дайындалып, өнерлерін ұштай берді. Бұл ансамбльдің өзге ұжымдардан айта қаларлықтай өзгешелігі аты айтып тұрғандай жас ерекшелігінде де емес, халықтық болмыс бояудың молдығы, сонымен қатар ең әуелі кәсіби деңгейі мен орындаушылық шеберліктің, үн мен ұйқастың саз бен сабақтастықтың айшықты түрде астасқан әдемі ою-өрнегіндей тартымды мазмұнында болса керек. Сол кездерде ауданымыз тек мәдениет пен өнер саласында ғана емес, басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жағынан облыс әкімшілігі мен жұртшылығы тарапынан үздік деген бағаға ие болып, абыроймен оралып жүрді. Ансамбль жетекшісінің өзінен бастап, жас шамалары алпыстың ар жағындағы салиқалы апайлардың өнерін халық жақсы қабылдай бастады. 2002 жылы 22 қыркүйекте Талдықорған қаласында, облыс орталығының 1 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мерекелік шарада, облыс, аудан орталықтарынан қатысқан өнерпаздардың қорытынды концертінде жүлделі бірінші орынды иеленіп, облыс әкімінің 1 000 000 теңге ақшалай сыйлығының жеңімпазы атанды. 2003 жылы өткен Евразиялық Медиофорумға қатысып, «Талдықорған» тағы басқа әндерді асқақтата шырқап, шетел тілшілерін тәнті етті. 2003 жыл ақпан айында ансамбль жетекшісі Ә.Нұрқожаның «Өнерім-өмірім» тұсаукесер рәсімін өткізді. Ансамбль 2003 жылы 30 шілдеде халықтық атағын қорғау үшін Алматы облысы, Есік қаласында өткен байқауға қатысып, «Халықтық» атақты абыроймен қорғап шықты. Ә.Нұрқожа атындағы «Ардагерлер» халық ансамблінің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына және Іле ауданының «Құрметті азаматы», ҚР «Халық ағарту ісінің үздігі», ҚР «Мәдениет қайраткері» халық ақыны Кенен Әзірбаевтың қызы, әке мұрагері Төрткен Кененқызының 80 жасқа толуына орай «Ән-жырым саған – Тәуелсіздік!» атты концертімен біраз Алматы облысының аудандарын аралап шықты. Өтеген батырдың туылғанына 320 жылдан аса уақыт өтсе де, оның есімі бізбен бірге мәңгі жасайды. Ансамбль Жамбыл облысы Қордай ауданында болып, Орал Сатуұлының сөзіне жазылған Әлібек Нұрқожаның «Өтеген батыр» әнін орындады. Осындай киелі жердегі асыл аналар ансамбліне 20 жыл толып отыр. Қазіргі күні ансамбльдің репертуары да өте бай. Халық әндері, Отан, ел, туған жер туралы және әр ұлттың билері мен әндері бар. Бұл ансамбль қазір өз репертуарларын күрделендіре түсті десе де болғандай. Себебі қазіргі күні бұл ұжымның репертуарында тек әндер емес, театрландырылған қойылымдар да бар. Аудан, ауылдардағы өтетін барлық жиын, кештер ансамбльдің қатысуынсыз өтпейді деп толығымен айтуға болады. Ансамбльдің қазіргі музыкалық жетекшілігін атқарып жүрген Құматай Байкенұлы болса, сонымен қатар, ансамбльдің ардагерлері Сара Қаймолдақызы, Шынасыл Утеулова, Серікгүл Шақыбаева апайлардың аттарын атай кеткен де жөн болар. Ал Күнсұлу Отарбаева апай барлық игі істердің басы-қасында жүрсе, Несіпкүл Пошанова апайымыз ансамбльдің белді бір әншісі болып қана қоймай ансамбль мүшелеріне ұлттық киімдерін тігетін тігінші. Өздері ән сала жүріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы барлық іс-шарадан қалыс қалмайды. Ал өнер десе ішкен асын жерге қоятын қос Сауле апайларымызды қалай атап өтпеске. Яғни Сауле Ретайқызы мен Сауле Заманбекқызы. Қазіргі ансамбль құрамында әр салада, әр түрлі мамандықта қызмет жасап, кезінде аудан өнеріне өздерінің үлестерін қосып, таланттарымен танылған өнер ардагерлерінің барын мақтан етеміз. Ансамбль ардагерлері арасында сонау Теміртаудан зейнетке шығып келген инженер-техник Гүлдариға Абилова, физик маман Ботан Керімқұлова, жеке кәсіпкер Нұрғайша Қатарбековалар бар. Бірнеше жыл аудандық кітапхананы басқарып, қазіргі күні құрметті демалысқа шыққан Мейрамгүл Түйебайқызының әншілік өнерін айтпаса болмас. Осындай өнер жанашырлары бар кезде, қазақ өнері әрқашан қалықтай бермек. Ансамбльде сонымен бірге анасы Төрткен Кененқызының ісін жалғап ансамбльге жетекшілік жасап жүрген Жұрынова Баян апайдың орны ерекше емес пе?! Анасы Төрткен Кененқызы әке жолын жалғаса, Баян апай ана жолын жалғастырып, келешек ұрпаққа берер үлгі өнегеден құр алақан қалған емес. Ансамбльге жаңадан келген әнші Жеңісханның дауысы қандай десеңізші, шіркін!

— Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады»,- деп атап өткендей, ансамбльдің ұлт руханиятын дәріптеудегі алар орны айрықша. Ұлыларымызды ұлықтап, олардың өткен өміріндегі өнегелі жолдарын үлгі ету — бүгінгі ұрпақтың парызы деп білеміз.

Өнер ұжымына шығармашылық табыс, халыққа абыройлы қызмет, шаңырақтарыңызға шаттық, ғұмыр жастарыңыз ұзақ болсын деп тілейміз. Қос заманның арасында алтын көпір болып, тәлім-тәрбие, тәжірибе, білімдеріңізді жастармен бөлісіп, ән мен күйдің қанатында қалықтап жүре беріңіздер дейміз. Ардагерлерден құралған ансамбльге жалындаған жігіт жастарыңыз құтты болсын дейміз! Әрдайым өнер биігінде қалықтай беріңіздер.

 

Нұргүл САБАҚАНОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button