Денсаулық

МЕЙІРБАН МЕЙІРБИКЕЛЕР

12 мамыр — Халықаралық Мейірбикелер күні. Карантинге байланысты салтанатты түрде тойланбаса да, осы салада қызмет етіп жүрген ақ желеңді азаматтарды аудан тұрғындары әлеуметтік желілерде құт
тықтауда. Ауданымызда 1430 мейірбан мейірбикелер қызмет етсе, соның ішінде 140 -ы орталық ауруханада қалт етпей халық денсаулығының хал-ахуалын қырағы бақылауда. Аға мейірбике, жоғары білікті маман Наталья Гульняшкинаның айтуынша қандай жағдай орын алмасын, алдыңғы шептің өтінде жүретін олардың еңбегі өлшеусіз. Күн демей, түн демей саламатты өмір сақшысы қызметтерін адал атқаруда. Өз өмірінен өзгенің өмірін жоғары қойған мейіркештерге бірі алғыс айтса, екінші бірі арызын домалатып, наразылығын да білдіріп жатады екен. Десе де, мейіркештер өз істеріне тиянақты, жылы сөзімен, ізгі лебіздерімен адам жанын жадыратады. Әрі жасаған ем-домдары да көптің көңілінен шығып жатады. Әрбір маман емделуші адамдардың жағдайын жасап, олардың тез жазылуына ықпал етеді. Осы бір шағын ақ ниетті «армияның» қатарында Аудандық орталық аурухана мейірбикесі Айгүл Абдулдаеваны мақтан тұтуға болады. Ол, 2010 жылы Талғар медициналық колледжін аяқтай сала, осы Іле ауданы орталығындағы емханаға жұмысқа орыналасты. 10 жыл көлемінде үлкен тәжірбие жинақтады. Айгүл өз ісін адал атқарғанының нәтижесінде елдің ықыласына бөленуде. Өтеген батыр кентінде балтыры сыздап, басы ауырғандардың тең жартысы осы Айгүлдің салған екпесінен кейін есін жиып, ауруынан айығып жатады. Оны өздері де мойындайды. Мысалы, Өтеген батыр кентінің тұрғыны, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматымыз Г. Асылбекова: «Менің денсаулығым нашарлағанда тек осы Айгүл Абдулдаева қызымды күтіп отырамын. Қолы жеңіл. Өз ісінің хас шебері. Нағыз мейірімді жан. Жәй күндері де қалымды сұрап, жағдайымды біліп тұрады. Көп рахмет!» — деп, ағынан жарылды. Міне тізімді тізбектей берсек әр мейіркештің халықтың денсаулығы үшін атқаратын еңбегі өлшеусіз. Нағыз қазіргі қоғамның батырларына айналғандары сөзсіз. Солардың бірі де бірегейі ретінде 15 жыл бойы қан құрамын анықтап, ЖҚТБ сынды жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қызмет етіп келе жатқан мейірбике Жанар Айткулова, ерлер кабинетінде, қабылдау бөліміндегі жоғары білікті маман және онкологиялық сырқаттарды тасымалдау мобилдік тобының белсенді мүшесі Қасым Қияқов, балалар мейіркеші Елена Фучудже сынды білікті мамандарды ерекше атап өткеніміз жөн. Науқас жандарға ең бірініші қажеттілік – мейірімділік десек, осы қасиетті ақ халат киген абзал жандар әрбір мейіркештің бойынан көре аламыз. Бүкіл әлемді екпесі белгісіз вирус уысында ұстап, халық не істерін білмей абдырап қалған кезде дәл осы ақ желеңді абзал жандардың көмегіне қол артып, қоғам алдында медицина қызметкерлерінің абыройы артты. Қоғам жаппай медбикелердің қадірін түсінді. Ауданымыздағы кез-келген мейірімді мейіркештердің қызметін өте жоғары бағалауға болады. Сырқат жандардың жанына араша болып, аянбай еңбек етіп жүрген барша мейіркештерді мерейлі мерекелерімен құттықтаймыз. Мерекелеріңіз құтты болсын, қызметте табысты болып, жан дүниелеріңіз шаттық пен бақытқа бөленсін, абзал жандар!

Бағдат Чойбасов

Басқа жаңалықтар

Back to top button