Аудан жаңалықтарыМәдениетМерекелерРуханият

ЕҢБЕГІҢ КЕТПЕС ДАЛАҒА

21 маусым - Халықаралық әкелер күні

Әрбір адам алпысты алқымдап, зейнеккерлікке шығып, қолы босағасын, алды-артын ойлап, өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп, жас ұрпаққа өнеге болар өмір жолын атқарған қызметтерін жеткіншек жастарға жеткізе білу парызы шығар деп ойлаймын.

Биыл Кеңес Одағының 3-сьезіңде В. И. Лениннің басшылығымен қабылданған ГОЭЛРО-ға (Россияны электрлендірудің мемлекеттік жоспары) 100 жыл толады. Жобаның авторы – Мемлекеттік жоспарлау бөлімінің төрағасы Глеб Максимильянович Крижижановский. Кезінде бұл жоспардың маңызы өте жоғары болғанын білеміз. Электр қуатының арқасында жүздеген зауыт-фабрикалар салынып, өндіріс дамыды. Жүз жылдық тарихы бар ГОЭЛРО жоспарынан бастау алған еліміздің энергетика саласында жұмыс істегендіктен өткен күндердің естеліктерімен бөліскім келеді.

 Қазіргі біз тұрып жатқан Өтеген батыр ауылының тарихы Алматы қаласы мен облысын электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспары бойынша электр станциясы салынуымен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың 60-жылдары өркендеп, дамып жатқан өндіріс пен тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін Покровка селосының жанынан электр станциясының құрылысы басталды. Алдымен «Покровская ГРЭС» (Государственная Районная Электростанция) деп жобаланып, кейіннен «Алматинская ГРЭС» болып өзгерді. Қазіргі таңда «ТЭЦ-3» деп аталатын бұл мекеменің территориясында В. И. Лениннің ескерткіші әлі күнге дейін тұр. Сол ескерткіште: «Коммунизм дегеніміз – Кеңес үкіметі плюс бүкіл елді электрлендіру» деп ГОЭЛРО-ны қабылдаған кезде айтылған қанатты сөз тұр.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен атам Сүйіндіктің екі ұлы мен күйеу баласы әскери бөлімнен шақыру алып, соғысқа аттанып, майданда қаза табады. Атамның үшінші ұлы Орынборда оқып жүргенде суық тиіп, ауырып қайтыс болған. Сондықтан, атам кіші баласы менің әкем Бекқожаны 17 жасында Қызылорда теміржол депосына сексеуіл дайындаушы қызметіне жұмысқа орналастырады. Сексеуіл көмірдің орнына негізгі отын болды. Соғыс жылдарында сексеуілді тек үй жылытуға ғана емес, паровозға көмір орнына пайдалатын. Негізі, электр станцияларында электр энергиясын шығару үшін отын (көмір) жағып, суды қатты қыздырып буға айналдырады да, бу турбиналарын тұрақты жылдамдықпен айналдырады. Турбиналар генераторды айналдырып, генератордан тоқ шығады. Әкем соғыс жылдары отын дайындап, паровоздардың үздіксіз жүріп-тұруына еңбек сіңіріп, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосса, мен де электр станциясында өмірімнің саналы бөлігін өткізіп, ширек ғасыр электростанцияның (ТЭЦ-3) негізгі цехтарының бірі — отын-тасымал цехын басқардым. Соғыс жылдарындағы тылдағы еңбегі үшін әкем Жеңістің бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталды.

Соғыс аяқталғаннан кейін, 1948-52 жылдары Шымкент ауылшаруашылығы техникумын үздік бітіріп, Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы Академиясына (ТСХА) жолдама берілгенде, атам жібермей қояды. Кейіннен, Ташкент ауыл шаруашылығы институтын (1954-59 ж.ж.) сырттай оқып бітіреді. Әкемнің бір арманының орындалмай қалғанын іштей сезіп жүретінмін, соны орындау маған бұйырды.

1972 жылы Мәскеу инженерлік құрылыс институтына  түстім.  1977  жылы   инженер-электромеханик мамандығын алып, жолдамамен Алматыдағы «Казгипрокоммунстрой» жобалау институтының электротехника (ЭТО) бөлімінде КИП тобында инженер болып 2 жылдық жұмыс өтілін өтеп Қызылордаға қайттым. 1979-80 жылдары Күш-қуат мекемесінде (Паросиловое предприятие) электр қызметінің аға шебері болып орналастым. Менің қарамағымда электриктер мен КИП бригадалары болды. Міндетіміз –  барлық электр және КИП қондырғыларының тұрақты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ету (эксплуатация). 1980-84 жылдары СПМК-9 жылжымалы мехколоннада эксплуатациялық бөлімше бастығы болып қызмет атқардым. Қарамағымызда үш ауданның территориясында орналасқан 120 үңгімелер (скважина) болды. Олар электросорғышпен жұмыс істейді. Әр 5-6 скважинада бір 6/0,4 кВт подстанция бар. Міндет электросорғыштарды жүргізіп тұру болатын.

