Басты ақпаратЗаң және бізҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

Бас прокуратура митинг жайлы үндеу жариялады

6 маусымынан бастап Қазақстанда митинг туралы жаңа Заң қолданысқа енгізіледі

ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңға қатысты үндеуін жариялады.

6 маусымынан бастап «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заң қолданысқа енгізіледі.

«Жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін Заңмен хабарлама жасау тәртібі қарастырылған.

Ұйымдастырушы оларды өткізу күніне дейін бес жұмыс күн бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама береді, ол үш жұмыс күн ішінде оны қарауға тиіс (Заңның 10, 11-баптары). Бұл мерзім аяқталған соң жауап болмаған жағдайда, ұйымдастырушы бейбіт жиналысты өткізеді (Заңның 11-бабы 1-тармағының 3-тармақшасы)», — делінген.

Демонстрациялар мен шерулер үшін келісім тәртібі белгіленген. Өтініштер өткізілетін күнге дейін он жұмыс күн бұрын беріледі, ол бойынша жергілікті атқарушы орган жеті жұмыс күн ішінде жауап беруге міндетті (Заңның 12, 13-баптары).

«Осы уақыт ішінде ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды қауіпсіз өткізу, оларға қатысушылардың денсаулығын сақтау үшін жағдайлар жасайды.

Бұл ретте бейбіт жиналыстар арнайы орындарда өткізілуі тиіс (Заңның 9-бабы).

Дәл осы сәтте жергілікті өкілді органдар осындай орындарды және демонстрациялар мен шерулер үшін жүру маршруттарын, оларды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау бойынша рәсімді жүргізуде (Заңның 1-бабының 3 тармақшасы, 8-бабының 2-тармағы)», — делінген үндеуде.

Бейбіт жиналыстар көрсетілген рәсім аяқталғаннан кейін ұйымдастырылуы және өткізілуі мүмкін.

«Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылғы 4 маусымда үндеу таратып, онда карантин кезеңінде елде бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде митингілерді өткізуге тыйым салынғанын көрсеткен.

Оны сақтамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделген.

Дегенмен, жекелеген тұлғалар ел азаматтарын 2020 жылғы 6 маусымда жаппай митингілерге шығуға шақыруда.

Жаңадан белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарды ұйымдастыру және оларға қатысу заңсыз болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтырады (тіпті 15 тәулікке қамауға алуға дейін)», — дейді бұл туралы.

Бас прокурордың орынбасары азаматтарды арандатушылық жасамауға, акцияларға қатыспауға шақырды.

«Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 400-бабы).

Осыған байланысты, азаматтарды арандатушылық жасамауға және заңсыз жария акцияларға қатысудан бас тартуға, бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу кезінде жаңа заңның ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырамыз», — дейді ол үндеуінде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button