Ғайбат — адамның сыртынан жаман, ол жақтырмайтын сөз айту. Демек, бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан айтылуы. Мұсылман ғайбат сөз бен нақақ айтылған өсектен аулақ болуы керек. Өйткені, ол ислам дінінің ғайбат айтуды құптамайтынын жақсы біледі.-  Алла Тәъәлә мұсылмандардың бір-бірінің сырттарынан ғайбат сөз айтып, бір-бірлерін мазақ қылуға қатаң тыйым салған. Ғайбат, өсек айту өлген бауырының етін жегендей үлкен күнә болып саналады. Оған дәлел ретінде Құрани Кәримдегі Хужурат сүресінің 11-12-аяттарында:

«Ей, иман келтіргендер! Бір адамдар басқа бір адамдарды келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер һәм бір-бірлеріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман?! Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында ойлардың кейбірі күнә. Бір-бірлеріңді аңдыспаңдар, бір-бірлеріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар! Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар! Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді» — деп айтылады.

Жоғарыда келтірілген аятты мына хадис толықтыра түседі. Бірде Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан:

«Ғайбаттың не екендігін білесіңдер ме?» — деп сұрайды. Сахабалар: «Алла мен Оның елшісі білер», — деседі. Сонда Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол — бауырың туралы сыртынан ол ұнатпайтын түрде еске алып айтуың», — дейді. Бір сахаба: «Ал сондай сипат оның бойында болса ше?» — деп сұрайды. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың», — деп жауап береді.

Жалпы алғанда ғайбат айту үлкен жамандық. Оған дәлел ретінде Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры — оған зұлымдық қылмайды, оны қолдаусыз қалдырмайды, оны жек көрмейді, бір адамның жамандығына мұсылман бауырын жек көруінің өзі жетіп жатыр. Әрбір мұсылманға басқа мұсылманның қаны, малы, ар-ожданы харам».

Мұсылман дегенде көз алдымызға намаз оқып, оразасын ұстап, садақасын беріп жүрген адамды елестетеміз. Алла Тәъәләның алдында нағыз мұсылман болу үшін тек намаз оқып, ораза тұтып, садақа беріп қана қоймай, адам өзінің тіліне де ие болуы керек. Мына бір хадисте:

«Бір адам пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  «Я, Расулулла, бір дәулетті әйел күнде садақа береді, бес уақыт намаз оқиды, көп жақсылық жасайды. Бірақ тіліне ие бомайды. Ал басқа бір әйел бар, ол кедей тұрады. Ешқандай садақа бере алмайды. Бес уақыт намаз оқиды. Бірақ тіліне ие болып, ешкімді тілдемейді. Осы екі әйелдің қайысысына сауап жазылады» — деп сұрады. Сонда ардақты пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бай әйел көп қайыр-садақа бергенімен, тіліне ие боламаса, оның  жақсылығының сауаптарын айтқан ғайбаты мен балағаттаған тілі жойып отырады. Ал екінші әйелдің қолы қысқа болып, қайыр-садақа бере алмаса да, тіліне ие болады, ешкімді ғайбаттаған жоқ, оның барар жері — жәннат», — деді. Міне, намаз оқып, ораза тұтып, бірақ басқа адамға тіл тигізіп, өсек, ғайбат айтқан адам бұл әдетін қоймаса, оның ғибадатының сауабы болмайды. Адам баласының тілі кіші болғанымен оның адамға тигізер пайдасы да, зияны да өте көп. «Басқа бәле — тілден» — деп аталарымыз бекер айтпаған. Кейбір замандастарымыз ғайбаттан сақтанған болып, «Одан да бетер нәрселері бар. Бәрін айта берейін десем, ғайбат бола ма деп қорқамын» дейді. Ал шындығында, бұлай сөйлеу — ашық айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ғайбат пен өсек-аяң адамның нәпсісін семіртеді. Олар өздері ғайбаттаған адамдарының күнәларын істемейміз деп ойлайды да өзін басқалардан жоғары санайды. Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ сол күнәні өздері де жасағанын байқамай қалады. Ондай адамдарға Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен мына риуаятты келтіруге болады. Бірде Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне зарар бермесін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын жақсы күтсін. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін».

Мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып, адамның сыртынан долбарлап әңгіме айту опық жегізетін жаман қасиет. Алланың елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) болжаммен әңгіме айтуға тыйым салған. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ойлардан (күмәнді ойлардан) сақ болыңдар! Расында ой (яғни, оймен долбарлап айту) — әңгіменің ең жалғаны», — деген. Бұхари риуаят еткен. Раббымыз бізді рас сөз сөйлеп, өсек-ғайбаттан аузына алмайтын шынайы мүміндерден қылсын! Өлі адамның етін жеумен тең болатын үлкен күнәдан — ғайбаттан сақтасын!

Егер біреуді талқылап жатқан әңгіменің үстінен түсіп қалсаңыз, оның жақсы жақтарын айтып ақтап алуға тырысыңыз. Аузыңызға сөз түспесе, үндемеген дұрыс немесе әңгімелерін басқа жаққа бұрып алып кетіңіз.

Бірде ел таныған ғұламаға бір кісі келіп: «Сіз бір шәкіртіңіздің не деп жүргенін білесіз бе?» — дейді. Сонда ғұлама: «Біреудің айтқан сөзін жеткізбес бұрын оны мынадай үш сүзгілі фильтрден өткізіп алғаның жөн: Алғашқысы — шындық. Соған салар болсақ, айтпақ сөзіңнің рас екеніне көзің толық жете ме?» — дейді. Әлгі кісі: «Шынымды айтсам, өз аузынан естімедім» — дейді. Сонда ғұлама: «Онда екінші сүзгіден өткізейік. Ол — жақсы сөз деп аталады. Айтатын хабарың жақсы сөз бе еді?» — деп сұрайды. Ол кісі: «Жоқ, керісінше болатын» — дейді күмілжіп. Ғұлама: «Онда үшінші сүзгіден өткізіп көрелік. Мүмкін бұл сынақтан өтерсің!? Ол — пайдалылық деп аталады. Ал енді мына хабарыңның маған қаншалықты пайдасы бар?» — деп сұрайды. Әлгі кісі қатты қысылып: «Пайда бермейтін әңгіме еді» — дейді жерге қараған күйі. Сонда ғұлама: «Өзі сенімсіз болса, әрі жағымсыз әңгіме болып, маған түк пайда келтірмесе оны маған қай жақсылық ойлап жеткізгің келді?!» — деген екен.

Қазір ғаламтор арқылы ғайбат, өсек жаюдың түрлері дамып келеді. Әлеуметтік медиа біздің күнделікті өміріміз іспетті болып кеткендіктен, ауызбен айтқан мен ғаламтор арқылы тарату — екеуі бір нәрсе. Бүркеншік ат жамылып таратсаңыз да, Алла бәрін көруші екенін ұмытпаңыз.

…«Ғайбаттан сақтаныңдар, өйткені, ғайбат зинадан да ауыр. Адам зина етіп, тәубе етсе, Алла тағала оның тәубесін қабыл етеді. Ғайбатталған адам, ғайбат еткен адамды кешірмейінше, кешірілмейді» — дейді хадисте Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Ғайбат, сөз тасудан және басқа да күнәлардан қашу нәпсімен жиһад етуге жатады. Бұл — үлкен жиһад. Ғалымдар мен ғұламалар ғайбат айтудың үш түрін былай тармақтайды: бірінші, күпір болған ғайбат — ғайбат етіп «менің айтқаным ғайбат емес, онда бар нәрселерді айттым» десе, харам болған ғайбатқа халал дегені үшін күпір болады. Онсыз да онда бар болған нәрсені айту ғайбат болады. Ал онда болмаған нәрсені айту жала болады, яғни, одан да үлкен күнә болады. Бұлай айтқан адам күпірге тәубе ету секілді тәубе етуі керек.

Екінші, естілген ғайбат — айтқан ғайбатын ғайбатталған адамға естірту. Бұл үлкен күнә болып табылады. Тек тәубе етумен кешірілмейді, одан кешірім сұрап, оның разылығын да алу керек болады.

Үшінші, естілмеген ғайбат — ғайбатталған адам бұдан хабары болмайды. Тәубе және истиғфар айтумен және оған игі дұға етумен кешіріледі.

«Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар» деген хадис те бекер айтылмаған. Мақшар таңындағы машақаты мен қайғысы мол күнді еске ала отырып, амал дәптеріміздің беттерін адамдардан кешірім сұрап, тазалап алғанымыз жөн. Ғұлама Мәулананың: «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл-есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр» дегенін жадымызға мықтап түйсек игі.

 

Бидайбек ЖАЙСАНҒАЛИ,

Екпінді мешітінің имамы