Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, заманасынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» — деген еді. Осы мақсатта КазЦИК ауылдық округінде игі істер атқарылып жатыр.

Соның бірі «Жастар жылына» орай аудандық ардагерлер ұйымы бекіткен кестеге сәйкес өткізілген «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты көріністік бағдарлама. Бағдарлама КазЦИК ауылының Ә.Молдабеков атындағы №6 орта мектебінде ұйымдастырылды. Шараға аудандық ардагерлер ұйымының төраға орынбасары Ж.Серьянов, аналар кеңесінің төрайымы Ғ.Нәдірбекова, М. Түйебайқызы, Т. Кененқызы және өзге округтің ардагерлер кеңесі қонақ болды. Сондай-ақ, округтің қоғамдық кеңестері, ардагер ұстаздар, жастар қатысты. Тағылымы үлкен, тәрбиелік мәні бар шарада үлгілі қазақ отбасы туралы көрініс қойылып, халық әндері шырқалды.

Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген салт-дәстүрін, өнерін, тәрбиесін халыққа насихаттау, еліміздің болашағы жастарға түсіндіру «Рухани жаңғырудың» бір парасына жатады. Алдағы уақытта еліміздің елдігін сақтап, ұлыларымызды ұлықтаған осындай игі шаралар көп болуын тілейміз.

 

А. ЖҰМАМҰРАТ,

КазЦИК ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы