Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғам

МЕРЕЙІҢ ҮСТЕМ БОЛСЫН, «ТАБЫСТЫ МЕКТЕП!»

Еліміздің болашағын тәрбиелейтін отбасы мен мектеп екендігі белгілі. Білім ордасында балаларымыз білім алумен қатар өмір сүруге бейімделуді, қабілеттерін ашу және шыңдалуға үйренеді. Біздер ата-аналар, балаларымыздан қашанда жарқын болашақ күтеміз.

Осындай қасиеттерді бала бойына сіңіріп, ауылымызға қызмет көрсетіп отырған Байсерке ауылындағы №12 орта мектебінің жемісті жетістігімен мақтанып отырамыз. Соның тағы бір дәлелі, Алматы облысы әкімінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Үздік ауыл мектебі» байқауына қатысып, 17 ауданнан келген білім мекемелері арасында жеңімпаз атануы. Шығармашылық бағытта жұмыс істейтін үздік білім шаңырағын анықтау, озық іс-тәжірибені тарату, ауыл мектебін қолдау мақсатында өткізілген сайыстың бірінші кезеңінде білім беру мекемелері жетістіктерінің портфолиосы сараланған. Одан кейін, байқауға қатысушылар өзін-өзі таныстыру сынынан өтіп, ал, үшінші кезеңінде мектеп моделі қорғалды. Нақтырақ айтқанда, соңғы кезеңде ұстаздар білім берудің озық технологияларын қолдану аясын, нәтижелі жұмыс үлгілерін ортаға салып, мектептің жалпы ұстанған бағыт-бағдарын атап өтті. Сайыста ұстаздардың шығармашылық ізденісіне баса көңіл бөлінді. Мектептің үш жылдағы жетістіктерінің өзі қаншама!

Байқау нәтижесінде мектептің директоры Ибраймова Табиғат Төлеуқызы бастаған топ үш кезең бойынша бақ сынасып, жүлделі II-орынды иеленді. Біздер, мектептің ата-аналары, балаларымыз білім алып отырған мектеп ұжымының осындай табысқа жетуін мақтаныш етеміз. Білім ордасы өзінің мәртебесін осылай танытқандығына ризашылығымызды білдіріп, бұдан да жоғары жетістіктерге жетеді деген сеніміміз мол.

Мектеп ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз!

 

Салтанат КЕҢЕСХАНОВА

Кульжан НИГМЕТОВА, ата-аналар атынан 

Басқа жаңалықтар

Back to top button