Алматы облысының жаңалықтары

Өздеріне заңсыз сыйақы тағайындаған ауыл әкімдері жазаланды

Алматы облысында мемлекеттік қызметкерлер жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін тәртіптік жазаға тартылды. Олардың қатарында ауыл әкімдері, бөлім басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарлары бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес Райымбек ауданына қарасты үш ауыл әкімі бұрын алған сөгістеріне қарамастан өздеріне сыйақы тағайындаған. Алайда кемшілік анықталғаннан кейін әкімдер мемлекетке келтірген шығын орнын толтырып, алған сыйақыларын толық қайтарған. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 5-тармағының 3-тармақшасын бұзып, яғни өздері қабылдаған шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етпегендері үшін оларға «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Сондай-ақ, Кербұлақ ауданы бойынша аудан әкімінің орынбасары қызмет барасында балағат сөздер қолданып, дөрекілік танытқан. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің 5-тармағының 2-тармақшасын бұзып, яғни жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтамай, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытпағаны үшін Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасарына «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынысы жасалды.

Әдеп кеңесінде Панфилов ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша Панфилов ауданы Қоңырөлең ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Ауыл әкімі саябақтың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмай жатып мердігерге қаржыны толық аударып жіберген. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін оған «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button