Дін және қоғамҚоғам

ДІН ЖӘНЕ ҚОҒАМ

Адамзат дамуы тарихы кезеңінде X-XIII ғасырлар шартты түрде «Исламның алтын ғасыры» деп аталады. әл-Фараби, әл-Джазари, Ибн Сина (Авиценна), Ұлықбек, әл-Каши, Ибн Рушд (Аверроэс) сынды өнертапқыштар – есімі әлемге мәшһүр болып, күллі дүниежүзін, әлем халықтарын білім нәрімен сусындатқан, ғылымның түрлі-түрлі салалары мен сан алуан бағыттарында өзіндік үлесін қосқан ғалымдар. Алгебра, медицина, химия, астрономия,  биология, тарих, математика секілді ғылымның тармақтарында үлкен төңкеріс жасап, кейінгі Еуропалық ғалымдардың зерттеулеріне орасан зор септігін тигізді. Ағылшын журналисті Рональд Бодлей (1892-1970): «Қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс исламға қарыздар», — дей отырып мұсылман ғалымдарының білімдегі алатын үлкен рөлін  көрсетеді.

Қасиетті Құран Кәрімнің Зүмәр сүресінің 9-шы аятында Алла Тағала былай дейді: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?». Осылайша қоғамдағы білім иелерінің дәрежесі биік екендігін түсінеміз. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.): «Кімде-кім білімді іздеу жолына түссе, Аллаһ тағала оған жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Періштелер ғылым іздеушінің талабына разы болып, оның аяғының астына қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалымға көктегілер және жердегілер, тіпті судағы балықтарға дейін жарылқау тілейді» деп келтіреді. Сондай-ақ «Білім Қытайда болса да ізденіңдер» деген хадистері діндегі ілім алудың маңыздылығын айқындай түседі, қуаттайды. Итальяндық астроном Галилео Галилей «Табиғат – Құдайдың екінші кітабы. Біз одан бас тартпай, оны оқуымыз керек» және Мәшһүр атамыздың «Әй, адам баласы! Құдіретті Ақыл мен жалғыз жаратушы да жасаушы жарылқаушымыз деп ұғайық та, бұған кәміл сенейік! Бұл-Ұлы Ақиқат! Өйткені Жиһандағы ұлылы-кішілі, қарапайым-күрделі жаратылыстар мен қүбылыстардың бәрі Құдай барлығының айқын дәлелі» деген сөздері өзара үндестік таба отырып, ғылымның берер пайдасы Алланы тану екендігін нақтылайды. Бір Алланың құдіретінен жаратылған неше мың өсімдіктерді танып білу үшін ғалымдар «Ботаника» деген ғылымды, аспан денелерін зерттеп білу үшін «Астрономия» деген ғылымды, жан-жануарларды танып білу үшін «Зоология» деген ғылымды, неше түрлі тастардың сырын білу үшін «Минерология» деген ғылымды ойлап тапты. Міне, бір Алланың құдіретімен жаратылған осы нәрселерді біз ғылым арқылы танып, біліп жүрген жоқпыз ба? Бұл сөздердің растығы ретінде Шәкәрім атамыз былай деп жырлайды:

Шынды білмек болсаң егер,

Ең әуелі жанды біл.

Ең керекті үш сұрақпен,

Жан құлағын бұрап қой.

Келдім қайдан, қайтсем пайдам,

Өлгеннен соң не болам?

Шәкәрімнің «Шын» деп отырғаны – Құдай. Ал Құдайды тануымыз үшін әуелі өзімізді, қоршаған ортаны тани білуіміз қажет екен. Ислам діні қазақ жазирасына VII-VIII ғасырлардан бастап ене бастады. Қазақ тілінің қолданысына өтіп, айналымында жүрген «кітап, мектеп, ғылым, мұғалім, қалам, ұстаз, ақыл, кемелділік, мәдениет» секілді ғылымға тікелей қатысты сөздердің барлығының шығу төркіні араб тіліне тиесілі. Дәстүрімізге сініп, салтымызбен біте қайнасып кеткен Ислам діні халқымыздың бетке ұстар тұлғалары мен қаймақтарының, ақын-жазушыларымыздың, жырауларымыздың шығармаларынан көрініс тапты. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Абай – қазақ халқының рухани көсемі» деп баға берген Абай да «Баламды медресеге біл деп бердім» деген өлеңінде оқырманды білім алуға, ғылым ізденуге итермелейді. Хәкім Абай айтқан «толық адам, кемел инсан» болып қалыптасуымыз үшін мына қасиеттер керек-ті:

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Мұндағы «нұрлы ақыл» дінмен, тәрбиемен, рухани баюмен жетілген ақыл деп білсек болады. Бұл сөздердің растығы ретінде Мәшһүр Жүсіп атамыздың келесі сөздеріне жүгінейік: «Хош, енді молдаға келейік. «Ол молда атанғанда, неліктен молда атанды? «Ғылым-білім үйренеміз — деп, — Құдай жолы!» — деп, ұстаз алдына жүгініп, сабақ алып, Құран кітап оқыды. Сонда: «Кірген есігіміз, жүрген жолымыз – Алланың жолы, Алланы танимыз!», — деп кірді». Молда сол кездегі мұғалім мен ұстаздың қызметін бірдей атқарып отыратын. Оның ғылым жолына түсуі дін арқылы болып, «нұрлы ақыл» иесі атанды деп нық айта аламыз. Мұның кереғары ретінде Шәкәрім атамыз «соқыр ой» дейді.

Соқыр ойлы, өзiмшiл бiр езуге

Қанша ғылым бiлсе де кiре алмайды ес.

Аңғарғанымыздай, «соқыр ойлы» адамды оятып, көзіндегі шелді шешуге құр ғылымның пайдасы тиіп, септігін тигізе алмайтындығын көреміз. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов та «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп ең алдымен салтымыздың сұрыбына, дініміз Исламның икеміне сала отырып мінезімізді тәрбиелеуіміз керектігін ұғындырады. «Тәрбиесіз ғылым – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фарабидің сөздерін өткен ғасырдың ұлы тұлғасы, физик Альберт Эйнштейннің келесі ой-пікірмен сабақтастыра отырып, тәмамдайық: «Дінсіз ғылым ақсап тұрады, ал ғылымға сүйенбеген дін соқыр».

 

Асқар БАЧЕНОВ,

Сәбден ұлы Өтеген батыр мешітінің наиб имамы

Басқа жаңалықтар

Back to top button