Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗнай нашихҚоғамТұлға

ЖАСЫҢЫЗ ЖҮЗГЕ ЖЕТСІН ЖАН АҒА

Қазан айы толып, қоңыр күздің үшінші есігін ашқалы отырған қарашаға бет алғанда Ащыбұлақ ауылдық округінде киелі Іле жеріне есімі етене таныс, ауданымыздың Құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты Исаев Әмзе Әлдибекұлының мерейлі 70 жасқа толу мерекесі өтті. Ауыл болып, аудан болып екі жақтап ақсақалымызды құттықтадық. Елпілдеп алдынан шығып есендескен жұрттық қарасы көп. Неге дейсіздер ғой. Өз ауылында туылып, өзі тұрған жеріне бүкіл өмірін сарп ететін адам, білікті маман, білгір кадр кемде-кем. Әмзе ағамыз аманат деген қасиетті ұғымға қатты мін беретін адам. Әкесі Әлдибек Исаевтың ақ таяғын арқалап, туған елге, жерге деген адал іске тастап кеткен аманатын абыроймен атқарды. Өсті өнді, өркендеді. Жапырағын жайған байтерекке айналды.

Әмзе Әлдибекұлының мерейлі тойын Жәпек батыр ауылындағы №36 орта мектеп ұжымы мен округ әкімшілігі, жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері арнайы дайындап ұйымдастырды. Қонақтарға арнап мектептің акт залында кішігірім концерт қойды, әр округтен келген ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері ақ тілегін ақтарды. Иығына оқалы шапан жауып, ақсақалдар жарыса бата берісті. Ақ тілекті аудан әкімінің орынбасары А.Сатибаев бастады, аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Е. Тұрымбетов қоштады, аудандық мәслихат хатшысы Р. Абилова да ақ тілектің тиегін ақтарды.

Акт залды әуелете ән салған округ ұстаздары ән салса да жандарын сала шырқады. Асыл ағаның тойының ажарын ашты. Қоңыр күздің аспаны шайдай ашылып, тойшыл қауымның көңілі Айдай нұрланды. Тұлғасына туған топырақ ерекше тебіреніп, еріне сүйінген елі бөлек еміренеді. Ыстық ықыластары соғар алақанынан, анандайдан көрініп тұр.

Кештің соңында мінберге көтерілген той иесі Исаев Әмзе Әлдибекұлы «Алдымен туған еліме рахмет! Ауылдастарыма шынайы ықыласымды білдіргім келеді! Рахмет! Мына араларыңда отырған жан жарым Мариямға да алғыс айтамын! Қашан да жанымда болды. Ер азаматтың тылы мықты болса, ол ешқашан еңбек етуден қайтпақ емес. Мен бақытты адаммын. Ауылымның қара топырағына аунап өстім. Осы ауылдың отынымен кіріп күлімен шықтым. Қолымнан келгенше ел іргесін көтердім. Әкем Әлдибек пен еңбектегі ұстазым М. Түймебавтың табыстап кеткен аманатын орындадым. Ендігі уақыт жастарға аманат», — деп тебіреніп аяқтады.

Ал аға, мерейлі ойыңызда Димекең айтпақшы: «Желгізіп жетпіске келдіңіз, енді Секіртіп сексеннен өтіңіз.Тоқсанда тоқтамай, Жүзге барғанда қараймыз!» – депті. Жасыңыз жүзге жетсін! Елдің ықыласына бөленіп, берекелі, мерекелі шаңырағыңызда Мариям апай екеуіңіз тең жүріңіздер!

 

Б.ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button