1984-1993 жылдары кәсіподақ, баспахана, мемлекеттік қызметтерде басшылық қызметтер атқарып, Алматыға қоныс аударып, энергетикаға қайтып оралдым.

1993 жылы ТЭЦ-3-ке (ол кезде АГРЭС) инженер-эколог болып қабылдандым. Бұған дейін эколог болмаған екен, сондықтан мен ТЭЦ-3 тарихындағы бірінші экологпын.

Бұл еліміздің тәуелсіздік алып, жаңа мемлекет құрылып жатқан кездер еді. Сол кездерді еске алсам энергетика үшін қиын уақыт болатын. Электр қуаты жетпегендіктен пайдаланушыларды аралай ажырату (веерное отключение) болып тұратын, айлық 3-4 ай кешіктіріліп, бөліп-бөліп берілетін. Кадрлар тұрақтамайтын. Соған қарамастан, электр станциясы жылына 1 миллиардқа жуық электр энергиясын өндіріп, Энергетический кентін жылумен қамтамасыз етіп отырды.

1995 жылы мені отын-көлік цех бастығының орынбасары етіп тағайындады. ОКЦ бастығы Василий Иванович Минин болатын. Өндірісті жақсы меңгерген, зерделі, шебер және қарапайым кісі екен. Өз қолымен МИ-1, МИ-2 жеңіл көліктерін құрастырып, ГАИ-де заңдастырып, мініп жүрді. 2005 жылы екеуміз орын ауыстырып, менің орынбасарым болды.

Энергетик мамандығы адамға жарық пен жылу сыйлап, адамды нұрға бөлейтін ең құрметті мамандықтардың бірі. Электр тоғы адамның бойындағы қан сияқты, онсыз қазір өмірімізді елестету мүмкін емес. Сол кездері маған үлгі-өнеге болған, өз ісіне шынайы берілген А. Н. Әжімұратов, А. Ф. Нючев, В. И. Минин, В. И. Феофанов секілді еңбектегі тәжірибесін жастарға үйретуден жалықпайтын нағыз энергетиктерден көп нәрсені үйреніп, өзімнің де басқа салаларда жинаған тәжірибеме сүйендім.

Электр станциясы үшін 1995-2005 жылдарда киын кезеңдер болды. Сол бір қиын жылдары Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын жарық және жылумен қамтамасыз ететін электр энергетикасы жүйесі (ПОЭЭ «Алматыэнерго») Бельгияық Трактабель компаниясына сатылған болатын. Электр станциясының аты АГРЭС-тен ТЭЦ-3 болып өзгерді. Басқарушы энергокомпания Алматы Пауэр Консалититед ТЭЦ-3-те өндірілетін электр энергиясының бағасы қымбат деген сылтаумен электр станциясын жауып тастамақ ойы болды. Жазда электр станциясы алты ай тоқтап, цех қызметкерлерін үшке бөлдік: бір бөлігі – жөндеу жұмыстарында, екіншісі –  отпускіде, үшіншісі – «простойда» болды. Бюджетке бөлінетін қаржы азайды, соның салдарынан электр қондырғыларының істен шығуы жиіледі, тұрақтылығы (надежность) төмендеді. Жылдық электр энергиясы өндірісі 300 млн кВт/сағ. дейін төмендеп кетті.

Қуанышка орай, 2008 жылдан бастап жағдай түзеле басталды. Қайтадан 1 млрд кВт/ сағ өндіретін жағдайға жеттік. Менің қуанышым сол күндерді көргенім, жастарға электр санциясын қуатты қалпында, 200 МВт қуаттылығымен қалдырғанымыз. Болашақ – жастардікі.

Өз цехым жайында айтатын болсам. В. И. Мининнің орнына орынбасарым болып А. М. Скрипкин келді. Ол комсомол, партия ұйымдарында, өндірісте де қызмет істеп шыңдалған, аса жауапты, қатал тәртіп қоя білетін тәжірибесі мол кісі екен. Бірінші күннен тіл табысып, бірге қызмет атқарып, құрдас болғасын зейнетке де қатар шықтық.

