Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМерекелер

БАЛА ШАҚТАН — БОЛАШАҚҚА!

Халқымыз ежелден ел болашағына, ұлт тағдырына ерекше жауапкершілікпен қараған. Әсіресе, осы тұста бала тәрбиесі аса маңызды аспект болып табылады. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» — деген нақыл сөз осының дәлелі. Бұл өсиет ел алдында жауапкершілігін сезінген, ұлт тағдырына алаңдаған әрбір азамат үшін зор маңызға ие. Осы салада қажырлы еңбегімен, тынымсыз ұмтылыспен еңбек етіп келе жатқан «Ай-Нұр» жекеше лингвистикалық гимназиясының орны ерекше. Сонау 1999 жылы Қасымова Айман Үсенбайқызының бастамасымен «Ай-Нұр» жекеше лингвистикалық гимназиясы ашылды. Бұл жылдары білім саласына назар аударып, бала тәрбиесіне деген жауапкершілікті өз мойнына арту, аса жасампаздық пен зор күш-қуатты, талай терді қажет еткеніне қарамастан, көп ұзамай-ақ 2000 жылы балабақша жас бүлдіршіндерге есігін ашты. Мектеп ішінен ашылған алғашқы топқа Есенбаева Клара Абдиевна тәрбиешілік етті. Ол кезде он бес баладан құралған бір ғана топ жұмыс жасады. Қиындығы мен қызығы қатар сол кездердің кедергілеріне қарамай, білім ортасы кішкентай білімпаздарды тәрбиелеуге, білімін ұштауға бар күш-жігерін салды.

Уақыт бір орнында тұрмайды. Міне, содан бері 20 жыл да өте шықты. Жас бала жаңа өркен жайған жас ағаш тәрізді дейді халқымыз. Қазіргі таңда бақшаға келген әр балаға өз баласындай қарайтын тәрбиешілеріміз көп жылдан бері тұрақты еңбек етіп келе жатыр. Өз білімдерін, шығармашылық деңгейлерін жүйелі түрде толықтыру үшін кәсіби, шығармашылық байқауларға, коучингтерге, семинарларға белсене қатысады. Өздері де аудан көлемінде ашық семинарлар өткізіп отырады. Әрине, еңбектер еленбей қалған емес. Тәрбиешілеріміз аудандық білім бөлімінің, ЖББҰРҚ-ның алғыс хаттарымен және құрмет грамоталарымен марапатталып тұрады.

Тәрбие мен білім тиімді және нәтижелі болу үшін бақшада барынша жағдай жасалуда. Жылы әрі жайлы топ бөлмелері техникалық және әдістемелік жабдықтармен, оқу және дамыту құралдарымен толықтырылған. Алдымызға қойылған жылдық мақсатқа сәйкес бағдарлама бойынша жас ерекшеліктері ескеріле отырып, «Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу балабақшадан бастау алады» деген қағиданы жақсы түсіне білген балабақша қызметкерлері жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеуде өз міндеттерін абыроймен орындауда. Оның бір ғана дәлелі ата-аналардың жылы лебіздері мен сенімдері деп білеміз. Әркез ізденіс-шығармашылықпен жұмыс жасау керектігін жақсы білетін тәрбиешілеріміз ата-аналармен тығыз байланыс орнатқан. Ата-аналар үшін ашық есік күні жарияланып, түрлі көрмелер ұйымдастырылады, сондай-ақ, мерекелік ертеңгіліктер, спорттық ойындар және ашық сабақтар көрсетіледі.

Оқу бағдарламасын балабақша қабырғасынан меңгеріп шыққан балаларымыз мектеп табалдырығын осы жерден аттауда. Әрине біздің мақсатымыз да осы. Жас ұрпақты жарқын болашаққа жеткізу жолында аянбай еңбек ету.

Ұжым басшысы Әмірбаева Зәмзәгүл Нұрмуханбетқызына 20 жылдық мерейтой қарсаңында болашағымыз бен ұрпағымыздың келешегі үшін атқарып отырған еңбегі баянды болсын, «Ай-Нұр» бақшасынан шыққан балаларымыздың болашағы жарқын болсын деп тілейміз!

 

Э. ДҮЙСЕНБАЕВА, әдіскер

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close