Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыДін және қоғамҚоғамРухани Жаңғыру

МӘУЛІТ – МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ

Өтеген батыр кентіндегі «Өтеген батыр Сәбденұлы» мешітінің бас имамы Мұхтар Абсаматовтың ұйымдастыруымен, аудандағы барлық мешіттердің атсалысуымен және аудан әкімшілігінің қолдауымен қасиетті Мәуліт мерекесі аталып өтті. Мерекені Өтеген батыр Сәбденұлы атындағы мешіттің пресс хатшысы, Республикалық білім беру ісінің үздік қызметкері, ақын, ұлт жанашыры Камнұр Тәлімұлы жүргізді. Пайғамбарлардың соңғысы, әрі сардары Мұхаммед (с.ғ.с)

Екі дүниенің мырзасы, ардақтысы,

Адамзаттың асылы салмақтысы.

Алла да осы адамнан жан біткеннің,

Ақырғысы бір өзі алғашқысы, —

деп алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Қожабекұлы: «Бұл айды атап өтудегі негізгі мақсат ел бірлігін насихаттау, салауаттар айту, жастарға ғибраттылық қағидаларын түсіндіру. Бүгінгі күні елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрса, соның 34 мыңдайы біздің ауданымызда тұрады. Бұл дегеніміз біздің қазақ елінің кеңдігі деп айтқым келеді. Аудан көлемінде 24 мешіт ҚМДБ-ның филиалы халыққа қызмет етіп отыр. Имандылық пен ұлттық болмысын бірінші орынға қойған қазақ деген еліміз жылдан-жылға дамып, халқымыз имандылыққа ден қойып, мешітте жамағат көбеюде. Осындай діни іс-шараларда ауызбіршілікпен белсене қатысу үлгі өнеге. Барлықтарыңызды қасиетті Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», – деді. Одан әрі әкім сөзін жалғаған аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Сапарұлы мен Қазақстан Республикасына танымал Дін ғұламасы, «Нұр-Мүбәрак» Египет университетінің ғылым докторы Ризабек Батталұлы сөз алып, жиналған жұртшылыққа қасиетті Мәуліт айы туралы түсінік берді. «Мәуліт – пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүние есігін ашып, қараңғы әлемге қуаныш нұрын ала келген күн. Пайғамбарымыз Мекке мен Мәдинаға келгенде қалалықтар Оны (с.ғ.с.) «Толықсыған ай туды» деп қуанысып, жолын сарыла күтіп қарсы алған болса, Пайғамбарымыздың туылған күнін біз де Оның (с.ғ.с.) тамаша қасиеттерін, көркем мінезін еске ала отырып, атап өтуіміз жөн. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған салауат айтса, періштелерім оған он салауат айтады», – депті. Сондай-ақ, Мәуліт оқылып, салауат айтылған жерге Алланың нұры мен шапағаты төгілетіндігі де айтылған», – деген ол мәңгілік елдігімізді сақтау үшін қашанда Ислам дінінің құндылықтарына бет бұру керектігін жеткізді. Мәуліт кешінде Алматы облыстық «Қарасай баба» атындағы мешіттің бас имамы Қуаныш Бақытбекұлы Мәуліт айының қазір аудан, ауыл көлемінде өткізіліп жатқандығына тоқталды. Мәуліт кешінің бүгінгі ерекшелігі алғашқы қасиетті Құран Кәрім түскен тіл – араб тілінде болды.

Қасиетті — Құраным,

Құраным жанған шырағым,-

дегендей кештің құрметті қонағы «Әл-Асқар» университетінің докторы, «Нұр-Мүбәрәк» университетінің ұстазы Нурул Азб араб тілінде уағыз айтты, жиналған жамағат уағызды «Қарасай баба» мешітінің наиб имамы Бекболаттың аударуымен тыңдады. Одан әрі асыл Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жайында шағын фильм көрсетіліп,

Досы менен дұшпанға мейірімді шын,

Бар ғаламның мырзасы, ардақтысы.

Шексіз сүйем өзіңді пейілің үшін,

Ғазиз жан деп сан-сан ғасырымда,

Құрметтісің қашанда Расул-Алла,

Саллаулаху Уалайху Ассалам деп,

Салауатты жолдаймыз асыл тұлға, —

деген жыр жолдарымен Мәуліт оқылды. Қасиетті мәулітті Покровка ауылындағы «Әбу Ханифа» мешітінің бас имамы Бабаназар қари, «Нұр Мүбәрак» университетінің студенті Баубек Қалиев, Қызылту ауылындағы «Қожабек ата» мешітінің найб имамы Қайырбек қари оқыды. Мәуліт айының құрметіне оқылған салауаттан кейін жиналған жамағатқа К.Тәлімұлының шәкірті жас ақын Бағжан өз шығармашылығынан қасиетті Пайғамбарымыз бен Ислам діні жайындағы жырларын оқыды. Қасиетті Мәуліт кешінің жалғасын ауданымыздағы «Әлібек Нұрқожа» атындағы әжелер ансамблінің әншілері ән арнаса, тағылым мен иманға толы кеш берекелі дастарханда жалғасты. Рухани жиынның дастарханында да Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) сахабаларына қалдырған өсиеттері мен Құран аяттары оқылды. Алла Елшісіне арнап ақындар мадақ өлеңдерін оқып, күйшілер күй шертсе, жиылған қауым ақжарма арнауларын айтты. Мәуліт – иісі мұсылман үшін ең қадірлі айдың бірі. Қасиетті мерекеде Пайғамбарымыздың туғанына барша қауым қуанып, шүкірлік айтады. Алла Елшісінің өмірінен сыр шертер осындай мазмұндағы рухани кештер жалғасын тауып отырса нұр үстіне нұр болар еді. 30 күнге созылған қасиетті ай жамағаттың жақсылыққа, имандылыққа бет бұруына үлкен мүмкіндік.

 

Нұргүл САБАҚАНОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button