Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБайсерке ауылдық округіБасты ақпарат

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН, ҰЙЫМШЫЛДЫҒЫ ҰЙЫСҚАН

Ауыл - ел бесігі

Іле ауданы – Алматы облысындағы іргелі де берекелі өңірдің бірі. Ауданның жалпы экономикалық-әлеуметтік жағдайының барынша жақсаруына жергілікті округтердің орасан зор үлес қосатындығы сөзсіз. Өйткені, ұлтымыздың ұясы, ырыстың кілті, берекенің бастауы – ауыл. Мұнда еңбеккерлердің маңдай тері төгіліп, мал бағылып, егін егіледі. Ауылшаруашылығын дамыту бағытындағы орта және шағын кәсіпкерлік те жергілікті округтен бастау алады.

 Сондықтан болар бүгінде ауданның қай округін алып қарасаңыз да әлеуметтік-экономикалық даму үрдісінің қалыпты екені байқалады. Әр салада болсын өрлеу бар. Осыған байланысты аудандық газет жергілікті округтердің қазіргі таңда әлемдік пандемияға қарамастан халықтың әлеуетін арттыру, тұрмысын жақсарту, ауылды көркейту, білім, денсаулық бағытындағы әр саладағы жұмысымен оқырмандарды кеңінен таныстыру мақсатында «Ауылым – ел бесігі» айдарын ұсынады. «Ауыл – ел бесігі» айдарының алғашқы шымылдығы беркелі тіршілігі бар Байсерке ауылдық округімен ашылмақ.

БАЙСЕРКЕ: АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ

Байсерке – өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы қатар дамыған аудандағы ең үлкен округтердің бірінен саналады. Тарихқа көз жүгіртсек, ең алғаш Сталин ауылдық кеңесі болып құрылып, кейін Ленин ауылдық кеңесі болып өзгертілді. Бүгінде Байсерке ауылдық округінің құрамына округ орталығы Байсеркені қосқанда, Әли, Көктерек, Жаңаталап, Жаңадәуір, Ынтымақ және Қоянқұс ауылдары, барлығы 7 елді мекен кіреді. Кезінде тек ауылшаруашылығы, оның ішінде, қант қызылшасы мен астық, төрт түлік мал өсірумен айналысса, қазір округте заман талабына сай өнеркәсіп саласы да басымдылықпен дамытылуда. Мұнда жыл сайын инвестициялық белсенділік артып келеді. Өйткені, біздің округ тоғыз жолдың жолдың торабында орналасқан десем, еш артықтығы жоқ. Біріншіден, үлкен мегаполис – Алматы қаласының дәл іргесіндеміз. Екіншіден, Алматы –     Өскемен жолының оң және сол жағына біздің округтің ауылдары қатар-қатар орналасқан. Ресейге, Қытайға баратын темір жол да Байсерке ауылын басып өтеді. Мұның өнеркәсіп орындарының кең қанат жаюына мүмкіндік береді әрі ауылдың тұрмысы қалалықтармен теңесуіне жағдай туғызады. Бүгінде су, жарық, көгілдір газдың да мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Атап айтсақ, округтің экономикасына айтарлықтай үлес қосып отырған темекі өнімдерін өндіретін «Джей Ти Ай Казахстан» ЖШС, алкогольсіз сусындар шағаратын АО «Galanz bottlers» АҚ, дәрі-дәрмекпен Қазақстанды қамтамасыз етіп отырған «Дольче» ЖШС, балмұздақ өндіруде жетістікке жетіп жүрген «Шин Лайн» ЖШС, өртке қарсы құралдар мен желдеткіш жабдықтарын шығарумен айналысатын «АВЗ» ЖШС, бас киім тігетін «Медиатекс–Н» ЖШС, шұжық өнімдерін шығаратын «Первомайские деликатесы» ЖШС кәсіпорындарын мақтанышпен айтуға болады. Үстіміздегі жылдың өзінде құны 98 миллион АҚШ доллары болатын 150 тұрақты жұмыс орнын ашып, майлау материалдарын шығарумен айналысатын «ЛУКОЙЛ Лубрикантс» ЖШС-і іске қосылды. Бұл жобаның құны жылына 100 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, «Макдональдс» үшін нан өнімдері мен салат өндіретін «Фудтаун» ЖШС-і де іске қосылып, тек округ емес ауданның да экономикасына сүбелі үлес қосуда. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы сағатына 6000 бірлік немесе сағатына 80 килограмм нан-тоқаш өнімдері мен салат өндіруге жетеді. Жобаның жалпы құны – 7,5 миллиард теңге. Жұмыс орнының саны 160 адам болса, оның ішінде бірінші кезекте 40, ал, екінші кезекте 120 адам жұмыс істейтін болады. Округте 314 шағын және орта кәсіпорында 430 кәсіпкер еңбек етеді. Оның ішінде 13 адам жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы еңбекпен қамтылды. 2020 жылы кәсіпкер А. Манкеев 17 миллион теңге, Р. Жаманқұлов құны 55 миллион теңге, А. Жақсылықұлы құны 30 миллион теңге болатын жол бойында қызмет көрсететін қоғамдық тамақтандыру орнын, Ж. Көбегенова құны 12 миллион теңгелік дүкен-дәмхананың құрылысын салып, пайдалануға бермекші. Осылайша 45 жұмысшы орны ашылмақ.

