Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратДенсаулықҚоғамРухани ЖаңғыруСпорт

АЙЛАЛЫ БАТЫР АЛДЫРМАС

                                                                                                                                                                                                                                             Күш атасын танымас

 

 

 

 

 

Джиу-джитсу спорт түрі – олимпиадалық емес спорт түрі болып табылады. Бұл спорт түрі 1992 жылғы 26 ақпанда құрылып, ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Жауынгерлік өнердің осы түрі бойынша еліміздің бірінші Чемпионаты 1993 жылы 15-16 қарашада Байқоңыр қаласында өткізілді.

1993 жылдан бастап Қазақстан Джиу-джитсу ұлттық федерациясы ҚР 12 чемпионатын және 9 халықаралық турнирін өткізді. Джиу-джитсу бойынша ҚР құрамасы мүшелері шетелде жекпе-жек өнері бойынша өтіп жатқан көптеген чемпионаттар мен турнирлерге қатысты. 1998 жылдан 2006 жыл аралығында ҚР-ның 18 шебері, 3 халықаралық деңгейдегі спорт шебері дайындалды.

Ауданымыздағы «Сағадат батыр» спорт клубының спортшылары Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында джиу-джитсу бойынша «Bishkek Pro IKJJF Jiu-jitsu CHAMPIONSHIP» халықаралық турнирі өтті.

Жарыстың алғашқы күнінде «Сағадат батыр — QTT» клубының атынан шыққан Қазақстан спортшылары жалпы 33 медаль жеңіп алды. Олардың 23-і алтын, 9-ы күміс болса біреуі қола жүлде.

Мұнда «Джи» және «Но Джи» секциялары бойынша әр түрлі жастағы мамандар арасында турнир өтті. IKJJF чемпиондық белбеулері де осында ойналды. Олардың екеуін ауданымыздағы Джиу-джитсу федерациясының ұлттық құрамасында ойнайтын қазақстандықтар – Абай атындағы ҚазҰПУ студенті Нұртуған Бекмұрат және клубтың жаттықтырушысы Самат Айтпанбет жеңіп алды.

«Бұл спортшылар облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады. Спортшылардың турнирге мұқият дайындалғандықтарынан болар өз белбеулерін қорғап шықты. Ауданымыздың спортшысы Самат Айтпанбет Испанияның атақты өкілі Мартинис Хосені жеңді.

Турнир өте жоғары деңгейде өтті. Тұтастай алғанда, біздің барлық студенттеріміз жақсы жұмыс жасады, менің ойымша, әлі алда болатын жеңістеріміз көп», — деді «Сағадат батыр — QTT» клубының жаттықтырушысы Нұрсұлтан Орынбасаров.

Турнирдің нәтижесі бойынша «Джи» құрамындағы алтынды Жібек Құлымбетова, Райымбек Елубаев, Еламан Айдынғали, Бекзат Жаманбай, Таймас Салимов, Самат Айтпанбет, Жарын Тоқтасын, Дияс Қанайбеков, Алина Махамбет, Ақерке Жомарттар иеленсе, екінші орынды Бексұлтан Мадамин, Еламан Айдынғали, Бекжан Жаманбай, Алихан Жаманбай, Айбек Үсен, ал үшінші орын Жаманбай Бекзатқа бұйырды. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Тұрымбетов Ерболат Сапарұлы спортшылармен кездесіп, жеңістерімен құттықтап, алдағы күндеріне сәттілік тіледі.

 

 

 

                                                      ЕР ҚУАТЫ ҚАРУЫ

 

Самат АЙТПАНБЕТ:

Бұл жарысқа жан-жақтан келген спортшылар қатысты.

Мен өзім бұл спорт түріне 19 жасымнан бастап қатысамын. Қазір 22 жастамын. ҚР Спорт және туризм академиясының түлегімін, қазіргі күні мектепте дене шынықтыру сабағынан білгенімді үйретіп жүрмін, және жас бүлдіршіндерге өз өнерім мен тәжірибемді үйретуге тырысып бапкерлікпен де шұғылданамын. Бұл жарыста менің қарсыласым испандық Джозе Мартинес болды екеуміз чемпиондық белбеуге таласқан болатынбыз. Біздің негізгі күрес 5-6 минут 2 раундтан тұруы керек, мен 1,5 минуттан кейін оны жеңіп шықтым. Бұл таза жеңіс. Белбеуді өзім қорғап қалғаныма өте қуаныштымын.Бұл біздің «Сағадат батыр» спорт клубының екінші жеңісі. Алдағы уақыттарда да ауданымыздың көркейіп, гүлденуіне атсалысамын деген ойдамын.

***

Жібек ҚҰЛЫМБЕТОВА:

Мен де бұл спорт түрімен

9 жасымнан бері айналысамын, қазіргі күні үш жыл болды.

Бұған дейін Джиу-джитсудан

Біріккен араб әмірліктерінде өткен

әлем чемпионатының екі дүркін чемпионымын. Ал Қырғызстанда өткен жарыста менің салмағымдағы спортшы болмағандықтан өзімнен 10 келі салмақта жоғары қызбен күресіп, бірінші орынды иеленіп қайттым. Ауданымыздағы

№20 мектептің 7 сынып оқушысымын, алда алар биіктерім көп деп ойлаймын.

***

Бекмұрат НҰРТУҒАН:

Қырғызстандағы жарыста 76 келі салмақтағы спортшымен күрестім.

Менің де алға қойған мақсаттарым, биік белестерден көріну.

Бұған дейін бірнеше дүркін халықаралық турнирлардың жеңімпазымын.

Осы спорт түріне деген қызығушылығымөте зор.

***

ТҮЙІН

Джиу-джитсу, шығыс халықтарының жекпе-жек спорт түрлерінің негізін қалаған жапондықтардың дәстүрлі, ұлттық күресі. Ежелден күрес ұлттық спорт түрі болып саналады, нақ осы джиу-джитсудың Қазақстандағы болашағы зор. Соңғы жылдары Қазақстанда осы спорт түріне деген зор қызығушылық және үлкен даму байқалуда. Қазіргі кезде Қазақстанда 100-ден астам джиу-джитсумен айналысу залдары бар, онда 15000 спортшылар шұғылдануда. Барлық өткізіліп жатқан турнирлерде Қазақстан спортшылары үлкен жетістіктер көрсетіп жүрсе, олардың ішінен өз жерлестерімізді көру біздің ауданымыз үшін үлкен мақтаныш екені сөзсіз.

Ендеше Джиу-джитсу бойынша ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген жеңімпаздарымызды құттықтаймыз! Алда алар асуларыңыз, шығар биіктеріңіз көп болсын!

 

                                                                                                                                                                                                                                              Нұргүл МОМБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button