Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратЗнай нашихҚоғамТұлға

БИІГІ АЛАСАРМАҒАН АЗАМАТ

Асқар тау қандай биік болса, отбасындағы әкенің орны да сондай биік. Бүгін асыл ағаның орны да өз отбасында, өзге орындарда болсын ерекше. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты бойына сіңірген, сонымен қатар заман талабына сай кез келген ортада өзінің кісілік қасиетін жоғалтпаған ӘМЗЕ ӘЛДИБЕКҰЛЫ ИСАЕВ 70 атты биіктің төріне шығып отыр. Шындығында мұндай қасиетке ие адамдар өзгелерден ерекшеленіп тұрады. Осындай жаны жайсаң, көңілі ашық, ерекше сабырлылығымен, біліктілігімен ұжымда мәртебесі асқақтап жүрген, ортасына сыйлы, мейірімді де қайырымды жанның бірі және бірегейі – Әмзе Әлдибекұлы Исаев. 

Чапай ауылында сарша тамыз сары-ала күзде дүниеге келген Әмзе Әлдибекұлы алдында екі ағасы тұрса да, кішкентай кезінен отбасындағы балалардан ерекшеленіп тұратын. Ол тек үйінде емес, ауылда да аты шулы болды. Қай жерде ойын, қай жерде төбелес болса ол суырылып алда жүретін. Сонда да өзі қатарлас жолдастары оны сыйлап, алдынан кесе көлденең өтпейтін. Басқа біреулер, көрші-қолаң оның тентектігіне шағым жасап жатса әжесі Мейізбала: «Менің балам жай тентек емес, ақылды тентек, көрерсіңдер әлі, ол Иса атасы сияқты болыс болады» деп отырушы еді. Елдің, халықтың қамын ойлап, уақытының көбін әйел болса да ат үстінде өткізетін, сөйтіп жүріп, ауылдастарын тәрбиелеген Мейізбала әжесі сөзге шебер, бабалар өсиетіне адал, арғы-бергі тарихты жақсы білетін еді. Арғы аталары Алтай бидің Хангелді деген ұрпағынан тараған Иса Сарытауқұм болысында болыс болып, ел-жұртты аузына қаратқан ақылды кісі болған екен. Оның баласы Әлдибек те діни мектепте бес жыл оқып, 22 жасында Чапай ауылындағы Ворошилов ауылдық кеңесінің алғашқы төрағасы болған, колхоз басқарған. Уақыт алға жылжып, заман өзгеріп, діни білімнің қажеті болмай қалған кезде орнын босатып беріп, совхозда жұмысшы болып еңбек еткен. Анасы да бейнетқор, еңбекқор адам болды. Кезінде алаштың арысы Сәкен Сейфуллинмен қоян-қолтық араласып бірге жүріп, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен бауыры Сұңғатов Әлжанды аузынан тастамайтын анасы Бәдіғұл отбасының ұйытқысы болуымен бірге совхоздың жұмысынан да қалмайтын.

