Аудан жаңалықтарыБайсерке ауылдық округіБасты ақпарат

Нәзіктік пен іскерлік үйлескенде

23 Маусым - Мемлекеттік қызметшілер күні!

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», — деген қағида бекер айтылмаса керек. Жаны нәзік болса да ер адамдарға пара-пар күш-жігері, қажыр-қайраты, ақыл-айласы бойынан табылатын өр мінезді аналар арамызда көптеп табылады. Соның бірі –Чапай, Энергетик ауылдық округтерінде ұзақ жыл әкім болған, кейіннен әкім аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімін басқарып, одан соң Іле аудандық Мәслихатынының аппарат жетекшісі болып қызмет атқарған, ал, 2017 жылы Байсерке ауылдық округінің әкімі болып сайланған, осылайша саналы ғұмырының ұзақ жылын мемлекеттік қызметке арнаған Тілеукен Отыншықызы Көпбаева.

Әу бастағы мамандығы педагог Тілеукен Отыншықызы орта жасқа жетер-жетпестен ауыл әкімі аппаратында лауазымды қызмет атқарып, қарапайым халықпен жұмыс істеудің қандай болатындығын көзімен көріп, түйсігімен сезді. Бастапқы кезде ауыл әкімінің орынбасары болған ол айналасы бір-екі жылдың ішінде қызметі жоғарылап, Чапай ауылының, кейіннен Энергетик кенті әкімі қызметтерін атқарды. Осы міндетті 10 жыл абыроймен атқарған Тілеукен жүрегі мейірімге толы ақкөңіл жандармен қатар, айтқанды түсінбейтін мінезі қыңыр, сөзі дойыр қатыгез адамдардың тағдырына ортақ болып, оларға шама-шарқынша көмегін көрсетті. Үлкен бір кенттің әкімі болу әйел тұрмақ ер-азаматтардың өзіне оңайға соқпайтын жұмыс. Бір үйде жарық өшсе, екінші күні басқа бір үйдің кәріз құбыры істен шығады, әлдекімдер «баспана салатын жер тауып бер» деп жер тепкілесе, тағы басқалары «көшемнің жолын жөнде», «бөлмемнің төбесінен су сорғалап тұр» немесе «құжатымды ретте», «зейнетақымды ала алмай жатырмын» — деп әкім үшін өмір сүріп жатқандай міндетсінетінін қайтерсің?

Мұндайда біреудің басынан сипап, бөлмеңнен шығарып салсаң, екіншісіне заң талаптары бойынша жауап беруге тұра келеді. Еркектермен еркекше, әйелдермен әйелше сөйлесіп, мәселенің оң шешімін тапқан кездері де аз болмады. Жұмыстан шаршап-шалдығып, құр сүлдерін сүйретіп үйіне келгенде, жолдасы Айыптың қас-қабағына қарап, балалары Гүлжан мен Арманның сабағын тексеруді де ұмытпайды. Кейіннен денсаулығына байланысты аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімі бастығы болды. Артынша аудандық Мәслихаттың аппарат жетекшілігі лауазымдық қызметіне ауыстырылды. Дей тұрғанмен кабинетте отырғаннан да, тікелей халықпен араласып, олардың бел ортасында жүрудің өзі бір бақыт екенін ұғынды. Кабинетте отырғанның өзіне қол еместігін ішкі түйсігімен сезінген Т. Отыншықызы Байсерке ауылдық округі әкімдігі үшін өтетін сайлауға қатысуға бел байлады. 7 ауылдан, 23 саяжайдан тұратын, халқының саны 40 мыңға жетіп жығылатын мұндай үлкен округті басқарудың оңай емес екендігін білді. Білсе де, қиындықта шыңдалып үйренген ол белді бекем буып, тәуекел етті. Сайлау алдында округ тұрғындарымен кездескенде өзінің бағдарламасын, алдағы уақытта атқаратын жұмысының жоспарын рет-ретімен, нақты дәлел келтіріп айтып шыққанда байсеркеліктер оны бірден қолдады. Нәтижесінде сайлау кезінде 90 пайыз дауыс жинап, бәсекелестерін жеңіп шықты. Түннің бір уағында көз іліндіріп, таңмен таласа атқа қонатын. Ердің ері ғана шы- дайтын мұндай ауыр жауапкершілікті, үлкен жүкті көтере білу шыдамдылық пен қайсарлықты, төзімділік пен өжеттілікті қажет ететіндігін ескерсек, болмысы нәзік Тілеукен жалпы бала кезінен айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезімен ерекшеленетін. Айтпақшы, ол ата-анасының шуақты қамқорлығы мен ыстық ықыласына бөленіп өсті. Жалпы, Отыншы Ибраевтың отбасын Қарағанды облысының Захаровка ауылы үлгі-өнеге тұтатын. Бір басында 6 дипломы бар Отыншы Ибраев білімділігімен, мәдениеттілігімен ең бастысы тектілігімен ерекшеленетін. Мінезі салмақты, айтар сөзі салиқалы Отыншы Ибрайұлы кезінде бір әулеттің отағасы емес, ауылдың да қадірлі азаматы атанған еді. Оның аяулы жары Бақыт Сүйгембекованың да дастарханы мол, қолы берекелі, қойны құтты болды. Осындай бақытты отбасында дүниеге келген үйелмелі-сүйелмелі 9 балаға тәлімді тәрбие мен білім берілетіндігі сөзсіз еді. Ерлі-зайыпты Отыншы мен Бақыт балаларына бар жағдайды жасай отырып, оларды жастайынан еңбекқорлыққа, жауапкершілікке, білімді болуға тәрбиеледі. Балаларды таңғы сағат 4-тен оятып, үйдің жұмысына салу арқылы оларды тәртіптілікке баулыды.

