Аудан жаңалықтарыБоралдай кентіДенсаулық

ЖҰМЫС «ФИЛЬТРДЕН» БАСТАЛАДЫ

Боралдай кентіндегі аудандық аурухана елімізде жұқпалы дерт – коронавирус өршіп тұрған шақта өз жұмысын толықтай індетке қарсы күреске арнады. Мынандай қиын-қыстау кезеңде ауруханадағы барлық стоционарлық бөлімдерді тек провизорлық бөлімге ауыстырды. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан Республикасы Бас санитарлық дәрігердің №43 қаулысына сәйкес, Алматы облысы денсаулық сақтау бөлімінің №213-Н «Алматы облысы бойынша коронавирустық инфекциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту туралы» және Боралдай аудандық ауруханасы директорының «Эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, провизорлық төсектерді ашу, пневмония ауруының ауыр түрлерінің көбеюіне байланысты» бұйрығы негізінде аурухананы қайта бейіндеп, 125 орынды провизорлық бөлім және 5 орынды интенсивті терапия палатасы ашылды. Провизорлық бөлімдерге 6 дәрігер-терапевт, 20 орта буынды және 15 кіші буынды медициналық қызметкер тартылды. 5 орынды интенсивті терапия палатасына 1 жауапты реаниматолог дәрігері, 4 кезекші дәрігер, 7 орта буынды медициналық қызметкер жұмылдырылды.

Сонымен қатар ауруханада «Фильтр» ұйымдастырылып, оған 3 дәрігер, 6 орта буынды, 3 кіші буынды медициналық қызметкер тартылды.

Аурухананың жұмысы «фильтрден» басталады. Ол жерде ауруханаға тіркелген науқастардан бөлек Іле ауданы бойынша дене қызуы көтеріліп, жөтеліп, ауырып келген науқастарды қабылдап, қажетті тексеруден өткізіледі (клиникалық анализдер, COVID 19 вирусына ПТР анализі, кеуде қуысының рентгенографиясы, ЭКГ, УЗИ). Өкпенің зақымдану деңгейіне (жеңіл, орташа, ауыр) ауру анамнезіне, дене қызуына,сотурациясына, тыныс алу жиілігіне, жүрек соғысының жиілігіне, қан қысымына және қосымша сырқаттары бар-жоғы ескеріліп сұрыпталып, провизорлық бөлімшеге, жалпы жағдайы ауыр науқастар дереу интенсивті терапия палатасына жатқызылады.

Қазіргі таңда ауруханада 113 науқас, интенсивті терапия палатасында 5 науқас ем алуда. Бүгінгі таңда дәрі-дәрмек жеткілікті. Іле ауданының емдеу мекемелеріне тіркелген адамдардың барлығы тегін дәрі-дәрмекпен, тиісті ем-шарамен қамтамасыз етіледі. Ем алуға келген науқастардың жалпы жағдайлары алғашқы күндері ауыр болып келеді. Емдеу барысында 3-4 күннен кейін жағдайлары жақсарып, емнің оң нәтижелерінің белгілері пайда болады. Кейбір жағдайларда, өкінішке орай, өкпе қабынуымен қосымша сырқаттары бар науқастар, атап айтқанда онкологиялық, жүрек-қан тамыр, тыныс алу жүйесі ауыратын науқастар алғашқы 1-4 күн ішінде жүргізілген интенсивті емге қарамай қайтыс болып жатыр.

Өз уақыттарымен санаспай, науқастардың дұрыс емделуіне жағдай жасайтын білікті қызметкерлеріміз жеткілікті. Олардың қатарында Гүлсара Аққазинқызы Елемесова, Нағима Рахманәлиқызы Байназарова сынды дәрігерлер мен реаниматолог Ғабит Көпжасарұлы Айхожаны, Марал Нұрқадірова, Лидия Шпомер, Назым Серікхан сияқты медбикелерді мақтанышпен атауға болады.

Сол сияқты осы бір қиын кезеңде дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, науқастардың жағдайын жақсартуға атсалысып жүрген жаны жайсаң КазЦИК ауылының тұрғыны И. Ажикееваға алғыс айтқым келеді. Ол ауруханамызға «Оттегі концентрациясы» аппаратын алып берді.

Д. САДЫҚОВА,
Боралдай аудандық
ауруханасының бас дәрігі

Басқа жаңалықтар

Back to top button