Округте ауылшаруашылығы да жақсы жолға қойылған. Округтің аумағы 85205 гектарды алып жатса, оның 5021 гектары суармалы, 4450 гектары тәлімдік жер, 39520 гектары жайылымдық жер. Өткен ғасырда мұндағы 7 елді мекендегі басқармалар «Қазақстанның 40 жылдығы» ұжымшарына біріктірілсе, еліміз тәуелсіздік алған соң үлкен колхоздың орнына ұсақ шаруа және фермерлік шаруашылықтарға бөлініп кетті. Бүгінде округте 702 шаруа және фермерлік шаруашылық тіркелген. Оның 32-сі мал шаруашылығымен айналысады. Құс шаруашылығы да қолға алынған. Бүгінде Юлия Барсукова басқаратын «Барсукова» шағын құс фермасы аудан, тіптен облыс тұрғындарын құс етімен қамтамасыз етіп отыр. Ал, егін шаруашылығымен айналысатын қожылықтар бидай, сұлы, дәндік жүгері, сүрлемдік жүгері, сафлор, соя, картоп, жоңышқа, еркек шөп өндіреді. Сонымен қатар, көкөніс пен жемістер өндіруге басымдылық берілген. Айталық, өткен жылы 1221 гектарға көкөніс себілсе,143 гектарға бау-бақ отырғызылған. Ал, үстіміздегі жылдың өзінде 1248 гектар жерде көкөніс,143 гектар алқапта бақша дақылдары өсірілуде. Жалпы ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер ішінде Сәкен Құдайбергеновтың «Құдайбергенов», Әділ Бүкімбаевтың, «Бүкімбаев», Октябрь Қашағановтың «Қашағанов», Айна Естубаеваның «Естубаева», Рысхан Тотыбаеваның «Жаз-Ай» шаруа қожалықтарын еркеше атап өтуге болады.

Жалпы, бүгінгі таңда округтің ауылшаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған саладағы өнімдерді көбейту жолында өндірістік технологияларды пайдалана отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Мәселен, өткен жылдың өзінде округтің аграрлық саладағы еңбеккерлері жалпы көлемі 5 миллиард теңгенің өнімін өндірді.

Қасиетті Байсекре өңірінің халқы  ұйымшыл да ынтымақты. Қандай қиындық болса да округ тұрғындары сабырлық сақтап, бір-біріне қолдау көрсетіп отырады. Ынтымағы жарасқан, ұйымшылдығы ұйысқан осы қасиетті өңірдің болашағының жарқын екендігіне нық сенімдімін.

