Тұлға

ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН

Биыл Ұлы Отан соғысы біздің ата-бабамыздың жеңісімен аяқталғанына 75 жыл толды. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 4 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикаларының азаматтары секілді қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы — қазақтар. Сондай ардагерлердің бірі — Нұрабаев Шəйғали Сатыбалдыұлы. Шəйғали Сатыбалдыұлы 15 баланың əкесі. Ол 1915 жылы Алматы облысы Гвардия ауданы Бахмутка ауылында дүниеге келген. Қоғалы орта мектебінде оқып, ұжымшарларда бригадир болып жұмыс жасады. 1938 жылы əскер қатарына шақырылып 1939-1940 жылы орыс-фин соғысына, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты. Жау басып алған жерлерді азат ету жолында аянбай күресті. Ауыр жараланғаннан кейін ес-түссіз жатқанда қателікпен Дальний Востоктағы госпитальға жөнелтілгендіктен, соғыс аяқталғаннан кейін де елге бірден оралмай, госпитальда емделіп, құлан-таза айыққан соң 1948 жылы ғана туған жерге табан тіреді. Ол кезде 1940 жылы дүниеге келген тұңғыш ұлы Қалмұханбет 8 жасқа келген еді. Елге келген соң Калинин МТС-на тракторист болып жұмысқа орналасады. Соғыстан қайтқан соң, жары Зура анамыз тракторды өткізіп үй шаруасына қараған. КСРО-да 1954-1960 жылдары тың игеру, тыңайған жерлерді игеру науқанына қатысты. 1960 жылдары Жоламан ауылына қоныс аударып, тракторшылар бригадасында бригадир болып жұмыс жасады. Жаманшылық айтып келмейді, 1963 жылы 8 наурызда көктемгі егістікке техникаларды дайындау жұмыстары кезінде от алып тұрған темір табанды тракторды тəжірибе алып жүрген курсанттар жүргізіп жіберіп, Құрманбай Ысқақов деген кісі екеуін трактор таптап өтіп ауыр жарақат алады. Сол 1963 жылы мамыр айында асыл жары Зура Сапарқызы о дүниелік болады да артында қартайған ата-ене, ауыр жарақат алған төсекке таңылған жары, шиеттей бала-шаға Қалмұханбет, Куляниза, Алтай, Күлипа, Бекмұханбет, Данипа, Əлмұханбет, Қанипа 1,5 жаста қалады. 1968 жылы Райхан Шүленбайқызымен ақ некесін қиып шаңырақ көтереді де Сағыныш, Қайрат, Гүлмира, Марат, Маман, Алпысбай, Жаңабай дүниеге келеді. Сұрапыл соғыста кеудесін оққа төсеп, ерлік көрсеткені үшін «Германияны алғаны үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Геогрий Жарков», соғыстың 40, 50 жылдық Жеңіс мейрамдары жəне т.б медальдармен марапатталды. Ұлы Отан соғысының ардагері марқұм Шайғали Нурабаевтың қазіргі таңда 14 баласының барлығы да үйлі-баранды, өсіп-өнген əулет, 42-ден аса немере, 63-тей шөбере, 17-ден аса шөпшегі бар. Шөберелері Жеңістің 75 жылдық мерекесі қарсаңында «Менің бабам да майдангер болған» деп бабаларын мақтан етеді. Осындай əкелер өнегесін көрген жас ұрпақ елжанды болып өседі деген ойдамыз. Өткен тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Сағыныш БАЙБЕКОВА, № 21 орта мектеп

Басқа жаңалықтар

Back to top button