Басты ақпаратБілім және ғылымҚазақстан жаңалықтарыМәдениетМерекелерРухани ЖаңғыруРуханият

Абайдың 175 жылдығына арналған 300 шара онлайн форматқа ауысты – министр

Қыркүйекте Ұлы ақынның туған жерінде ескерткіш ашылады

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәліметінше, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған 300-ге жуық әртүрлі жоба онлайн форматқа көшірілді.Бұл турал inbusiness.kz хабарлайды.

«Барлық мектептерде және жоғарғы оқу орындарында танымдық форматта тақырыптық іс-шаралар, конференциялар, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу конкурстары, поэзия кештері, семинарлар және басқа да әртүрлі форматты іс-шаралар онлайн режимінде ZOOM, BBB, Classroom, Teams, Webex платформаларында және әлеуметтік желілерде өткізілді. «Абай және рухани мұра» атты халықаралық конференциясы да Zoom-да өтті. Оған шетелдік және қазақстандық абайтанушы ғалымдар қосылды», – деді министр.

Сондай-ақ, Абайға арналған спектаклдер онлайн режимде театрлардың ютуб каналынан көрермендерге жол тартуы тиіс.

«Ең маңыздысы ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуленің қатысумен Семей қаласында биылғы 10 қыркүйекте келесі шаралар жоспарланып отыр: біріншіден, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің бас ғимараты аумағында «Абай ұлдарымен» ескерткіші ашылуы тиіс. Екіншіден, ЮНЕСКО-мен бірлесіп «Абай мұрасы және әлемдік руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізу жоспарланған. Үшіншіден, қазақстандық эстрада жұлдыздарының және опера әншілерінің қатысуымен көпфункционалды мәдени-спорт кешенінің 5000 орынға есептелген көрермен залында мерекелік гала-концертті өткізу көзделген», – деді мәдениет және спорт министрі.

Бұдан бөлек, Қазақстан және UNESCO басшыларының қатысуымен «Этноауыл» этномәдени кешенінің ашылуы және Абай ауданында мәдени және спорттық іс-шаралар өтеді деп күтілуде.

«Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның Франция астанасы Париждегі штаб-пәтерінде танымал отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдардың, әдебиеттанушылардың, жазушылардың, ақындардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын және гала-концертті өткізу 2020 жылдың 14-15 қазанында жоспарланған. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған бірқатар халықаралық, республикалық, өңірлік іс-шаралар сапалы деңгейде күз айында, бекітілген мерзімдерінде өткізілетін болады», – деді А.Райымқұлова.

Басқа жаңалықтар

Back to top button