Т. ОТЫНШИЕВА,

Байсерке ауылдық округінің әкімі

***

БІЛІМ ШЫРАҒДАНЫ

Округ үлкен болған соң, әрине, мұнда жалпы білім беретін мекемелерге қажеттіліктің жылдан жылға жоғары болатындығы да түсінікті. Дей тұрғанмен округте бүгінде 11 орта мектеп бар. Оның ішінде №№ 1, 5, 9, 21, 25, 30, 47 орта мектептерде оқушыларға білім қазақ және орыс тілінде, ал, №№ 12, 22, 28, 46 мектептерде тек қазақ тілінде білім беріледі. Екі мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Мұның өзі округте мектептің әлі де болса жетіспейтіндігін білдіреді. Жалпы білім мекемелерінде 8469 оқушы оқиды. Оларға жан-жақты білім алу үшін тиісті жағдай жасалынған. Мектептер заманауи ақпараттық технологиялармен, спортзалдармен жабдықталған. Соның нәтижесі болар, өткен оқу жылында округ бойынша мектеп түлектері 212 болса, оның ішінде 23 бала «Алтын белгі» иегері атанып, 9 оқушы үздік аттестат алды. Ауылдық округтің спорттық жетістігі ретінде 95 түлек олимпиада жүлдегері атанғанын мақтанышпен айта аламыз. Өткен жылы округтен түлеп ұшқан 83 бала жоғарғы оқу орындарының грантына ие болды. Сондықтан, үстіміздегі жылғы нәтиже де жаман болмайды деп үміттенеміз. Дәл қазір ауданда бірыңғай ұлттық тестілеу жүріп жатыр. Биыл мектепті 222 оқушы аяқтайтын болса, оның 213-і ҰБТ тапсырмақшы. Алдын ала тапсырылған тест қорытындысы бойынша осы оқушылардың ішінен 40 бала «Алтын белгі» төсбелгісіне, 13 түлек «Үздік аттестатқа» үміт артып отыр.

Ұстаздардың барлығының дерлік жоғары білімі бар. Өткен жылы 7 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасты.

Оқушыларға сапалы әрі жан-жақты білім берілгенімен де, олардың оқуға жағдайы дұрыс болмаса, ұстаз еңбегі де зая кетеді. Осындай жағдайды болдырмас үшін мектепте оқитын тұрмысы нашар отбасыларындағы 684 оқушыға және асыраушысынан айырылған 23, жетім қалған 28, көпбалалы отбасындағы 647 балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Сонымен қатар әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушылардың барлығы «Мектепке жол» қайырымдылық  шарасы аясында, одан бөлек кезде де мектеп құралдарымен, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етілген.

Балаларды мектепке даярлау бағытында 1 мемлекеттік және 34 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Өткені, 2019 жылдың өзінде Жаңадәуір, Қоянқұс, Байсерке ауылдарында 75, 50 орындық 6 балабақша пайдалануға берілді. Мұның өзі аздық етеді. Өйткені, қазірдің өзінде балабақшаға орналасуға 708 бала кезекте тұр. Биыл округтегі бүлдіршіндердің 82 пайызын балабақшамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.

Бүгінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында жоспар құрылып, оқушылар саны анықталуда. Жазғы демалыс кезінде жұмыс атқаратын медбике, дене шынықтыру, вокал, хореограф, психолог мамандары жұмыс жоспарларын әзірлеуде. Жазғы демалыс 4 кезеңнен тұрады.

ЖАНЫ САУДЫҢ — ТӘНІ САУ

Округ бойынша 4 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік пункт халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Барлық елді мекендердегі дәрігерлік амбулаторияларда күндізгі стационар жұмыс істейді.

Алайда, бұл сала бойынша бізде шешілуі кезек күттірмейтін мәселелер бар. Біріншіден, барған сайын тұрғындар саны артуына байланысты Байсерке ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қабылдау бөлмелері жетіспейді. Осы амбулаторияның жанынан тәулігіне 150 пациентті қабылдайтын қосымша ғимарат құрылысының жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 40 миллион теңге, ал құрылысты жүргізуге 400 миллион теңге бөлуді сұрастырып, ұсыныс жібердік. Оның жалпы құны 4450 миллион теңге болмақ.