Мектептен соң екі-үш сағат тапжылтпай сабақ оқыту да балаларды төзімділікке үйрететін. Ата анасының махаббатын сезінумен қатар, олардың темірдей тәртібіне де көндіккен Тілеукен басқаларға қарағанда тентектеу болып өсті. Оны әкесі марқұм «Ақылды тентегім» деп еркелететін. Ұстаздары да тентек болса да, білімге құштарлығы басым, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Тілеукенді 8 сыныптан бастап қоғамдық жұмысқа тартты. Анау-мынау емес мектептегі комсомол ұйымының хатшысы болды. Бала кезінен жауапкершілікке тәрбиеленген ол қыңыр мінезді қойып, өзіне жүктелген міндетті бұлжытпай орындауға кірісті. Өмір оны осылайша ерте есейтті. Университетте де жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Тілеукен Отыншықызына еңбек жолын бастау аса қиынға соға қойған жоқ. Чапай ауылындағы №10 мектепте мұғалім болып еңбек ете жүріп, өмірге ұл мен қызды әкелді. Біреуін жетектеп, екіншісін қол арбаға салып сүйреп жүріп, ұстаздық жұмысын мінсіз атқара білді. Өз ісіне мығым, жауапкершілігі жоғары жас ұстаз көп ұзамай мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне жоғарылады. Ендігі жерде ол тек мектепішілік емес, ауылдағы қоғамдық жұмыстарға да жан-жақты араласып, сол елді мекеннің гүлденіп, көркеюіне лайықты үлесін қоса білді. Жұмыс десе жалындап жанатын іскер әйел ауыл округі әкімі аппаратына лауазымдық қызметке шақырылды. Осылайша оның мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы басталды. Әкесінің ақыл-кеңесімен заң маманы бойынша екінші жоғарғы блім алды.

Жарты ғасырды бағындыра білген Тілеукен Отыншықызы бақытты отбасында тәрбиеленген өзінің бауырлары мен апа-сіңілілерінің де жетістігіне сүйініп, табысына қуанып отырады. Бауырлары Марат пен Бүркіт, сіңлісі Гүлжахан жеке кәсіпкер болса, әпкесі Қаршыға үй шаруасында. Қарлығаш Қарағанды облысындағы Топар ауылының әкімі, Елеукен Шахтинск қаласында тіс дәрігері, Дәметкен мұғалім болып жұмыс істесе, Марал Қарағанды облысы Абай ауданы әкімі аппаратында кадр бөлімінің бастығы болып жауапты қызмет атқарады.

Ана бақыты – отбасының татулығы мен амандығы десек, бұл жағынан да Тілеукен Отыншықызының бағы жанған. Бауыр еті балалары да жолдасы Айып екеуінің сенімін ақтады. Банк қызметкері Гүлжанынан алтындай- алтындай Аружан мен Дания атты жиендері болса, «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамының жауапты қызметкері ұлы Арман мен келіні Индирадан Санжар атты немере сүйіп отыр. Уыздай ұйыған отбасының отанасы – Тілеукен Отыншықызы Көпбаеваның алар асуы мен бағындырар белесі әлі алда. Мемлекеттік қызметтің ар-ождан кодексін бұлжытпай орындайтын білгір де білімді, қабілетті де қарымды Тілеукен Отыншықызы бойындағы бар мүмкіндігін толықтай жүзеге асырып, егеменді еліміздің заңғарына құлаш сермейтіндігіне сенім мол. Оның мемлекет алдындағы ұзақ жылғы қызметі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл, 25 жыл, Қазақстан Конституция- сына 10 жыл, 20 жыл, Мәслихаттардың 20 жылдығы мерекелік медальдарымен мараппатталды. 2017 жылы «Үздік мемлекеттік қызметкер» орденін иеленді. 2019 жылы «Алматы облысы бойынша әйелдер арасындағы үздік әкім» және «Республика бойынша әйелдер арасындағы үздік әкім» номинацияларын жеңіп алды. Мемлекеттік қызметкерлер күні мерекеңіз құтты болсын, Тілеукен Отыншықызы!

Р. АЙДАРБЕКОВА

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button