Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМерекелер

МҮМКІНДІКТЕРГЕ ТОЛЫ ЖЫЛ

Сіздерді табысқа толы, әр адамның жүрегіне үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын, биік мақсаттарға жетелейтін Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, Жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен қадам басқанды қалайды.

Қазақстан үшін парасат пен пайымға толы тағы бір жыл ХХІ ғасыр қойнауына еніп барады. Халқымызда: «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» – деген даналық сөз бар. Біз қашан да өткенге салауат айтып, болашақтан жақсы лық күткен халықпыз.

Әр жылдың өзіндік өрнегі бар. 2019 жылы дамудың даңғыл жолына түскен елімізде іргелі істер атқарылса, соған біздің ауданымыз да тамшыдай болса да, өз үлесін қосты. Ең бастысы – ілеліктер өз мүмкіндіктеріне сенімді болды. Бұл біздің экономикалық өзгеріске бағытталған еңбегіміздің шынайы жемісі.

Елбасының халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауынан бастау алған жақсылықтарды өз өмірімізден айқын сезіндік. Елдің дәулеті артты.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихымызға деген құрмет, жер мен елге деген мақтаныш, патриотизмге деген ұмтылыс көрініс тапты. Сонымен қатар биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны барлығымызға белгілі. Осы бағытта ауданымызда көптеген іс-шаралар жасалды.

Тәуелсіздігін төрткүл дүниеге паш еткен еліміздің әр жылы жеңістер мен жемістерге толы болып келеді.

Қадірлі жерлестер!

Әрдайым жақындарыңыз аман, отбасыларыңыз берекелі, әр күн мерекелі болсын! Жаңа жыл Сіздерге шуақты сезімдер мен бақытты сәттер сыйласын! Баршаңызға тек үкілі үміттер мен таусылмас жақсылықтар тілеймін!

 

Б. ҚАРАСАЕВ, аудан әкімі,

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button