Сол сияқты Байсерке ауылдық амбулаториясына қарасты Көктерек ауылындағы фельдшерлік пункттің отыратын ғимараты жоқ. Олар уақытша «Казтелерадиоға» қарасты мекеменің екі бөлмесін жалға алып отыр. Сондықтан да ауыл тұрғындарынан бөлмелердің тарлығы және ыңғайсыздығы жайлы жиі шағым түседі. Осы мақсатта Көктерек ауылында фельдшерлік пункттің құрылысын салу үшін облыстық бюджеттен 5 миллион теңге сұрастырудамыз. Алдағы уақытта осы екі мәселенің де оң шешімін табатынына нық сенімдіміз.

Сонымен бірге, Жаңадәуір ауылындағы халық санының көбеюіне байланысты амбулаториялық ғимаратты кеңейту қажет. Ол үшін қосымша ғимараттың жобалық-сметалық құжатын дайындау және құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 330 млн. теңгеге сұраныс жасалды.

***

ЖОМАРТ КӘСІПКЕРЕЛЕР

Округ шамамен40 мыңға жуық халық тұратын болса, оның ішінде, 1959 адам әр түрлі әлеуметтік көмек алды. 69 адамға тұрғын үй жөнінен нақты көмек берілді. Сонымен қатар, округ аумағына орналасқан мекемелер мен кәсіпорындар басшылары тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларына, жалғызбасты аналар мен қарттарға, еңбек ардагерлері мен мүгедектерге шамалары келгенше қаржылай және азық-түлік, күнделікті қажетті заттармен көмек көрсетеді. Осы ретте, жем өңдейтін «Комбиснаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Вясеслав Александрович Ан мырзаның, жүк көліктерін жуатын «GRAND TRUK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Динара Қазиоллоқызы Арыстанованың, «Радуга» сауда орталығының басшысы Виктор Райманның, «Ламинур» дүкенінің иесі, аудандық Мәслихат депутаты Советбек Біләлұлы Дөненбаевтың, «Алихан» асханасы, «Мөлдір» азық-түлік дүкені, «Түркістан» базары басшыларының, «DOLCE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің округтегі көмекті қажетсінетін тұрғындарға тұрақты түрде көмектесетіндігін айтуға болады. Жоғарыда есімдері аталған кәсіпкерлер «Өле жегенше, бөле же», — дегендей, өздерінен артылғанды халықпен бөлісіп, елдің ықыласы мен құрметіне бөленуде.

***

ЕҢБЕККЕ ОРНАЛАСТЫРУ

Байсерке ауылдық округі бойынша өткен жылы 668 тұрақты жұмыс орны құрылды. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 219 жаңа жұмысшы орны ашылды. Қазірдің өзінде 167 адам жұмысқа орналасты.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту Бағдарламасын» іске асыру үшін қысқа мерзімдік курсқа 41 адам жіберіліп, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан 15 адам өтті. Әлеуметтік жұмыс орындарына: жастар тәжірибесіне — 5 адам, қоғамдық жұмыстарға — 36 адам жұмысқа орналасты.

***

АЛҒЫ ШЕПТЕГІЛЕР

Байсерке ауылдық округінде халықты ынтымақ, бірлікке, сабырға шақырып, жастарға ақыл айтып, кез келген уақытта округ әкімінің жанынан табылып, жерлестеріне қолынан келген көмектерін жасап жүретін белсенді азаматтар көптеп саналады. Мұндағы  ақсақалдар  кеңесі,  ауыл  қауымдастығы  да қоғамдық жұмыстарға білек сыбана араласады. Атап айтсақ, округтік ақсақалдар кеңесін басқаратын Құрманғали Омарғалиұлы Кенжеғұлов, кеңес мүшелері әрі ауылдық кеңестер басшылары Мұрат Әбдірахметов, Жайлаубай Бітімбайұлы Тойғұлов, Жарылқасын Ахметұлы Сарқамбаев, Құсайн Қожахметов, Өмірбек Күлбаев сынды ақсақалдардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар, әсіресе, төтенше жағдай кезінде жастарының ұлғайғанына қарамастан елдің арасында болып, көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік апарып, тиісті жәрдем жасады.

