Аудан жаңалықтарыРухани Жаңғыру

МУЗЕЙ ЭКСПОЗИЦИЯСЫ

Сарбаздар Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей экспозициясы бойынша экскурсия жасады.

«Ұрпақтардың зердесін,

Кешіре алмас ғасырлар.

Әрқашанда елдесің,

Ұмытылмас  асылдар!».

78639 әскери бөлімінің сарбаздары бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Т. Зейнеловтың және батальон командирі подполковник Е. Жұмабаев, батальон командирінің  тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Б.Айниетовтың ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылы ашылған Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылының жанында орналасқан Саяси құғын-сүргін құрбандарына арналған музей экспозициясы бойынша экскурсияға барып қайтты. Жалпы музей экспозициясы үш залдан  тұрады, бірінші залда Қазақстандағы 1916-1986 ж.ж. аралығындағы қуғын-сүргін тарихы; екінші залда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу залы; үшінші залы «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы және оның қызметі.

Музей экспозициясы қазақ халқының  сан ғасырлық азаттығы жолындағы маңызды орын алатын тарихи оқиғалардың бірі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихынан басталады. Музейге экскурсия жасау барысында сарбаздар 1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихына үңіліп, сол кезеңдегі Қазақстан тарихының ең қаралы күндерінде болып қайтқандай әсер алды деп айтуға болады. Сарбаздар осы музейдегі архивтік құжаттар мен сол замандардағы фотосуреттер, экспозициялар арқылы біздің ата-бабаларымыздың қазіргі Тәуелсіздікке жету жолына дейінгі көрген қиыншылықтары мен қорлықтарын өз көздерімен көріп қайтты. Сол кезеңдегі қазақ интеллегенциясын  тұтқындау, түрмеге қамау, жалған жала жабу, ату жазасына кесу, еріксіз жер аудару оқиғалары туралы ауқымды ақпарат алды.

Саяси қуғын-сүргін  құрбандарын еске алу залында осы аумаққа жерленген 4125 адамның есімі қара тасқа жазылған. Осы кезеңдегі барлық жазықсыз жала жауып жазаланған жандардың есімі ақталып, олардың есімдері «Азалы кітап»  басылымына  басылып шыққан, оларды біздің ұрпақтарымыз ешқашанда ұмытпауы керек. «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы осындай іс-шараларды ұйымдастырып, жазықсыз жазаланып, ұмыт болғандардың есімін қайта жаңғырту сынды жұмыстарды атқарып отыр. Сарбаздарды тарихи орындарға апарудың маңыздылығы олардың ата-бабаларына деген құрметін, өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық  сезімдерін ояту.

М. КАНАПЬЯНОВА, 78639 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар және арнайы насихат жөніндегі аға офицері, майор

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button