Соңғы жылдары цехта көптеген жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бульдозер паркін жаңа техникамен толықтырдық. Күні-түні уақытпен санаспай келген отынды түсіріп алу, қазандықтарды көмірмен үздіксіз қамтамасыз етіп отыру оңай шаруа емес. Ол алғыр да табанды адамдарды қажет етеді. Мен сондай адамдармен қызметтес болғанымды мақтан етемін. Цехты басқара жүріп, олардан үйренгенім де көп болды. Атап айтсам, ауысым бастығы А.Фрешер, темір ұстасы (слесарь) А. Умбетжанов, экскавторшы А. Шаталов, таразышы Г. Сыпатаева сынды әріптестер әлі күнге дейін өнімді еңбек етіп жатыр.

«Дені сау адам – жұмысты сапалы атқаратын адам» деген ұғымды бойымызға сіңіріп, спорттық ойындардың ұйытқысы болдық. Цехаралық жарыстарда алғашқы қатарда көрініп жүрдік. Бельгиялықтардың тұсында біздің ТЭЦ бағынатын Алматы Паэур Консалитейтед компаниясының бас инженері, әрі Қазақстандық парашютшылар қоғамының төрағасы В. С. Сауранбаевтың ұйымдастыруымен Байсерке аэродромынан екі рет парашюттен секірдім.

ОТЦ электр станциясында негізгі цехтардың бірі. Мен басқарған кезеңде құрылғылардың істен шығуы, апаттық жағдайға ұшырауы немесе өндірістік жарақат алғандар тіркелген жоқ. Біздің электр станциясы көптеген еңбек династияларымен әйгілі. Ата-анасы салған сара жолды балалары жалғастырып жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Ұрпақ жалғастығы — энергетиктердің жарқын болашағының кепілі, жастардың жауапкершілігін арттырып, таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілік пен құрмет қалыптасады. Кейде «энергетика саласында ұрпақ сабақтастығын қалыптастырып, ұлдарымды әке жолымен жүруге үйрете алдым ба?» деген сауал туады. Шүкір, екі ұлым жолымды жалғап, энергетика саласында қызмет етіп жүр. Ортаншы ұлым Сәбит 2003 жылы АИЭС-ті бітіріп, еңбек жолын ТЭЦ-3 мекемесінен бастап, қазіргі таңда Астанадағы КЕГОК-та жауапты қызмет атқарады. Сәбитім 2010 жылы Мәскуде өткен ГОЭЛРО-ның 90 жылдық мерекесіне қатысты. Кіші ұлым Дәулет еңбек жолын 2005 жылдан бастап, қазір ЦТАИ- да тәжірибе жинақтап жүр.

Азаматтық, кісілік қасиеттер «атаның-ақылынан, ананың ақ сүтінен бастау алады» дейді ұлылардың өсиеті. Тегінен түзу жаратылған әкем Бекқожа Сүйіндікұлы ақ пейіл, көпшіл, дүниетанымы кең, азаматтық орны биік, кісілігі мол адам еді. Мен де өмірде сол әке салған сара жолмен келе жатырмын. Соғыс жылдары әкем сексеуіл дайындап, халықты жылытып, паровоздардың үздіксіз жүруін қамтамасыз етті. Әкем кісіге мейірімін төгіп,    қолдан келгенше жақсылық жасап жүретін. Мен де әкемнің осы жақсы қасиетін бойыма сіңіре білдім. Одан ұтылған жоқпын. Жасаған еңбегімнің зейнетін көріп жатырмын. 2015 жылы 60 жасқа толуыма байланысты «Кұрметті энергетик» атансам, 2018 жылы Алматыда өткен Қазақстан энергетиктерінің форумында «Ардагер энергетик» атандым. Мінекей, әкеден алған тәлім-тәрбием мен бойға сіңірген ізгі қасиеттердің арқасында елге сыйлы азамат болып, өсіп-өнген әулеттің адақты ақсақалы атандым. Әкеден алған жақсы қасиеттерді ұрпағымыздың жүрегіне егіп, олардың да болашақта бір-бір әулеттің иесі болып, өнегелі өмір сүруіне жағдай жасау – біздің міндетіміз. Сонда ғана ұрпақ сабақтастығы жүзеге асып, бәйтеректей жайқалып, күн түскенге көлеңке, жел тигенге пана бола аламыз.

 

  Ғ. СҮЙІНДІКОВ,

ардагер энергетик

Басқа жаңалықтар

Back to top button