Әр ауылдағы қауымдастық кеңес төрағалары да ештеңеден аянбай округте өтетін экономикалық, әлеуметтік мәдени-әдеби, спорттық бағыттағы шаралардың жоғары дейгейде өтуіне белсене араласып әрі өз ауылдарындағы қоғамдық-саяси ахалдың қалыпты болуын қадағалдап, тұрғындардың ұйымшыл болуына, барлық істі жұмыла атқаруға ықпал етіп отырды. Сондықтан да округ тұрғындары Қайсар Аубакиров, Бақытгүл Әзімбаева, Магай Юрий Васильевич, Гүлназия Жолдыбаева, Үмітхан Мұратбекова, Галина Тереньтевна Белкова, Серік Қошпанов, Жұматай Ноғайбеков сияқты қауымдастық кеңес мүшелерінің атқарған ісіне дән риза.

Жалпы, округтегі елдің әлеуметтік жағдайын, хал-ахуалын жақсарту бағытында көп жұмыстар жоғары ұйымшылдықпен атқарылады. Ауыл белсенділері кез келген істі ауыл әкімімен ақылдасып, жүзеге асырады.

****

АЗАМАТТАРДЫҢ  КӨМЕГІ – КӨПКЕ

Үстіміздегі жылдың Наурыз айының 16 күні Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың халыққа арнаған Үндеуіне сәйкес, «Короновирус» ауруының алдын алуы бойынша карантин жариялануына байланысты Байсеркеде Дүние жүзі бойынша пандемия деп жарияланған қатерлі індет-короновирустың округ аумағында кең таралып кетпеуі үшін сақтық шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ауылдық округте штаб құрамы құрылып, жұмыс жоспары бекітілді. Атап айтқанда, округтегі қоғамдық жерлерді залалсыздандыру бойынша елді мекендерде ауыл тұрғындары тарапынан 10 адамнан тұратын белсенділер тобы құрылды. С. Айтыбаров, Б. Шалқарбаев, К. Бәкенов, К. Әжібеков, Д. Рахымжанов, К. Орынбаев, К. Шерімов, С. Қошпанов, А. Қазыкенов, А.Бәкіров, С. Байдәулетов, В. Суклетов сынды азаматтар округтегі ауылдарда қоғамдық жерлерде, білім мекемелері, дәрігерлік амбулаториялар, ФП-тер, пошта торабтары, аялдамалар, базалар, дүкендер, көшелер, спорттық және ойын алаңдары секілді адамдар көп шоғырланатын орта залалсыздандыру жұмыстарын атқарды. Залалсыздандыру жұмысына «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 1 трактор бөлініп, 112 көше залалсыздандырылды. Бұл жұмыс жалғасын табуда.

Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде округтегі әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың, жетім, жартылай жетім балалардың, жалғызбасты қарттардың, уақытша жұмыссыз қалған отбасылардың тізімдері әзірленіп, аудан және округ әкімдерінің ұйымдастыруымен кәсіпкерлер және ауыл белсенділері тарапынан 622 отбасына 5 298 500 (бес миллион екі жүз тоқсан сегіз мың бес жүз) теңгеге азық-түлікпен көмек көрсетілді. Әлі де болса тұрмысы төмен отбасыларға тиісті көмек көрсетіліп, жағдай жасалынуда.

 

***

ЕРІКТІЛЕР ЕҢБЕГІ

Округте жергілікті қоғамдастық және «Жас Отан жастар қанаты» мүшелерінен еріктілер топтары құрылып, елді мекендердегі зейнеткерлер, жалғызбасты қарттар, көпбалалы аналар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар анықталып, оларға күнделікті керекті дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізу жұмыстары ұдайы ұйымдастырылып тұрды. Атап айтсақ, төтенше жағдай кезінде Жаңадәуір ауылындағы мешіт имамы Шерімбай Қалдыбай, қоғамдастық кеңес төрағалары мен мүшелері Ю. Магай, Г. Белькова, О. Күлбаев қоғамдық жұмыстарға барынша белсене қатысып, елді сақтық шараларын сақтауға, сабырға шақырды. Олардың өздері еріктілер қатарына қосылып, үй-үйді аралап азық-түлік таратып жүрді. Кейбіреуі жасының ұлғайғанына да қараған жоқ. Ел басына сын туғанда үйде қарап отыруды ар санап, халықтың ортасында жүрген осындай азаматтар көпке үлгі бола білді. Қоянқұс елді мекеніндегі мектеп директоры Р. Болысбаеваның ұйымдастыруымен «Жас Отан жастар қанатының» мүшелерінен құрылған еріктілер топтары да уақытпен санаспай, көмекке зәру отбасыларына азық-түлікті ұдайы жеткізіп тұрды.

