Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыМерекелерТұлға

ЕЛІН СҮЙГЕН ҚАЙТАЛАНБАС ТҰЛҒА

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы, Елбасымыз тым жас кезінен еңбекке белсене араласты. Ал, оның саясаттағы үлкен лауазымды қызметі 29 жасынан басталды десем, қателеспейтін сияқтымын. Өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдары Қарағанды металлургия комбинатында қатардағы жұмысшылықтан бастап, қоғамдық шараларға белсене қатысып жүріп, өз еңбегімен қызмет баспалдақтарынан өткен адам. Іскерлігінің, тамаша ұйымдастырушылық қабілет-қарымының арқасында 1969-1973 жылдары Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы партия-комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. 1973-1977 жылдары – Қарметкомбинатының партком хатшысы, 1977-1979 жылдары – Қарағанды облыстық партия комитетінің 2-ші хатшысы. 1979-1984 жылдары – Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы болды. Ал, 1984 жылдан 1989 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Бұл кезде ол бұрынғы ТМД елдеріндегі ең жас премьер-министр еді. Мұның өзі қазақ үшін үлкен мақтаныш болды. 1989 жылы КСРО-да алғашқы рет мемлекеттік биліктің ең жоғары органының баламалы негіздегі сайлауы болып өтті. Мәскеуде 1989 жылғы маусымда реформалардың қажеттігі, идеология мен экономиканың түйткілді мәселелері қызу талқыланған КСРО халық депутаттарының бірінші съезі болды. Халық депутаттарының съезі біте салысымен, Геннадий Колбин Мәскеуге жұмысқа ауыстырылды. Қазақ КСР Компартиясының Орталық Комитеті 1989 жылғы 22 маусымда бірінші хатшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Мен Елбасының өмірбаянынан кейбір деректерді не үшін келтіріп отырмын. Оның біздің ауданға да қатысы бар. Өйткені, Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін ұмытпасам 1990 жылдың наурыз айында Ынтымақ ауылындағы Мәдениет үйінің жанында Нұрсұлтан Әбішұлының аудан жұршылығымен кездесуі болды. Халық өте көп жиналды. Сол кезде еліміздің болашақ Президенті қазақи мақал-мәтелдерден мысал келтіре отырып, еліміздің алдағы уақыттағы атқарар жұмысы, шығар жетістігі жайлы көсіле сөйледі. Әрі таза қазақ тілінде. Кеңес Одағы кезінде үлкен мінбеге шығып, өз ана тілінде сөйлейтін басшылар кемде кем еді. Халықпен сөйлесіп, өз ойын, пікірін ортаға кеңінен салған Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшсының шешендігі аудан тұрғындарын сүйсінтті. Сол кезде ауданымыздың ақыны марқұм Нүсіпбек Исахметов «Менің білуімше Нұрсұлтан Назарбаев болашақта қазақты өркениетті елдің қатарына қосатын, кемел тұлғалы дара басшы болады», — деп айтқаны әлі есімде. Көненің көзі, асылдың сынығы Төрткен Кененова апамыз да ризашылықпен мінбеге шығып аналық сөзін сөйлеп, артынан әкесі Кенен Әзірбаевтың бір өлеңін нақышына келтіре орындаған еді.Сонда шын пейілімен риза болған Нұрсұлтан Назарбаев Төрткен Кененқызының қолын алып, алғыс жаудырды. Протокол бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы кездесуден кейін бірден кетуі тиіс болатын. Облыстан келген басшылар, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, тағы басқа да лауазымды тұлғалар келген қадірлі қонақты шығарып салудың қамына кірісті. Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Назарбаев мінбеден түскен кезде мына жақтан ақ жаулығы желбіреген «Қазақстанның Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, атақты қызылшашы Күнсұлу апамыз шыға келді. Бәріміз сілтідей тындық. Протоколға бағынып үйренген басшылар не істерлерін білмей қалды. Сасатын Күнсұлу апамыз жоқ. Ақ жаулығы желбірей Н. Назарбаевқа жақындап келіп:

— Қарағым, қазақпыз ғой, қалайша ауылдан дәм татпай аттанасың менің үйіме кіріп ең болмаса бір шыны шай ішіп кетіңіз, — деді. Облыс, аудан басшылары «қап-ай, мына кісі бәрін бүлдірді-ау! Енді не істейміз?» — дегендей бір-біріне аңтарыла қарады. Бәріміз тығырыққа тірелдік. Бізді бұл қиындықтан Нұрсұлтан Әбішұлының өзі құтқарды.

— Олай болса бастаңыз үйіңізге. Тамақтан аттап кетуге болмайды ғой, — деді қарапайым қалпынан айнымай. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы жұмысының қауырттығына қарамастан дастархан басыңда өзін қарапайым ұстап, еліміздің болашағы жайлы мазмұнды әңгіме айтып, елдің, ауыл тұрғындарының жағдайын толықтай сұрастырды. Дастарханын молынан жайған Күнсұлу апамыз ойындағысын ірікпей айтатын өжет мінезді жан еді. Арасында Нұрсұлтан Әбішұлына әзілін айтып, шағын отырысты жандандырып жіберді. Нұрсұлтан Әбішұлы да өзін еркін ұстап, дастарханға қойылған дәмнен алып отырды. Сонымен бірге қасындағыларды да сөзге араластырып, реті келгенде қызықты әңгімелердің де тиегін ағытты. Сонда біз мемлекет басшысының ұлттық құндылықтарды, қазақи қасиеттерді, салт-дәстүрлерді бойына кеңінен сіңіргенін байқадық. Қайтар кезде Күнсұлу апамызға алғысын жаудырып, ризашылығын білдірді. Облыс, аудан басшылары белгілі бір тәртіптен, ережеден аса алмай тұрғанда Күнсұлу Шегебаева батылдық танытып, өзінің өжет мінезін тағы бір мәрте көрсете білгеніне бәріміз де алғыс айттық. Мұңдай іс-қимыл тек сол апамызға ғана жарасатын еді. Ер мінезді, ер көңілді Күнсұлу Бегімқұлқызының Кеңес Одағы тұсында облысты аралап жүрген Дінмұхамед Қонаев атамызды да қызылша алқабының басында қарсы алып, егіс алқабы қосынынан дәм татқызғаны да біздің есімізде. Ардақты апамыз ауданымыздың мақтанышы, бетке ұстар азаматшасы болды. Оның еңбектегі ерлігі, қоғамдық істердегі белсенділігі, ауылдың жағдайына алаңдайтындығы жастарға үлгі-өнеге бола білді.

Сол бір өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауданға алғаш рет ат басын тіреген Елбасымыз кейіннен қаншама рет Іле өңірінде болып, осы жердің жұмысымен кеңінен танысты. Бірақ, алғаш келгені менің есімде мәңгі жатталып қалды. Елін қалтқысыз сүйген Елбасы қашан да өз халқымен бірге келеді.

Біз сол үшін де мақтанамыз. Ұлт көшбасшысы Елбасымыздың 80 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Е. ТҰРЫМБЕТОВ,
аудандық қоғамдық Кеңес төрағасы,
Іле ауданының Құрметті азаматы

Басқа жаңалықтар

Back to top button