Шындығында Елбасы мен Астана

егіз ұғым екені айтпаса да түсінікті жайт.

Бұл екеуі бірін-бірі толықтырып, көріктендіріп тұрады!

Бүгін – Елбасы күні, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күні! Алатаудың баурайында, жер жәннаты – Жетісудың көркем жерінде орналасқан мәңгі жастықтың қаласы – Алматыдан қыстың аязы қақап тұрған кезде табиғаты қатал, азынаған желдің өтінде тұрған, облыстың орталығын Ақмолаға көшіп келіп, Сарыарқаның төсінде Елордасы – Астананы Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялағанда былайғы жұрттың Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай батыл да өміршең шешімін бірден түсіне қоймағаны да шындық еді.

Ол кезде Алматыдан Ақмолаға көшуге сапарға шыққандардың бәрі дерлік жүрексінген, алдағы күндерге нық сенімі болмаған еді. Елбасына сенген, Елбасын құрмет тұтып сыйлаған халық «Елбасымызға ерейік, Нұрсұлтан Назарбаев бізді Сарыарқа жеріне үлкен үмітпен бастап барады» деп сол кезде Тұңғыш Президентімізбен бірге болғанын дәтке қуат санаған, сүйікті Елбасының нық шешімін іс жүзінде бірауыздан қолдаған еді.

Халық та, Елбасы да Сарыарқаның сақылдаған сары шұнақ аязын жеңіп, жаңадан ашылған Астананы аз жылдардың ішінде дүниежүзіне танытты.

Тұңғыш Президентіміздің алға қойған мақсаты орындалып, Сарыарқа төсінде әлемдік стандарттарға сәйкес салынған жаңа астана бой көтерді. Бұл Тұңғыш Президентіміздің өміршең идеясының жеңісі еді, Ұлт Көшбасшысының болашақты дәл болжай білген кемеңгерлігі еді! Қазір мұны бүкіл әлем мойындап отыр.

Содан бері жиырма бір жыл өтті. Астана ғарыштық жылдамдықпен іргесін кеңейте берді, Бас шаһарымыз күн санап көркейе берді! Сондықтан да ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Елорданың атауын «Нұрсұлтан» немесе «Назарбаев» деп ауыстыруды ҚР Мәжіліс депутаттарының атынан Қ. Сұлтанов ұсыныс жасаған еді. Міне, сол ұсыныс аяқсыз қалмай қазіргі күні еліміздің Елордасы – «Нұр-Сұлтан» атауымен аталады. Шынында да Астанадай тамаша қала аз уақыттың ішінде пайда болып, дамыған 50 елдің қатарынан орын алғаны – барлығымыздың бүкіл қазақстандықтардың кеуделеріне қуаныш, мақтаныш ұялатары сөзсіз. 30 жылдан астам ел басқарған, елімізді осындай дәрежеге жеткізген, Еліміздің жүрегі «Астана» қаласына «Нұр-Сұлтан» есімін беру өте орынды болса керек.

Елбасы мен Астана – бір-бірінен ажыратылмайтын, бірін-бірі көркейтіп тұратын егіз ұғым! Үлкеніміз бар, кішіміз бар, біздің мақтан етер, он жеті миллионнан астам халықты дұрыс жолға салып отырған Ұлт Көшбасшысының өмірі мен өлшеусіз еңбегі кейінгі жас буынға теңдесі жоқ үлгі-өнеге!

 

Н. МОМБЕК