Үшінші ұлы Әмзе дүниеге келген жылы аста-төк молшылық жыл болды. Әкесі 57 жасында көз жұмды. Өзі көзінің тірісінде Әмзені үйлендіріп, отау тігуін өтінді. Әкесі 22 жасында ауылдық кеңеске қарасты дүйім жұртты басқарса, Әмзе дәл осы жаста үлкен бір әулеттің жол бастар басшысы болды. Алдындағы ағалары жас болса да, әулеттің билігін оған тапсырып, отбасының тірлігіне байланысты кез-келген істі інілерімен ақылдасып, одан кесімді жауабын күтетін. Әмзе Әлдибекұлы жұмыс істей жүріп жоғары білім алуды алдына мақсат етіп қойды. Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумын, одан соң Қазақтың ауылшаруашылық институтын сырттай оқып бітіріп, жеміс-жидек және жүзім шаруашылығының маманы болып шықты. 1993 жылы Ащыбұлақ селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Әмзе Әлдибекұлы өзінің іскерлігімен үлкен істерді атқара білді. Сол еңбегінің арқасында 1996 жылы Іле аудандық әкімінің орынбасарлығы қызметіне жоғарылатылды. Екі жылдан соң аудандағы ең үлкен округ Боралдай кентіне әкім болып тағайындалды. Одан кейін өзінің балалық шағын өткізген, оқып-білім алған ауылы – Ащыбұлақ селолық округінің әкімі болды. 2009 жылы «Nur Otan» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының орынбасары қызметіне көтерілді. Осынау лауазымды қызметтің қай-қайсысында болмасын ол ең алдымен халыққа жақын болуға тырысты. Осы қызметінен кейін өз қалауымен зейнеттік демалысқа шықты. Дегенмен зейнеткерлікке шыққанымен, ел алдында қызмет етіп жүрген адамға үйде отыру сондай қиын шаруа екені айтпаса да түсінікті. Сол кездегі әкімнің өтінішімен аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы болды. Мұнда да ардагерлердің белсенділігін көтеру, оларды қоғамдық жұмыстарға көптеп тарту, әртүрлі игі шараларға қатыстыру сияқты істерді қолға алып, әр ауылдағы ардагерлердің жағдайын жасауда тыным таппады. Осы қасиетімен үлкенді де, кішіні де әдеппен сыйлағандықтан әлі күнге барлығы Әмзе аға деп құрақ ұша қарсы алады. Ол кісімен сөйлесіп тілдескеннің өзі бір ғанибет. Өйткені, сымбатты, көрікті келбетімен қатар жылы жүзділігі сөйлескен адамды өзіне магниттей тартып алатын қасиеті бар. Ол кісімен сөйлес­кен­нен кейін көңілің көтеріліп, мықтыларға тән бойыңда ерекше күш пайда болады. Әмзе аға бұйымтаймен келген кісілерге шамасы келгенше жақсылығын аямайды. Әмзе ағаның тамаша қасиеттерінің бірі – жақсы­лық істегенін білдіртпейтін және жақсылық істедім деп бетіне басып мақ­тан­ға бой ұрмайтын адам. Оның өмірге құштарлығы, адамдарды аялай білетін­дігі, жақынының қадіріне жетіп, жақсылық атаулыны жанымен қабылдап, бәріне риза сезіммен қарап жүргені – Жаратқанның сыйы болса керек. Ол өмірде де сондай. Отбасын – балаларын, жарын барынша ардақтай біледі. Немере-шөберелерінің ортасында бақытты сәттерді басынан өткереді. Сөзі де, өзі де шынайы. Бір сәт те бос отырмай, өмір бойғы тәжірибесімен, жан жылуын таратып, тағылымды өмір кешсем дейді. Әр істеген ісінен сол ниеті көрініп тұрады. Кішіпейіл, бауырмал мінезімен баурап алатын ақкөңіл ағаның өмірі ұзақ, әр жүрген соқпағы нұрлы болғай. Әмзе Әлдибекұлы жасынан жаны сүйіп қосылған сабырлы, салмақты өмірлік қосағы Майра апай екеуі шын мәніндегі бақытты әулеттің көшін байыпты бастап келеді. Сондай-ақ жапырағы жайқалған алып бәйтеректей саясына көптеген немере мен шөбересін алып алға бастауда. Бір сөзбен айтқанда, ӘМЗЕ ӘЛДИБЕКҰЛЫ – адамгершілік деген ұлы ұғымды ұлық тұтып, сол қасиетінің арқасында биіктен көрініп жүрген жан. Асқар тау әке болып отырған Әмзе Әлдибекұлының отбасына бақ-береке тілеп, еңбегінің жемісін көруіне тілектеспіз. Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын дейміз!

 

Р. АЙДАРБЕКОВА.

Н. МОМБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button