Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚазақстан жаңалықтары

ШАРАСЫЗ ХАЛЫҚ, ШАРЫҚТАҒАН БАҒА

Президент пәрмені

Доллардың өсуіне байланысты ел Үкіметі барлық деңгейдегі әкімдерге азық-түлік тағамдары мен бірінші кезекті тұтынатын тауарлардың бағасының шарықтап кетпеуін ерекше тапсырған болатын. Доллардың күрт қымбаттағанына қарап, елімізге қос бүйірден қысатын қымбатшылық келе жатыр деп жорып жатқандар да көп. Осы орайда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын қадағалау мақсатында ауданымыздағы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы А.Жасымбековпен әңгімелескен едік.

«Соңғы көрсеткіштер бойынша Іле ауданында түрлі өнімнің бағасы өскені байқалады. Атап айтқанда: ұн — 1,5%, күріш — 19,4%, күнбағыс майы — 0,4%, сиыр еті — 11,8%, тауық еті — 5, 1%, сүт — 10,6%, тұз — 1,6%, картоп — 9,3%

Қазіргі таңда бөлшек сауда дүкендері, базарлар мен наубайханалардың иелерімен ауылшаруашылық өнімдері мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына алыпсатарлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ауданда 26 әлеуметтік бұрыш бар. Сонымен қатар, облыста «Алатау-Құс» ЖШС, «Сарыбұлақ» ЖШС және «Боролдай нан» ЖШС сияқты қосымша әлеуметтік сауда нүктелері ашылды, олар өз өнімдерін өндірушінің бағасымен сатады», — дейді.

Осы ақпараттың шынайылығына көз жеткізіп, ауданымыздағы хал-ахуалды, базардағы азық-түлік тауарларының нақты бағасын білу үшін аудандағы базарлар мен супермаркеттерді аралап қайттық. Сырттан тасымалданатын тауарлармен бірге өз өнімдеріміздің бағасы да әлден-ақ өсіп барады. Еңбекақысы мен зейнетақысын қалай үнемдеймін деп жүрген жұрт енді азын-аулақ теңгесін қалай жеткізем деп әуре. Аудандағы дүкендер мен базарлар да доллармен бірге дүрбелеңге түсіп, азық-түлік бағасын қымбаттатып жатыр. Өзіміздің өнімдеріміз де қымбаттауда. Қаржы нарығындағы кез келген өзгерісті желеу етіп бағаны өсіріп келе жатқан сатушылар, өндірушілер бұл жолы да осы әдеттеріне баса ма? Базар саудагерлері күнделікті тауарды «Алтын орда» базарынан әкеледі. Ондағы баға 20 пайызға артқандықтан біздегі бағаның да өсетіндігін жасырмай айтып отыр. «Теңге девальвациясына байланысты тауар бағасы міндетті түрде өседі. Өйткені біз шығынға батқымыз келмейді десе,  базарда киім сататын Айгүл ханым: «Мен тауарды қара базардан аламын онда баға әрине доллардың өсуіне байланысты болғанымен мен алған тауарымның бағасын әлі өсірмедім. Себебі қазіргі күні адамдар киім алмайды, құрсағына ас таппай жүрген адам киімді қайтсін», — дейді. Сол секілді кішкентай сәбилерге берілетін «Малютка» атты құрғақ сүт те осыдан шамалы уақыт бұрын 1450  теңгеге сатылса, қазір 1700 теңгеге көтерілген. 5 литрлік «Шедевр» күнбағыс майы 1800 теңге болса, қазір оның бағасы 2300 теңгеге өскен. «Біз заттарымыздың бағасын амалсыздан көтеріп отырмыз. Егер бұрынғы бағамен сатсақ, өзіміз шығынға батамыз. Ал бағаны сәл көтеретін болсақ, онда тауар өтпей қалады. Қазірдің өзінде сауда жоқ. Ал біз тауарлардың барлығын шетелден тасимыз. Ол жақта барлығы доллармен есептеледі. Сондықтан бағаны көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Әр киімнің үстіне 20 пайыздан қосамыз», — дейді балалар киімін сататын сатушылар.

Мұнда халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар: картоп, сәбіз, пияздың да бағалары өскен. Мәселен бір келісі 90  теңге тұратын картоп 125 теңгеге, 90  теңгеге сатылып жүрген сәбіз 110 теңгеге көтерілген. Пияздың бір келісі бұрын 70 теңге болса, қазір оның бағасы 80 теңгеге өскен. Осылайша Үкімет пен жергілікті билік теңге девальвациясына байланысты бағаның өсуіне қанша жол бермейміз дегенмен, сауда орындарындағы баға ырыққа көнер емес. «Бізге фирмалардан тауар бағасы өсіп келсе, оны қалайша төмендетіп сатамыз? Егер әкімдіктен келген күннің өзінде, олар бағаны тежеп ұстай алмайды», — дейді ондағылар. Сиыр еті 1800-2200 теңге, қойеті 2200 теңге, ал жылқы еті 2300 теңгеге шарықтаған. Тауық еті 1300 теңгеден жоғары сатылып жатыр. Сиыр сүті 250 теңгеге сатылуда. «Алтын ордада» 250 теңге тұратын жұмыртқа ауданымыздағы дүкендерде 350, 400, қолдың жұмыртқасы 500 теңгеге аспандаған. Алма бұрын 250-300 теңге болса, ол да 500 теңгеге көтерілген.

ТҮЙІН: Бұл жерде айта кететін жайт, біз девальвацияға бір табан жақын қалдық па? БАҚ құралдары доллар бағамының көтерілгендігін жариялаған бетте, көптеген дүкендер шұғыл түрде жабылып, кейбіреулері бағаларын өзгерте бастайды. Алайда әкімдік әрбір округте жеке штаб құрып, бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу үшін бақылауды күшейтеді. Соған қарағанда жергілікті әкімдік ірі сауда орындарындағы тауарлардың бағасын ғана бақылауға алып, ал базарлардағы бағаны қадағалауғаалуды ұмытып кеткен тәрізді.

«Мұның барлығы уақытша, алдағы уақытта бәрі бір тауар бағасы өсетін болады», — дейді сонда азық-түлік алып жүрген тұрғындар. Міне, біз аралап көрген сауда орындарындағы жағдай осындай. Бұл жерде жергілікті әкімдік тек ірі сауда орындарындағы тауар бағаларына ғана бақылау жүргізген секілді. Ал базардағы баға ырыққа көнбей тұр. Сондықтан жергілікті билік тек ірі сауда орындарындағы бағаны бақылауға алмай, базарлардағы бағаларға да қадағалау жасаса дұрыс-ақ болар еді. Бірақ ондағы сауда жасаушылар әкімдіктің ұсынысына көне қояр ма екен…

 

Н. МОМБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button