Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамРухани Жаңғыру

АБАЙ МҰРАТЫ – ЕЛДІҢ МҮДДЕСІ МЕН БІРЛІГІ

Атымды адам қойған соң,

қайтып надан болайын

                            АБАЙ.

 

Жүрекпен жаңғырмай,

Рухани жаңғыраалмайсың?

(Тіл – ұлттың жаны, болмысы)

 

Ұлы даланың болашағы үшін еліміздің құқықтық заңнамалары ізгілікке, жанашырлыққа қарай құрылып, заңды ізгілендіруді мақсат етіп, әділдікті ту еткен. Тарихқа терең үңілетін болсақ аттары алтын әріппен жазылған «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты дала заңдарын жасаған, дала данышпандарының жазалаудан гөрі тәрбиеге көп көңіл бөліп, туралық тағына қайран қаласың. Осыдан-ақ қазақ жерінде құқықтық білімдері болмаса да билер өзінің қаншалықты құнды болғанын аңғару қиын емес. Міне, осы дана билердің дара жолын жалғастырып, заңның мінсіздігіне көлеңке түсірмеу кейінгі ұрпақтың мінсіз міндеті болмақ.

Бұл күнде яғни еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі бекіп жан-жақты жұмыстар атқарылса, қазір латын графикасына көшу бойынша тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Әрине, латын әліпбиіне көшу дұрыс. Өзге ұлт өкілдері де қарсы емес. Айтса, түсіндірсе қазақ тілінің заң аясындағы мәртебесін қолдайтыны даусыз. Сондықтан да көш жүре түзеледі деп бастаған ұстанымды заң аясында қолдап отыруымыз шарт. Өйткені, жаңа әліпби біз үшін ұлт руханиятының келешекте басқа әлем тілдері мен әдебиетінен жаңа технология жетістіктерінен кеш қалмау үшін аса маңызды. Соған орай латынға көшу жолында батылдық қажет. Кейде заңды қалқан етіп, заң жүзінде деп сайрайтын лауазымдылар да, басқалар да мемлекеттік тіл мәртебесіне келгенде заңға неге сүйенбейді деп ойлайсың. Қашанда заң – қазақ тілінің жағында. Ендеше сол тілдің заңды құқын баршамыз болып талап етуіміз керек.

Атап айтсақ, бізде заңнамалар бұзылған жағдайда Тіл туралы заңға сәйкес әкімшілік заң бұзушылыққа тартылатын заң бар. Сонда жан — жақты жазылған. Мысалы, нақты тілге байланысты қандай да бір мекемеге барсақ мемлекеттік тілде ақпарат ала алмадыңыз делік, яғни, Сіздің сол жерде құқыңыз бұзылды. Егер Сіз өз құқыңызды қорғап арыз жазсаңыз, ол тілдерді дамыту басқармасына барып түседі. Яғни, бұл қате. Неге? деген заңды сұрақ туса сіздің құқыңызды қорғау Тілдерді дамыту басқармасының жұмысына жатпайды. Ал арызды қарап, қозғаушы, әрі сіздің құқыңызды қорғаушы мекеме прокуратура болуы керек. Өйткені, мемлекеттік тіл жөніндегі заңнамаларды түсіндіру жұмыстарын прокуратура өкілдері, құқықтық мекемелер жүргізеді. Тағы бір тоқталатын мәселе — дубляжды аудармалар. Мысалы, «магазин», «аптека» және басқа да түсінікті атауларды екі тілде жазып іліп — іліп қояды. Мұның қажеттілігі қанша? Бұл жайлы 21-бапта маңдайшалар, хабарландырулар, бланкілер, жарнамалар мемлекеттік және орыс тілде, тек қажет болған жағдайда ғана басқа тілде жазылады деп бекітілген. Заңға сәйкес деп жаза беруге болады, бірақ біз бұдан не ұтамыз. Кейде неге қазаққа қазақша қызмет көрсетілмейді? десең өздері талап етпейді деп халыққа ысыра салады. Осыдан барып құқы бұзылатын халық, зардап шегетін халық, нақты айтсақ қазақ.

ҚР конституцясының 7-бабына сәйкес еліміздің барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін меңгеруі, қазақ тілінде қызмет алу керектігі заңмен бекітілген. Олай болса мемлекеттік қызмет алдымен қазақ тілінде көрсетіліп, қажет болған жағдайда ғана орысшаға сүйенуге болады. Тіл туралы заңда дәл осылай тайға таңба басқандай етіп жазылған. Яғни, әркім, әр қазақ қолда бар заңмен нақты, жүйелі жұмыс жасауы керек. ҚР конституциясының 7-бабының бірінші тармағында мемлекеттік тіл қазақ тілі деп жазылып тұр. Сонымен қатар, Ата Заңымыздың 93-бабында қорытынды және өтпелі ережелер бойынша ҚР конституциясының 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет жергілікті өкіл және  атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес ҚР – ның барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материялдық-техникалық жағдайды жасауға міндетті деп жазылған. Мысалы 4-бап «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастың барлық саласында қолданылатын басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылады. Мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматтарының парызы» деп бекітілген. Яғни, заң бар. Көбіне әркім өзінен бастауы керек дейміз. Ал, өзіңді жөндей алмай жатып өзгеге әңгіме айтудың қисыны келіспейтіні даусыз. Өйткені, кейбір қажетті құжаттар дайындағанда тиісті орындар бәрін орысша жүргізеді. Міне,  осындай әркім өз құқын пайдаланып, қазақ тілінің заң аясында қолданылуын, қорғалуын қадағалап жүрсе онда әңгіме басқаша.

Бұрындары біраз жыл баспасөз саласында қызмет етіп жүргенде кейбір қазақша жазылған құжаттарға қол қоярда басқа ұлт өкілдері мұның не құжат екенін сұрайды, айтып түсіндірсең еш кедергісіз қолдарын қойып береді. Сол кезде аңғарғаным, қазақ тіліне басқа ұлт өкілдерінен еш қарсылық болып тұрған жоқ. Дәл бүгінге дейін тілімізге қарсы бірде – бір өзге ұлт өкілдерін кездестірмедім. Керісінше өзіміздің кейбір қаракөз қарындастарымыз бен жігіттеріміз, замандастарымыз өз тілдерін өгейсітіп, орыс тілінде жауап беріп, өздерінің құқын өздері бұзып жатады. Сондықтан да қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыру сенің міндетің деп қарапайым халыққа итере салуға болмайды. Кез келген мекеме немесе басшы мемлекеттік тілге жеттік болуы тиіс. Яғни, үй сыпырушыдан бастап басшысына дейін мемлекеттік тілді білуі, оны тұрақты пайдалануы тиіс. Мұны алдымен басшылық қолға алып, құқық қорғаушылармен бірлесе іс-қимыл жасап отырғандары жөн.

Қазір рухани жаңғыру жылы десек барлық саладағы мекеме қызметкерлері халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі үшін, алдымен өздері қазақ тілін білуге міндетті.

Күні ертең әр басшы, әр қызметкер қазіргі қолға алынып жатқан үш тілді жетік меңгергенде ғана басшылық қызметке тағайындалады деген қатаң заң шығарса атам қазақ айтқандай, «Өзіңнен зор шықса, көзіңнен сор шығады» көкесі сонда болар еді. Ендеше, өз тілімізді өгейсітпей жүрекпен жаңғырмай, рухани жаңғыра алмайтынымызды қашанда естен шығармасақ екен.

 

Д. МУХАМЕТШАРОВ,

Іле аудандық сотының жетекші маманы

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button