Төтенше жағдай кезінде көпбалалы және үйде уақытша жұмыссыз отырған азаматтар мен азаматшалардың ұсынысымен еріктілер тобы құрылғандығы да, ауыл тұрғындарының белсенділігін көрсетеді. Олар, қарап отырмай бетперде тігу жұмысын қолға алды. Айтар болсақ,   Д.  Алтынбекова,  З.  Сагалова,    М.  Жұманова, Г. Аманбекова,  Л.  Ақбай,   Г.  Сыбанбаева,   Г.  Мырзаханова, Г. Рахышова, Ж. Кунафина, С. Қожамбергенова, Н. Ногаева, С. Чункеев, Ж. Мышырова, Ж. Нукаева, Керей Халидолда, К. Саршаев, С. Кежебаев, А. Шитенова сынды аналар мен Д. Шаймарданова , Т. Сеилханова сияқты қоғамдық жұмысшылар және «Блашке О. Ф», «Тартыкова» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағалары бетперделер тігу жұмыстарын ұйымдастырды. Олардың жалпы күшімен барлығы 8200 бетперде тігіліп, оның ішінде 3400 бетперде шаруа қожалықтары еңбеккерлеріне, саяжай және ауыл тұрғындарына тегін таратылды. Әсіресе бетперде тігу жұмыстары Қоянқұс, Байсерке, Ынтымақ елді мекендерінде жақсы ұйымдастырылды. Барлығы бұл жұмысқа 36 тігінші тартылды. Бетперделерді тігу жұмыстары әлі де тоқтаған жоқ.

***

ШАРА ОНЛАЙН ӨТКІЗІЛЕДІ

Байсеркеліктер округте Мәдениет үйі мен кітапхана жоқ болса да, әр түрлі айтулы даталарға арналған мәдени шараларды барынша мазнұнды әрі қызықты өткізуге тырысады. Барлық ұлттық мерекелерге орай іс-шаралар округ әкімі аппаратының және мекеме ұжымдарының, ақсақалдар кеңесі мен қоғам белсенділерінің күшімен өткізіледі. Іле аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бекіткен жоспарына сәйкес, бүгінде «Жырлайды жүрек», «Үздік дәстүрлі көрініс», «Жамбыл Жабаев» атындағы аудандық жыршы-термеші, «Әйел сұлу көрінер» атты аудандық байқаулар онлайн түрінде ұйымдастырылуда.

Округта 2 тарихи ескерткіш бар және 5 тақтайшалар бар.

Ұлы Отан соғысында шейіт болған отандастар рухына арналған ескерткіш, 1975 жылы салынған, Байсерке ауылында Школьная көшесінде орналасқан. Ескерткіштің маңайын тазарту, санитарлық тазалық жағдайын сақтау, көгалдандыру жұмыстарының жүргізілуін Байсерке ауылындағы №12 ОМ, №09 ОМ, №28 МГ мекеме басшылары қадағалайды.

Кеңес үкіметінің комсомол ұйымының құрылғанына арналған ескерткіш «Алматы-Талдықорған» тас жолында орналасқан. Ескерткіштің қалыпты жағдайда болуын «Дос» кафесі басшыларымен келісіліп қадағаланады. Биылғы жылы жоғарыда аталған ескерткішке жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Іле аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне ақаулық акт жасалып өткізілді.

Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Жаңталап, Жаңадәуір, Ынтымақ, Қоянқұс, Али ауылдарында орнатылған ескерткіштердің безендірілуіне, көгалдандырылуына және санитралық жағдайының сақталуына мектеп басшылары және жергілікті жердегі қоғамдастық мүшелері жауапты.

