Аудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғамМәдениет

«ТЕЛҒАРА» ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА

Аудан көлемінде жалғыз ғана мектеп ұжымнан құрылған «Мұрагер» атты ұлттық аспаптар ансамблі бар Өтеген батыр кентіндегі №7 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігі мұғалімдерінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абайдан қалған асыл сөз» атты кездесу кеші өткізілді. Мерекелік шара мектебіміздің ұстаздары мен оқушыларынан құралған «Мұрагер» ансамблінің орындауындағы халық күйлері «Тепеңкөк» және «Келіншек» күйлерімен ашылды.

Кездесуге Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Телғара» қойылымында Бөжейдің образын сомдаған Қадырбек Демесін, театр актері Құнанбай рөлінде ойнаған Ахметов Руслан және бала Оспан болып ойнаған Мейрамғали Сұлтан келіп, шәкірттерімізге әртістік өмірдің қыр-сыры туралы сыр шертті.

Іс-шарада мектеп директоры З.Т. Төреходжаева сөз сөйлеп, қонақтарымызға келген қадамына құт тілеп, Абай мұрасын түсініп оқу — ұлттығымызды, қазақы болмысымызды танудың бірден-бір белгісі екенін баса айтты.

Кездесу барысында шәкірттеріміз ақынның өлең-жырларын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жатқа оқып, Абай әндерін шырқады. Мектебіміздің өнерпаз ұстаздары мен талантты жастары М.Әуезовтың «Абай жолы» романынан қойылым көрсетті. Сонымен қатар, ақын атасының жолын қуып жүрген жас таланттарымыз Абай Құнанбайұлына арнау жырларын оқыса, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сайлыбаева Құралай «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін нақышына келтіріп шырқады.

Кездесу қонақтары шәкірттерімізге «Телғара» қойылымына дайындық кезіндегі қызықты оқиғалар мен әртістік өмірдің қиын да қызықты тұстарынан сыр шертті. Шәкірттеріміз өздерін толғандырып, көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Кеш соңында мектеп директоры қонақтарға алғысын білдіріп, сый-құрметін көрсетті. Шара соңында мектеп ұжымы қонақтармен естелік суретке түсті.

 

Назгүл РАХИМОВА,

№7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button