Қоғам

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев 11 жылға сотталды

Оның дүние-мүлкі түгел тәркіленеді

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты қылмыс әлемінің серкесін түрмеден босатқаны үшін соттады, деп хабарлайды 24.kg.

Экс-президенттің өзі сотта соңғы сөзін айтудан бас тартты. Бұған дейінгі сот отырысында прокурорлар оны 15 жылға бас бостандығынан айырып, бүкіл дүние-мүлкін тәркілеуді судьядан сұраған болатын. Дегенмен, сот Атамбаевты 11 жыл 2 айға қамауға үкім шығарды. Оның дүние-мүлкі тәркіленеді.

Қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босатқаны үшін 19 адам сотталып жатыр. Олардың қатарында Атамбаевтан басқа өзге де шенеуніктер, сондай-ақ, медициналық сараптама жасаған дәрігерлер мен лаборанттар бар.

РИА Новостидің хабарлауынша, Батукаев 2006 жылы 16 жыл 8 айға сотталған болатын. Оған Бішкек маңындағы түрмеде жаппай қақтығыс ұйымдастырды деген айып тағылған. Аталған қақтығыс кезінде депутат Тынычбек Акматбаев пен қылмысты атқару басқармасының басшысы Икматулла Полотов және парламенттің екі қызметкері өлтірілген еді.

2013 жылы Батукаев дәрігерлердің нұсқауынан кейін түрмеден босатылды. Медициналық сараптама қылмыскердің қан обырына шалдыққанын көрсеткен. Алайда, түрмеден шыққаннан кейін ол жаңа паспорт алып, елден кетіп қалған. Тергеу ісінің мәліметінше, Батукаевтың елден қашып кетуіне Алмазбек Атамбаев бастаған ірі шенеуніктер көмектескен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button