Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамРухани ЖаңғыруҰлы даланың жеті қыры

АУЫЛ ТЫНЫСЫ

Туған жер дегенде әр адам өзінің кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен, жүрегіне жылу беретін, ата-анасының қасында бір керемет кездерді өткізген жері есіне түседі.

Туған жер тауың да ыстық, тасың да ыстық,

Туған жер кәрің де ыстық, жасың да ыстық… – деп ақын, сазгер, әнші, Қордайдан шыққан, бүкіл қазақ еліне белгілі Кенен Әзірбаев атам жырлағандай биылғы жылдың қазанайында Алматы облысы Кербұлақ ауданы Жоламан ауылына барып, туған жер ауасымен тыныс алып, топырағын басып, жусанының иісіне балқып, жан-жақтан жиналған ағайындарымызбен қауышып, әпке-жеңгелерімізбен жүздесіп, көзімізге қуаныш жасы толып керемет кездесуде болып қайттық.

Осыдан бір жыл бұрын аталарымызға ас бергенде Дәметкен Таласбекқызы деген апайымыз, өз кезінде ұстаздық өмір жолын осы туған жерінде бастаған, одан кейін зейнетке шыққанша Қапшағай қаласының № 6 мектебінде директор қызметін атқарған ұстаз бір ой тастаған еді.

— Біздің ата-аналарымыз қандай қиын заманда өмір сүрді. Бастарынан аштық та, зомбылық та, соғыс та өтті. Кішкентай ауылымыздан жиырмадан астам адамдар соғысқа кетіп, оның қайтып оралғандары бір-екеуі ғана. Ешқандай қызық көрмеді. Солардың арқасында біз бейбіт заманда тұрып жатырмыз. Аталарымызға, әкелерімізге бауырларымызға арнап бір ескерткіш тұрғызайық!

Осыдан кейін ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Дәметкен Таласбекқызы, Гүлнар , Нарзан деген апайларымыз және Шархан деген бауырымыз жұмысқа кірісті. Ауыл азаматтары Мендібаев Базкен, Түркістанов Қанат тағыда басқа бауырларымыз мемориалдық тақташа орнатты.  Ауылымыздың әкімі Нүсіпбеков Дәулет Мұратбекұлы Жоламан ауылында туып-өскен жігіт. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген ұстанымға жақын, халқының жанында, өзі қамқорлық танытып бірге жүр. Ашылу салтанатына көптеген адамдар жиналып, жүрегіміз толқып, ата-бабаларымыз тіріліп келгендей күй кештік. Ашылу салтанатын әкім өзі бастап, Дәметкен әпкеміз, осы ауылға алпыс жыл бұрын келін болып түскен ақын Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызы, ардагер Жібек апаларымыз талай естеліктердің бетін ашып, ескерткіштің жібін қиды. Біздің ауылымыздың кезеңдеріне,  өткен күндерге шолу жасаған тарихшы Кокушев Асылхан ағамызды жерлестері үйіп тыңдады. Артынан молда құран оқып, ас ішіп тарастық.

Баян ТҰРАЛЫҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button