***

ӨҢІР МАҚТАНЫШТАРЫ

Спорт саласы жөніндегі жұмыстар бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіледі. Осы өңірде тұратын халықтың 13140-і спортпен айналысады. Округ бойынша 21 жарыс, оның ішінде 7 спорттық іс-шара аудандық көлемінде өткізілді.

Округте 43 спорт алаңы бар, оның ішінде 9 спорт зал, 3 бассейн бар. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында балалардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізіп, спортпен шынығу үшін күрес, бокс, таэквондо, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, футбол спорты түрлерінен округте 9 спорттық үйірме жұмыс жасайды.

Үстіміздегі жылда Дубай қаласында өткен джиу-джитсу түрінен әлемдік чемпионатында Тельман Қайсар Талғатұлы жүлделі 3-ші орынды иеленсе, ал, Қазақстан Республикасының спорт шебері Мұратұлы Кенже 2-7 желтоқсан аралығында бокстан өткен халықаралық турнирде 2-ші орынды жеңіп алды. Екеуі де Байсерке өңірінің мақтаныштары.

***

ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ

Мемлекеттің «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 мердігер арқылы   18 жоба жүзеге асырылуда. Олар: «Стройсервис», «HADID», «Максдорстрой сервис- 21» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Осы бағдарлама бойынша 98 жұмысшы орны ашылатын болса, оның 50-і  жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі күні 50 адам орталық арқылы еңбек етуде. Бағдарлама аясында Байсерке ауылындағы Қонаев, Жаңаталаптағы Школьная, Жаңадәуірдегі Болысбаев, Ынтымақтағы Абай, Қоянқұстағы  Иманов көшелеріне орташа жөндеу жұмысын,  сондай-ақ,  Байсерке ауылындағы Учительская,  Бөлтірік ақын, Жаңаталаптағы Мир көшелері  мен  Жаңадәуірдегі  Ленин көшесінің жалғасына, Ынтымақтағы Төле би көшесіне,   Қоянқұстағы «Д» кварталына ағымдағы жөндеу  жұмысын  жүргізу  жоспарланып,  жүзеге асырылуда.

***

ӘЛЕУМЕТТІКДАМУ ЖОСПАРЫ

  • Алеи құрылысын жүргізу және Әли ауылында жаңа аялдама кешендерін орнату.
  • Байсерке ауылындағы Арқабай көшесіндегі футбол алаңын салу, Мүсірепов көшесіндегі ФОК жөндеу жұмыстарын жүргізу.
  • №47, №46 орта мектеп жанында автокөлік тұрағы құрылысы.
  • Жаңаталап ауылында балалар алаңын өткізу (жасанды жабынды салу).
  • Жаңаталап ауылында 600 орындық мектеп құрылысы.
  • № 9 мектептің жапсаржай құрылысы
  • Көктерек ауылының № 21 орта мектепке қосымша оқу ғимаратының құрылысына өтінім беру.
  • Байсерке ауылындағы жер үсті көпірінің құрылысын аяқтау
  • Қоянқұс ауылындағы №47 мектеп жанында аялдама кешенінің құрылысы
  • Қоянқұс ауылы Береговая көшесін электрлендіру құрылысы
  • Байсерке ауылы Сәтпаев көшесін жарықтандыру

***

Аудан әкімінің  алдында көтерілген өзекті мәселелер

  1. Байсерке ауылдық округінің 2-ге бөлінуі жөнінде. Әлі шешімін тапқан жоқ.
  2. Ынтымақ, Жаңадәуір ауылдары ауыз суының  тапшылығы. Қазір мұнда су құбыры ұңғымасы құрылыстары жүргізілуде
  3. Байсерке ауылы Қонаев көшесіне ағымдағы жөндеуді жүргізу. Бұл жұмыс қолға алынды.
  4. Қоянқұс ауылы №1 мектепке дәретхана салу. Бюджеттік қаражат бөлінді, құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде.

Материалдарды  әзірлеген

Р. Айдарбекова

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close