Алматы облысының жаңалықтарыБасты ақпаратДенсаулық

ИНФЕКЦИЯНЫҢ ЭПИДЕМИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ

Іле аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы коронавирустық жұқпасы (бұдан әрі — КВЖ) саласындағы эпидемиялық жағдай қауіп төндіріп түрғаны туралы мәлімдейді. КВЖ жағдайлары Алматы облысының барлық өңірлерінде бар, бірақ жұқтыру ең көп тіркелген елді-мекендердің ішінде Іле ауданы да бар. 2020 жылдың 01 шілдесіне ауданда КВЖ жұқтырғандардың жалпы саны 218 жағдайға жетті. Оның ішінде 86 жағдай коронавирусты жұқпаның клиникалық белгілері болса, қалған 132 жағдай клиникалық белгілері жоқ вирустасымалдаушылар арасында тіркелді. ҚР бас санитариялық дәрігерінің №43 Қаулысы бойынша клиникалық белгілері жоқ науқастардың саны көбейгендіктен барлық науқастар үй жағдайында қалдырылуда. Аудан бойынша тіркелген жұқпа ошақтарында толықтай эпидемияға қарсы шаралар, қорытынды дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Жақын қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Эпидемиологиялық тексеру және жүргізілген талдау барысында КВЖ жұқтырудың сақтық шаралары сақталмаған отбасылар, өндірістік кәсіпорындарының қызметкерлері мен еңбек ұжымдарында (мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, кеңселерде және т.б.) болғаны анықталды. Сонымен қатар, қазіргі таңда ЖРВЖ, тұмау, пневмониямен сырқаттанған науқастардың саны да артуда, бүгінгі күнге 208 пневмония сырқаттанушылығы тіркелген, барлығы орталық аурухана базасында құрылған провизорлық стационарға және Боралдай кенті аудандық ауруханасының базасында жатқызылған. Коронавирустық инфекциясының эпидемиялық жағдайының күрделенуінің себебі аудан бойынша тұрғындардың қоғамдық орындарға жиі баруы, дүкендерге, қоғамдық көліктерде бетперде тақпауы, 2,0 м әлеуметтік арақашықтықтың сақталмауы, қоғамдық орындарға баруы, көп адам шақырылатын отбасылық іс-шаралар өткізу сияқты алдын алуға шараларын сақтамау болып табылады. Коронавирусты жұқпаның алдын алуға және одан сақтануға бірнеше қарапайым сақтық шараларын орындау қажет:

-дене қызуын күніне мүмкіндігінше 2 рет өлшеу қажет;
— тұрғын үй жайларын тәулігіне 2 рет желдету;
— тұрғын үй жайларын ылғалды жинау кезінде дезинфекциялау заттарын қолдану қажет;
— жеке гигиенаны сақтау (жеке сүлгі, сабын, ұстара құралдарын пайдалану және т. б.);
— қолды сабынмен жуу (әжетханаға барған, қол алысқаннан, көшеден оралғаннан кейін, сондай ақ тамақ дайындаудан бұрын);
— қоғамдық орындарда жүргенде көз, мұрын және ауызға қол тигізбеңіз, өйткені лас қолдың жанасуы вирустың шырышты қабатқа түсуіне ықпал етеді;
— адамдар көп жиналатын жерлерге барғаннан және көшеден қайтқаннан кейін мұрын мен ауыз қуысын (мұрын-жұтқыншақ) әлсіз сода ерітіндісімен шаю;
— жөтелу және түшкіру кезінде ауызды бір рет қолданылатын майлықтармен немесе орамалмен жабу, содан кейін қолды сабынмен мұқият жуу немесе спирт ерітіндісімен немесе дезинфекциялық сулықтармен өңдеу қажет, содан кейін залалсыздандыру қажет;
— қоғамдық орындарда жөтеліп немесе түшкіріп жатқан адамдармен қарым-қатынас жасамауға тырысу, мүмкін болмаған жағдайда кемінде бір жарым-екі метр қашықтықта дистанцияны сақтау;

Қазақстан Республиқасында коронавирусты жұқпаның эпидемиологиялық ахуалының күрделенуі, күн сайын мыңдаған адамның жұқпаны жұқтыруы бұл сырқаттың қауіпті аурулардың қатарынан екенін сөзсіз білдіреді. Өз денсаулығымыз өзіміздің қолымызда, күнделікті жоғарда көрсетілген қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы өзімізді, отбасымызды коронавирусты жұқпадан аман сақтаймыз!!!

С. АРЫСТАН,
эпидемиологиялық қадағалау
бөлімінің бас маманы

Tags

Басқа жаңалықтар

Back to top button
Close